Бірінші кезекте төтенше жағдай кезінде науқастарды қабылдайтын госпиталь жетіспеушілігі ірі орталықтарда байқалып жатты.
Дегенмен, ел Президентінің шұғыл тапсырмасымен Алматы, Шымкент қалаларында госпиталь құрылысы басталып кетті. Төтенше жағдай кезінде науқастарды қабылдайтын госпиталь тез құрастырылатын материалдардан тұрғызылмақ. Оған түгелдей отандық құрылыс өнімдері пайдаланылмақ. Тіпті 400-ге жуық жұмысшы жергілікті жерден тартылған. Елдегі ауыр жағдай кезінде қолға алынған құрылыс жұмысымен танысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов сала басшыларына карантин кезінде жұмысшыларды арнайы автобуспен тасымалдау, қауіпсіздік шараларын сақтау керектігін айтты.
Сондай-ақ карантин кезінде ауыр жүк көліктерінің тәулік бойы құрылыс заттарын тоқтаусыз жеткізу мәселесінде кедергі болмауын жүктеді.
Шаһарда салынып жатқан арнайы аурухана стационар, жансақтау сынды бірнеше бөліктен тұрады. Және онда медицина қызметкерлері жатып жұмыс істейтін жай салынып, оған қажет мамандар іріктеліп алынбақ.
Бұл ретте уақытша аурухананың жабдықталуы мен санитарлық-эпидемиялық жағдайы белгіленген нормативтерге толық сай болады. Мұндағы бүкіл ұйымдастыру жұмыстарын Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы үйлестірмек.
«Шымкентте құрылысы басталған 200 орындық модульдік инфекциялық госпиталь бірінші кезекте миллион тұрғыны бар қаламыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет. Осындай жедел шешім қабылдау арқылы бұл құрылыс COVID-19 пандемиясының өршуін тоқтату мақсатында іске асырылып жатыр. Модульдік госпиталь санитарлық-эпидемииялық талаптарға сай, қала құрылысы нормативтері мен архитектуралық заңнама толықтай сақталған. Бұл тұрғындарға қауіпті емес. Госпиталь инфекциялық аурулардың алдын алуды жақсартатын болады», дейді қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Амангелді Ергешбекұлы.
Анығында осыған дейін шаһардың қақ ортасында орналасқан тубдиспансер мен инфекциялық аурухана қала тұрғындарының біраз мазасын алып келген болатын. Ауа арқылы тез таралатын аурулардың жұғуына алаңдаған шымкенттіктер жергілікті билікке талай мәрте шағымданған еді.
Соңғы жылдары осы түйткілді шешу үшін қала әкімдігі Шымкенттің іргесінен денсаулық сақтау саласына арналған ғимарат тұрғызып, орталықта орын тепкен ауруханаларды қала іргесіне көшіретін болып келіскен-тұғын. Міне, сол созбалаңға салынып келе жатқан мәселенің нүктесі қойылатын күн де алыс емес. Бірінші кезекте, коронавирус пандемиясы да тізгінделеді. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласының орталығындағы әлемге әйгілі «Hilton» қонақүйі індетпен күресуші дәрігерлер мен вирус жұқтырғандарды емдеу үшін беріліп отыр. Күні ертең төтенше жағдай аяқталғаннан кейін қонақүй өз қызметін жалғастыра береді деген сөз. Демек, Шымкенттегі инфекциялық госпиталь карантин жағдайынан соң да қалада басы ауырып, балтыры сыздағандарға қызмет ете берері анық.