Саясат • 07 Сәуір, 2020

Көмек алу оңтайландырылады

1315 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазір әлеуметтік желіде әлеуметті толғандырған тақырыптардың бірі – 42 500 теңгенің «жыры». Біреу қалай аламын десе, біреулер қашан аламын деп әуре болып жүр. Оны кімдер алады, алу жолдары қандай? Осы және өзге де мәселе төңірегінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Көмек алу оңтайландырылады

Жиын барысында министр соңғы үш күнде 42 500 теңгені алу үшін 1,2 млн өтініш түскенін айтты.

«Мемлекеттік сақтандыру қорынан төленетін 42 500 теңге – ресми және бейресми жұмыс істеп жүрген, бірақ төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылған адамдар үшін қарастырылған төлем. Бұл – көмектің бір түрі ғана. Зейнетақы, жәрдемақы уақтылы төленуде. Ай сайын 300 млрд теңгеге дейін төленуде. Бұл индекстеледі. Кәсіпкер азаматтарға Үкімет тара­пынан салық, несие, ком­муналдық шығындарды төлеу мерзімін кейінге шегеруге қатысты көптеген жеңілдік қа­рас­­тырылып жатыр. Аз қам­тыл­ған, көп балалы отбасылар, мүгедек жандар жасына, санатына қарамастан, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар, ресми жұмыссыз ретінде тіркелген адамдарға бюджеттің есебінен, «Biz bіrgemiz» қорының есебінен және еліміздегі патриот азаматтардың атынан азық-түлік топтамалары және ақшалай көмек көрсетіліп жатыр. Жұмыссыз қалған азаматтарға осы сақтандыру қорынан бөлек жұмысынан айырылған жағдайда берілетін төлем бар. Мемлекеттік сақтандыру қорынан төленетін төлемге өтініш қабылдайтын egov.kz және 42500.enbek.kz порталы жұмыс істеп тұр. Соңғы үш күнде 42500.enbek.kz порталына 1 284 000 өтініш келіп түсті. Қазіргі уақытта электронды қолтаңба қолдану қажеттігі жоқ. Оны SMS арқылы келетін парольмен растауға болады. Телеграм-бот бүгін іске қосылды. Оның кешіккен себебі – алаяқ адамдар фейк телеграм-боттарды жариялап, халықты жаңылыстырды», деді Б.Нұрымбетов.

Сонымен қатар министр бейресми жұмыс істеп келгендер 42 500 теңгені қалай алатынын түсіндірді.

«42 500 теңге ресми, бейресми жұмыс істеп жүрген, бірақ төтенше жағдай салдарынан табысынан айырылған азаматтарға қарастырылған. Олар – жалдамалы қызметкерлер, шағын және орта бизнестің жұмыскерлері. Егер жалдамалы қызметкерлер мәжбүрлі түрде, ақысы төленбейтін еңбек демалысына жіберілсе немесе жұмыстан шығып қалса, аталған төлемді алуына болады. Қашықтан жұмыс істейтін адамдар бұл төлемді ала алмайды. Жалдамалы қызметшілер қатарына коммерциялық емес ұйымдардың да жұмысшылары кіреді. Олар ақысыз демалысқа жіберілген болса, аталған төлемді ала алады. Мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік ұйымдарға бұл төлем берілмейді. Әлеуметтік төлем берілетін келесі топ – өз бетімен жұмыс істеп жүрген жеке тұлғалар. Олардың арасында ресми және бейресми жұмыспен айналысып жүргендер бар. Ресми жұмыс істеп жүргендер – жеке кәсіпкерлер, адвокат, нотариус, сот орындаушысы мен медиатор, фрилансер сияқты жеке практикамен айналысып жүргендер. Олар төтенше жағдайға дейін тиісті әлеуметтік жарна аударған болса, өтініш беруіне болады. Олардың қатарына төтенше жағдайға дейін бірыңғай жинақтық төлемді аударған адамдар да жатады. Бейресми жұмыс істеп жүргендер – ешқашан еңбек шартын жасамаған, салық төлемеген, әлеуметтік төлем төлемеген, тіпті бірыңғай жинақтық төлемді де төлемеген адамдар. Мемлекет басшысы осындай адамдарға да 42 500 теңге төлену керек екенін, бірақ бұл үшін алдымен бір рет мәртебесін ресімдеу керек екенін айтты. Мәртебені бір рет ресімдеу деген – бірыңғай жинақтық төлемді төлеу. Оны бір рет төлесеңіздер, 42 500 теңгені ай сайын аласыздар. Бейресми жұмыс істеп жүргендер БЖТ-ны төлегеннен кейін келесі күні аталған портал арқылы өтініш бере алады. Бірыңғай жинақтық төлем төлей салсам, ресми жұмыс істемей жүрген адам ретінде 42 500 теңге бере салатын шығар деп ойлайтын азаматтарға айтарым: егер сіз қазір жұмыс істеп жүрсеңіз немесе жеке кәсіпкер болсаңыз, басқа әлеуметтік төлемдер алып жүрсеңіз, 42 500 теңге аламын деген ойыңыз дұрыс емес. Декреттегі әйелдерге аталған төлем беріле ме деген сұраққа жауап беріп өтсем, оларға бала күтімі үшін бала бір жасқа толғанша мемлекет тарапынан жәрдемақы төленеді. Бір жыл асқаннан кейін олар жұмысқа шығар еді, бірақ төтенше жағ­дайға байланысты ешкімді жұ­мысқа алмайды. Сондықтан декретте отырған аналар бір жыл өткеннен кейін бірыңғай жи­нақтық төлемді төлеп, 42 500 теңгеден үміттенуіне болады», деді ол.

Б.Нұрымбетов 1 млн теңгеден астам табысы бар азаматтар да 42500 теңге алу үшін өтініш бергенін тілге тиек етті. 

«Бүгінгі таңда 938 мың адамнан 1 284 000 өтініш түсіп отырғанын айттық. Демек, бір адам бірнеше рет өтініш беріп отыр. Мүмкін қателесіп, жаңылысып жіберген боларсыздар. Бірақ «2-3 рет өтініш берсем, 42 500 теңгені 2-3 рет алам» деп ойласаңыз – қателесесіз. Ақпараттық жүйе оның бәрін тексеріп, реттеп алады. Өтініш берген кезде порталдың астыңғы жағында «Мен жұмыс істеп жүріп, төтенше жағдайға қатысты табысымнан айырылғанымды растаймын және өзіме жауапкершілікті аламын» деген сөз бар. Сіз ол жолдарды оқыдыңыз, ол біз сізге сендік дегенді білдіреді. Мұны не үшін айтып отырмыз? Бұл төлемді соған мұқтаж адамдар алса деген ниетіміз бар. Жұма, сенбі күндері алғашқы 412 мың адамнан өтініш қабылдаған кезде біз тексеріс жасап көрдік. 1873 адам өтініш берген, бірақ ақпараттық жүйе арқылы тексеріп едік, олар қаңтар, ақпан, наурыз айларында орта есеппен 500 мың – 1 млн теңгеден астам табыс алған азаматтар екені анықталды. Бұл – дұрыс емес, сіздерге 42 500 теңге төленбейді. Айта кететін тағы бір жайт, 42 500 теңге алу үшін жеке кәсіпкерлік ашып қойған, жұмысы бар азаматтар да бар. Олар қазір жұмыс істеп жатыр және жалақысын да алып жүр. Бірақ жеке кәсіпкерлік арқылы аталған төлемді алғысы келеді. Бұлай ету – дұрыс емес. Олардың жалақы алып жатқаны туралы мәлімет біздің ақпараттық жүйеде бар. Ондай өтініштер қабылданбайды және мұндай әрекетке бармағандарыңыз дұрыс», деді министр.

Сонымен қатар ол өтініш бергендердің ішінде өмірінде ешқашан банкте есепшот ашпаған адамдар барын алға тартты. Иә, өтініш толтырған кезде есепшотты көрсетуі керек, бірақ өтініш жіберіп үлгермей қалмас үшін есепшот ашу мақсатында банк­терге жүгінген жұртты көрдік.

«Осыған байланысты 1-2 күнде мынадай өзгеріс енгіземіз: өтініш берген кезде банкте шотыңыз болмаса, шотты көрсететін жерге ештеңе көрсетпейсіз. Талапқа сай болған жағдайда сізге 42 500 теңге тағайындап, сіз есепшот аш­қанша 1 ай күтеміз. Есеп­шотты ашқаннан кейін сізге тө­лемді аударамыз. Өтінішіңізді жі­беріп қойып, есепшотыңызды асықпай алуға болатын жағдай қарастырып жатырмыз. Бұл 1-2 күнде шешіледі. Барлық банкке айтарымыз, осындай қиын кезеңде біз секілді халықтың өтінішін бір терезеден – қашықтан қабылдап, олардың мәліметтерін алып, есепшотын енгізіп, карточкасын әзірлеп, үйіне жеткізіп беруге болады. Қазір Қазпошта да, Халық банкі де осы жұмыспен айналысып жатыр. Басқа банктерді де бізбен бірлесіп, халыққа көмектесу мақсатында осындай әрекет жасауға шақырамын», деді Б.Нұрымбетов.