Руханият • 07 Сәуір, 2020

Пәлсапа – Бекзат сана

2320 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Осы күнге дейін философия деген ұғымды мейлінше қол­данып келдік. Ойлау мәде­ниетінің басқаша сапалық түрі бо­лады дегенге мән бермедік. Білім, ғылым саласы елімізде тек батыс өркениетінің негізінде қа­лыптасқандықтан, ойлау жү­йе­міз де философиялық ұғым­мен шек­телді. Философия негі­зінен Батыс Еу­ро­пада өріс алған ойлаудың түрі. Фи­лософия ту­ралы аңыз, әңгімелер көп. Со­ның бірі философия деген ойлау тәсілін грек Пифагорға қа­тыс­ты айтады. Әл­дебіреулер Пи­фа­гор­дан кімсің деп сұ­раған болуы керек. Сон­да Пифагор сәл ой­ланып: «Мен философпын», депті. Ол не деген сұраққа, былайша жауап берген көрінеді:

Пәлсапа – Бекзат сана

– Мен данышпан емеспін, бірақ даналықты сүйетін адаммын, – депті. Онысы грек­ше «фи­лео» – сүйемін, «софия» – да­налық деген сөздерден құ­ралған ұғым болып шықты. Тағы да сол философия туралы аңыз айтушылар Пифагор заманынан (570-490) бергіде ойлаудың біршама түрін философия деп атауды дәстүрге енгізсе керек. Біз күні бүгінге дейін философия пәнін осы­лай түсіндірудеміз. Ол замандарда ойлаудың өзге түрлері де болған. Олар­дың негізгілері: скептицизм, агностицизм, софистика, гностицизм, стоицизм, мета­физика. Бертін келе, схоластика деген мектеп қалыптасты. Әл-Кинди, әл-Фара­би заманында пәлсапа деген бекзат сана қалыптасты.

Философия туралы дәріс оқы­ғаны­мызда философияда екі үлкен бағыт болды дедік. Олар материализм және идеализм. Онымыз түбірімен қате екен. Мұндай қателесуді негіз деп, ілімге айнал­дырған Карл Маркс, Фридрих Эн­гельс, әсіресе Владимир Ленин болатын. Ма­­териализм деген Беркли заманында (1685-1753) қол­данысқа енген ұғым.

Ленин тап күресін философия тарихынан іздеген. Сөйтіп философиядағы партиялық деген далбаса түсінік енгізген. Ол философия екі мың жыл бұрын да партиялық болған, яғни Платон бағыты (идеалистер), Демокрит бағыты (материа­листер) деп кө­пе-көрнеу қате тұжырым жаса­ған. Сол қателіктің басында Фрид­рих Энгельс тұрғаны тарихи шындық. Ол фи­лософияның негізгі мәселесі ой­лау­дың бол­мысқа, рухтың табиғатқа, ма­те­рияның санаға қатысы деген. Бұл ғы­лымға жат тұжырым. Алай­да, осы қате, түсініктерді біз маркстік, лениндік философия пәнін оқытуда жүйелі түрде қолданып келдік. Философияның негізгі мәселесін қарастырғанда Жаратушы және жаратылыс деген ұғымдар сырт қалды. Әл-Кинди жаратылысқа қатысты бес мәселені талқылаған, олар: материя, форма, қозғалыс, мекен және уақыт. Осы ұғымдар арқылы өзгеріс және мәңгілік туралы Х ғасырда терең ойлар айтылған, кітаптар жазылған, шәкірттер оқытылған. Өзгеріс мәні – мәңгілік қозғалыста. Мәң­­гілік дегеніміз – өзгеріс, бірақ осы мәсе­лелерді талқылағанда, әл-Фарабидің, Ибн Синаның, Ибн Рушдтың мықты оппоненті болды. Ол – Имам Ғазали. Бұл ой­шыл кеңістік пен уақыт туралы мәселені түбірімен өзгеше қойды. Ол әлем­нің шексіздігі және уақыттың шексіздігі деген мәселеде өзгеше тоқ­тамға кел­ді. Имам Ғазалидің айтуынша, шексіз Алла тағала. Шексіздік Алла тағалаға тән. Жалғызыдық Алла тағалаға тән. Шек­сіз әлемді жаратушы Алла тағала кеңіс­тік жаратылған жаратылысқа қол­даны­латын өлшем. Шексіздік – Жаратушы. Жаратылыстың шегі бар деген. Ғылым сол жаратылыстың шегіне дейін зерт­теуге мүмкіндіктері толық. Шек­сіздік ғылым объектісі емес. Осы мәсе­леде пәлсапа өкілдерімен Имам Ғаза­лидің арасында терең мағыналы пікір-таластар болған. Ол бөлек тақырып.

 * * *

Ойлаудың жоғарыда аталған тарихи барша түрлерін бір-ақ жүйеге салып, бәрін философия дедік. Онымыз қате екен. Қателіктің ең басты діңгегі мынада. Философиялық ойлау жүйесінде жаратылыс ту­ралы айтылады, бірақ Жара­тушы туралы сөз жоқ. Фило­софия ойлау жүйесінің түрі ретінде теологиялық ойлау жү­йе­сімен қарама-қайшы. Тео­логия – («теос» – Құдай, «логос») Құдай туралы ілім. Ал пәл­­сапада мұндай қайшылық жоқ. Әбу Насыр әл-Фараби дін­ді білім деп қарастырған. Ен­ді салыстырыңыз, Әбу Насыр әл-Фараби дінді білім дейді. Ал Карл Маркс дінді апиин, яғни у дейді. Әбу Насыр әл-Фараби Жа­ратушы таза ой, оны тек таза ой арқылы тануға мүмкіндік ашылады, демек таза ойлау жүйесін жасауымыз қажет деп түйін жа­сап, пәлсапа деген бекзат са­на қалыптастырған. Ағыл­шын ға­лымы, замандасымыз Карен Армстронг пәлсапаның негізін қалаушы түрік Әбу Насыр әл-Фараби дейді. Шын сөз. Ендігі жерде айтарымыз, философия пәнін дәріс ретінде оқығанда, неге пәлсапаны ескер­медік?! Себебі қайталап айтамын, философия дінді білім, не білімдер жүйесі деп қарастырмай, дінді ғылыми сана қатарына қоспаған. Философияны пән ретінде оқытқанда, біз айтатынбыз, діни дүниетаным, мифтік дүниетаным және ғылыми дүниетаным, ол – диалектикалық материализм дейді.

Біз Кеңес өкіметі жылдары және бүгінге дейін диалек­тикалық мете­риализмді насихат­тайтын философия­ны пән ретін­де оқытып келеміз. Заман өз­герді, социа­лизм келмеске кет­ті. Партия көсемдері Маркс, Ле­нин, Ста­лин ескерткіштері алын­ды, олардың есімдерімен аталған көшелер өзгертілді. Бірақ диалектикалық материализмнің ызғары әлі сақталуда.

Тәуелсіз елдің тәуелсіз ойлау жүйесіне реформа керек. Көрші өзбек еліндегі кафе­дралардың аты «Фалсафа және ұлт­тық идея» деп өзгертілген. Біздегі фило­софия кафедраларының атауы сол баяғы қаз қалпында. Не­ге дейсіздер ғой, кезінде қар­қынды түрде даярланған «ба­за­лық білімдері» тек Гегель, Кант, Маркс, Ле­ниндерді оқып, үйренумен болған, со­ның нәти­жесінде саналары сіресіп, ескі ой­лау жүйесінде қалыптасқан кадрлар әлі де жоғарғы оқу орындарында қызмет етуде.

 * * *

Басылым беттерін, оқулық­тарды, ғылыми кітаптарды оқып отырсақ, философия деген сөзді оңды, солды мән-мағынасын түсінбей қолдана берушілік аңға­рылады. Мысалы, ислам философия­сы, араб философиясы дейді. Қалайша араб, ислам философиясы болмақ? Дінге қарсы ілім арқылы қалай біз ислам философиясын таразыламақпыз. Сонымен бірге түркі, қазақ философиясы дейміз. Бұл да орынды айтылған сөздер емес. Қазақ философиясы деу, уақытында айтылған, амалсыз сөз тіркесі. Кезінде біз қазақ философиясы деп айтуға зар болдық. Шынын қуалап келсек, қазақ философиясы жоқ, қазақтың пәлсапасы бар, себебі қазақ халқы ешқашан дінсіз болмаған. Қазақтар дінді білім деп қабылдаған. Үлкен­дер бата бергенде «Молда бол, қарағым!» дейтін. Сонда олардың айтпағы, кәсіби молда емес, білімді бол дегені.

 * * *

Биыл елімізде ірі рухани ізденістер жылы болуда. Ол пәл­сапаның негізін қалаған Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жыл­­дығы және Абайдың туға­нына 175 жыл мерейтойлары сана­мызға сілкініс беретін аса маңызды рухани шаралар деген ойдамын. Бұл мерейтойлар тек іс-шаралар үшін емес, ойға ой қосатын, ақылымызды сабырға түсіретін, парасаттылықты қа­жет ететін айтулы оқиғалар. Сондықтан дінді білім қатарына қоспаған «философия» деген Батыс Еуропалық ойлау фе­но­менінің орнына Х ғасырдан бастап, өңірімізге әбден сіңісті болған Әбу Насыр әл-Фараби негізін қалаған пәлсапа деген бекзат сананы заманымызға сай, аса қажетті мағыналы, мәнді ұғымдарын сұрыптап, реттеп тәуелсіз жастардың түй­сік, сезім, саналарына азық етіп берсек, неден ұтылмақпыз?!

Тәуелсіз ел өзінің білім жү­йесіндегі, әсіресе гума­ни­тар­лық пәндерге қатысты еш­қай­да жалтақтамай, халқы­мыздың табиғатына, болмысына сай, білімдер жүйесін қа­лыпт­астырып, (әрине әлемдік ғылымдағы жетістіктерді ескере отырып), жаңа гуманитарлық білімдер жүйесін ретке келтіріп, тың классификаторлар жасауымыз аса қажет. Бұл мәселеде біз айтарлықтай мерзімге кешігіп қалдық, ендігі жерде одан әрі осы қалыпта қалсақ, біз келешек жастардың обалына қалмақпыз. Шәкәрім қажы «жастардың қал­малық обалына» деген еді. Ке­ңес заманында біз жас болдық, бірақ біздің обалымызға ілгері, үлкендер, дәріс беру­шілер қалды. Қате оқытты, теріс тәрбие­леді. Тәуелсіз ойды басып, жаныштап отырды. Ендігі жерде мемлекет тәуел­сіз болғандықтан, жастардың обалына қалғанымыз қалай болмақ?!

 * * *

Пәлсапа бекзат сана, себебі бұл санадан адамзаттың асыл сезімі дін ажыратылмаған – дінсіз ел, дінсіз қоғам болмақ емес. Біз дінсіз қоғамнан тәуелсіз елге ендік. Кеңестер одағы атеис­тік қоғам болды. Одан әрі­ де социалистік мемлекеттер социалистік лагерь құрып, дүниежүзінің тең жартысын иемденіп, дінсіз қоғамдар қауым­дастығын орнатты. Таң тамаша қаламын. Менің өмірімде, көз алдымда, дінсіз қоғам кеңестер ода­ғы және социалистік лагерь – шамалы мерзімде. Дінмен ойнауға болмайды екен. Діннің діні бар. Шәкәрім қажы айтады, «нағыз Құдай шын Құдай» деп. Хакім Абай адамзаттың бес дұшпанын анықтап берген. Олар: өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ. Өтірік туралы айтсақ, социалистік қоғам нағыз өтірік қоғам болды. Ком­мунистік ілім – өтіріктің ілімі. Бізге өтірік дәрістер оқыды. Сол кездегі «Правда» деген өті­рікті насихаттайтын басылым еді. Енді шындықтың таңы атты. Сонда, шын дегеніміз не? Өтірік дегеніміз не? Осылардың нендей айырмашылықтары бар екенін анықтау, қазіргі күннің басты мәселесі. Шындық орнына өтірік жайлап алып, билік жүргізуде. Шыншылдардың жағдайы қиын. Міне, осы тұста шыншыл азаматтар­ды тәрбиелеу мақсатында, олардың ойлау жүйесін тазарту мақсатында бекзат сана –  пәлсапаның орны ерекше.

 * * *

Ендігі сөз пәлсапаға қатысты араб тілінің қазақ қоғамындағы орны туралы. Қазақ халқы сірә, Құран кәрімнен ажырамайды және ислам дінін ешқашан мансұқ етпейді деген пікірдемін. Егер қазақ халқы мұсылмандық кеңістікте қалып, Құран кәрімді «Кітаптардың Кітабы» деген пәлсапалық ұғымда болса, мектеп жасындағы жастардың оқу кестесіне араб тілін енгізуіміз қажет. Неге дейсіз ғой?! Бұл жер­де келешек туралы ойлансақ, қа­зіргі қазақ қауымындағы «орыс тілділер» және «қазақ тілділер» деп бөлінетін жік елдің бірлік, ынтымағына залалын тигізуде. Мұны мойындамасқа болмайды. Осы мәселенің ұшар басында елді билеушілердің надандығынан немесе қорқақ­тығынан, орыс тілділер және қазақ тілділер болып қоғам екіге бөлінді. Сол заманда осындай жікке бөлінбеудің амалдарын кім іздестірді? Кімдер осы мәселенің қазақ қоғамына кесел болатынын ойлады. Иә, ойлағандар болды. Олар бір, екілер еді. Интеллигенция деп ата­латын қауым бұл мәселеге міз бақпады. Соның зардаптарын қазір шегудеміз. Дәл осын­дай жағдай отыз, қырық жыл­дың ішінде «араб тілділер» және «араб тілін білмейтіндер» арасында орнығатынына шүбә келтірмеймін. Себебі Құранынан, дінінен айырылмаған қазақ ортақ құндылыққа келгенде қаққа жарылады. Дін жағындағы азаматтар, араб тілін білмегендері үшін, өзінің замандастарын айыптайды, себебі бұл кездерде әлемде оның рухани дүниесінде араб тілінің салмағы күннен күнге өсе береді. Бұл да шындық. Араб тіліндегі «ұлтшылдық» ай­қын көрініс береді. Осындай жағ­дай қазақ қауымында орын алмауы үшін, жастарымызды діншілдердің алдына жығып бермеуіміз үшін, міндетті түрде, мектептерге араб тілін енгізуіміз аса қажет. Орыс тілі, ағылшын тілі өзінің инерцияларына ие болған тілдер. Олар үшін қам жеу­дің қажеті жоқ. Ағылшын тілін білу – қажеттілік, демек оны оқып, үйрену де қажеттілік. Қажет­тілік деген өз дегенін жа­сатпай қоймайды. Ал орыс тілі­нің инерциясы біразға дейін барады, содан кейін бірте-бірте сөне бастауы да түсінікті жағдай. Себебі жақсы қазақтар ана тілін, араб тілін, ағылшын тілін тағы басқа бір-екі тілді, мүмкін, орыс, испан қытай тілдерін игеріп алады. Қазір араб тілінің қажеттілігін қоғам, билік қаперлеріне алмауда. Бұл бүгінгі күннің әңгімесі, ертеңгі күні жағдай басқаша болмақ.

Пәлсапа дегенде біз араб тілін бірге атауымыз керек. Осы жағдайларға орай, менің нақты ұсынысым бар, ол қазіргі филосо­фия мамандарын даярлаудың орнына Білім және ғылым министрлігі жаңа классификация енгізуі керек, ол мамандықтың атауы – «ПӘЛСАПА ЖӘНЕ АРАБ ТІЛІ».

Пәлсапа пәнінде қарасты­ратын мәселе­лер әл-Фарабиден хакім Абайға дейінгі он ғасырлық мәдени-тарихи тәжірибеде сұ­рып­талған ұғымдар туралы жә­не қазіргі түсініктерді қо­са айтқанда, сіздердің на­зар­­ла­рыңызға төмендегідей пәлсапа пәні­нің құрылымын ұсынып, кеңестер күтеміз.

  1. Пәлсапаға кіріспе. Қарас­тыратын мәселелер: Пәлсапа – зия­лы қауым санасы. Сөз. Ой мәдениеті. Ниет. Ойлаудың тарихи түрлері: скептицизм, агностицизм, софистика, гностицизм, стоицизм, схолас­тика, метафизика, пәлсапа, философия. Логика. Қисын. Метафора. Даналық. Дін және даналық. Жарастық (гармония). Шеберлік. Түсінік. Ұғым.

Осы мәселелердің қазіргі заман­дағы мәнісі.

  1. Жаратушы және жаратылыс. Қарастыратын мәселелер: Жаратушы. Жаратылыс. Өзгеріс. Мәңгілік. Бұл ұғымдар туралы миф (хаос), аңыздардағы, діни кітаптардағы (Забур, Таурат, Ін­жіл, Құран) түсінік. Пирамида туралы білім. Әл-Кинди «Бес мән» (материя, форма, қозғалыс, ме­кен, уақыт). Әл-Фараби «Мә­селелер мәні». Білім мен діннің бірлігі.

Осы мәселелердің қазіргі заман­дағы мәнісі.

  1. Адам, ақыл және сенім. Қарас­тыратын мәселелер: Адам туралы ұғым. Ғайып. Қабілет жә­не қасиет. Адам және Адамзат тарихы. Адамзат болмысы: тән жүйесі, жан жүйесі, нәпсі жүйесі, ақыл жүйесі, көңіл жүйесі, рух жүйесі, ар жүйе­сі, тылсым жүйесі. Кісі. Кісімсіну. Ақыл. Қа­білет. Қасиет. Зейін. Зерде. Пара­сат. Дана­лық. Ойшылдық. Сенім. Сенімнің түрлері. Шәкәрімнің «Пайғамбар Мұса жолықса» деген өлеңіндегі Мұса, Дәуіт, Зара­туштра, Будда, Ғайса, Мұхаммед туралы пікірлері.

Осы мәселелердің қазіргі замандағы мәнісі

  1. Түйсік, сезім, сана. Қарас­тыратын мәселелер: Материя. Түй­сік. Сезім. Сана. Рух. Әу­лиелік. Бақсылық. Шайтан. Періш­те т.б. рухани көріністер. Шә­кәрім «Үш анығындағы» пәлсапа мәселелері.

Осы мәселелердің қазіргі за­мандағы мәнісі

  1. Дүние. Қарастыратын мә­селелер: Дүниетаным. Хикмет. Уақыт және Дүние. Уақыт және кеңістік. Уақыт және мәңгілік. Уа­қыт және ғарыш. Уақыт пен кеңістіктің бірлігі. Жалған дүние. Бақи дүние. Жұмақ. Тамұқ. Ақырзаман. Бақ. Бақыт. Құт.

Осы мәселелердің қазіргі за­мандағы мәнісі.

  1. Қала пәлсапасы. Қараст­ыратын мәселелер: Қала туралы ұғым. Қала, мәде­ни орта. Қа­ла туралы әл-Фарабидің айтқаны. Ибн-Бадждың төрт қала туралы концепциясы: тән қала­сы, безендірілген қала, қиял қаласы, ес қаласы. Қала және кәме­лет­тілік. Мегаполис. Қаланың кә­мелеттілігіне ынта. Жалғыздық мәселесі.

Осы мәселелердің қазіргі за­мандағы мәнісі.

  1. Әдебиет пен өнер пәл­сапасы. Қарастыратын мәселелер: Аристотельдің «Поэтика» деген еңбегі. Катарсис. Ми­месис. Ме­тафора. Араб поэзиясы. Пар­сы поэзиясы. Гете. Михаил Лер­­монтов. Лев Толстой. Сер­ван­тес «Дон Кихот». «Мың бір түн» хикаялары. Мұхтар Әуе­зов «Абай жолы». Эпос, дас­тан­­дар. Мұхаммед Хайдар Ду­лати «Тарих-и Рашиди» еңбегі бойынша суретші Бекзаттың шы­ғармашылығы.

Осы мәселелердің қазіргі замандағы мәнісі

  1. Пәлсапа тарихы. Қарасты­ратын мәселелер: Пәлсапаның өкілдері: Әл-Кинди «Таза аға­йындар (Ихван ас-сафа)», әл-Фараби, Ибн Сина «Ақыл иесі жан туралы», Аттар «Бұлбұл-наме», Әл-Ғазали «Адасудан ары­лдырушы», Ибн Бадж, Ибн Туфейл, Ибн Рушд «Жоққа шығаруды жоққа шығару», Ибн Ара­би, Қожа Ахмет Иассауи, Жү­сіп Баласағұн, Махмұд Қаш­ғари, Сулеймен Бақырғани, Ибн Хал­дун «Хай Якзанұлы» туралы роман.

Осы мәселелердің қазіргі заман­дағы мәнісі.

  1. Философияға және маркс­тік, лениндік философияға сын. Қарас­тыратын мәселелер: Фи­лософияның тари­хы. Фило­со­фия – Батыс еуропалық ойлау жүйесі. Философия – атеистік білім жүйесі. Огюст Конт фило­софияның дағдарысы туралы. Позитивизм және прагматизм. Маркс­тік философияға сын. Фило­софия – пролетариаттың қаруы. Фридрих Энгельстың «Люд­виг Фейербах және неміс классикалық философиясының ақыры» деген еңбегі. Неміс клас­сика­лық философиясы, Энгельс­тің пікірі. Фи­лосо­фияның ақыры дегенде Энгельстың пікірі.

Кеңес заманында жаңа философия жасау әрекеті. Владимир Лениннің «Марксизмнің үш негі­зі және үш құрамдас бөлімі» деген мақаласы. Маркстік фило­­со­фияның теориялық негізі неміс классикалық философия­сы деген тұжырым және оның советтік идеологиядағы ат­қар­ған қызметі. Даму және диалек­тикаға сын. Социалистік лагерь елдерінде маркстік-ленин­дік философияның жаппай оқу үрдісі.  Сталиннің «Диа­лектикалық және тарихи материализм» деген мақаласы. Фи­лософияның мазмұнын тереңдету мақсатындағы әрекеттер: ленин­дік бейнелеу теориясы және диалектика, таным теориясы, логика үшеуін бір сөзбен ай­ту деген тәсіл. Философияны бар­лық ғылымдардың методоло­гиясы деп жариялау. Лениннің философияның партиялығы туралы пікірі. Кеңестік замандағы материализм мен идеализмнің бір-біріне қарсы ілімдер екені туралы негізсіз тұжы­рымдар. Лениннің «Диа­лектика марксизм­нің жа­ны» деген қағидасы коммунистік партияның негізгі ұстанымы болғаны туралы. Маркс­тік-ле­ниндік философия ком­пар­тия­ның қызметшісі болған – апо­­логетика. Маркстік-лениндік фило­софияның дағдарысы. Тәуелсіз, егеменді елде маркстік-лениндік философияның қызмет етуінің мәнсіздігі.

Осы мәселелердің қазіргі замандағы мәнісі

  1. Қазіргі заман пәлсапасы. Қарас­тыратын мәселелер: Қазіргі заман. Тәуел­сіздік. Тәуелсіз ойлау. Адасушылық (әлемдік деңгейде). Шыңғыс Айтматовтың шығармалары негізінде адам дағдарысы, жөн табу, жол табу, бағыт анықтау, адасу­шылық.

Ойлау мәдениетін Әбу Насыр әл-Фарабидің пәлсапасынан бастап, ХХІ ғасырдағы Абай­дың хакімдігіне дейінгі мәде­ни-тарихи кеңістікті, заман уа­қытын жастарға жүйелі түр­де жеткізу және оларды жа­ңаша, инновациялық ой­лау­ға дағдыландыру, соның нәти­жесінде жақсы қазақтарды тәрбиелеп өсіру.

Білім мен діннің табиғи бірлігін саралау. Білімсіз дін қауіп­ті. Дінсіз білім негізсіз. Осы әл-Фарабидің постулатын егеменді елдің ойлау мәдение­тінің алтын қазығына айналдыру.

Осы мәселелердің қазіргі замандағы мәнісі.

 * * *

Жағдай осылай болса, неліктен жоғарғы оқу орындарында, философия пә­нінің орнына пәлсапаны жүргізбеске. Оған қандай бөгеттер бар? Негізінде тәуелсіз елде бұған ешқандай бөгет болмауы керек еді, бірақ бөгеттер бар. Ол ескіше ойлаушы, Карл Марксті жақтаушы, Батыс Еуропаның классикалық философиясын жақтаушы, дінге қарсы, кеңес заманында ой-саналары қалыптасып қалған кадрлар тобы.

P.S. Жаңа кадрлар тобын тәрбиелеп, қалыптастыра отырып, билік тар­мақ­тарына дейін өсіруіміз қажет. Сол кезде қоғам­дағы ескі жүйе де күйреп, Тәуелсіз елдің тәуелсіз ойшылдары қалып­таспақ.

 

Ғарифолла ЕСІМ,

академик, жазушы