Қоғам • 07 Сәуір, 2020

Зімбір һəм арақпен емделу - инфодемияның алғашқы белгілері

556 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Басқасын қайдам, бірақ коронавирус шыққалы бері алып-сатарлардың қоржындары əжептəуір толғаны анық. Дəріханаларда бетперде мен антисептикке сұраныс артып, ұзын-сонар кезек пайда болды. Бетперде былай тұрсын, сауда орындарында халық зімбір тамырын жаппай сатып алуды бастады. «Артықшылығы сол, өсімдіктің бұл түрі жұқпалы вирусты өлтіріп, аурудан құлан таза айығуға септседі» деген қауесет ғаламторда желдей есті. Бұған иланбаған адам кемде-кем. Нəтижесінде аталған өсімдіктің бағасы екі-үш есеге шарықтап, қолдан жасалған қымбатшылық белден қысты. Ол аз болғандай, Иранда 200-дей адам алкагольдік ішімдіктен уланып, көз жұмды. Марқұм болғандар ащы су сырқатты емдеуге көмектеседі деп ойласа керек. Нақтысын айтқанда, жалған кеңес адамдарды сондай қадамға баруға итермеледі. Бұл жағдай ақпараттық қауіпсіздік мəселесінің маңыздылығын, сондай-ақ инфодемияның салдары қандай болатынын көрсетті.

Зімбір һəм арақпен емделу - инфодемияның алғашқы белгілері

Биліктің транспоренттілігі қашан да маңызды

Қоғамда резонанс туындағанда оның қауесетпен сүйемелделетіні қалыпты құбылыс. Алайда кез келген қауесеттің соңы жақсылыққа апармайтыны əлімсақтан мəлім. Əсіресе бүгінгі технологиялық дəуірде бұл мəселенің өзектілігі өткір тұр. Айталық, «Араб көктемі» жəне түрлі-түсті төңкерістердің тұтануына əлеуметтік желі ықпал еткені баршаға аян. Дүние жүзінде қалыптасқан қазіргі дүрбелеңнен де пайда тапқысы келетіндер аз емес. Өкініштісі сол, қаңку сөзге сеніп, дүрмекке ерген халықтың қарасы қалың. Эпидемияның алғашқы күндерінде бұл айқын білінді. Жағымсыз үрдіске төтеп берудің жолы - ақпараттық иммунитетті нығайтып, сауықтыру жұмыстарын кешенді түрде іске асыру. Бұл нені білдіреді? Атап айтсақ, түрлі мессенджерлер мен ақпараттық платформаларда туындаған кез келген проблемаға салалық ведомстволар дер кезінде жауап беруге дағдылану керек. Яғни уəкілетті органдар қауырт режімде жұмысты жолға қоюуы тиіс. Осы керектер біздің үғымымыздағы өркениетті Батыс елдерінде қалай жүзеге асырылуда? Соған үңіліп көрейік. Мəселен, Францияда күн сайын жерглікті телеарналардан президент, премьер-министр жəне денсаулық сақтау министрі шығып, елдегі ахуалды бағамдаумен қатар атқарылатын жоспарлар мен міндеттерді баяндайды. Ұзақ жылдан бері Францияда тұрып келе жатқан қандасымыз, экономист Берлин Иришевтің айтуынша, ел басшылары күнделікті жағдайды түсіндіріп, қосымша қанша медицина қызметкерлері жұмылдырылатынын, госпитальдердегі дəрі-дəрмек пен керек-жарақ жайлы ақпараттандырып, қоғаммен байланысты мейлінше ұстауға күш салады.

«1,5 млрд медициналық бетпердені сатып алу бойынша келісімшарт жасалды.100% алдын ала төлем аударылды. Пежо жəне Ситроен сынды ірі компаниялар өкпені жасанды тыныстандыру қондырғылары жəне респираторларды шығаруға ден қойды. Күн сайын Францияның бас санитарлық дəрігері 30 минуттың көлемінде елдегі жəне əлемдегі статистиканы баяндайды. Сосын 15 минуттың ішінде БАҚ өкілдерінен түсетін сұрақтарға жауап береді. Сол секілді ақпараттық телеарналардан сарапшылардың, ғалымдар мен саяси партия өкілдерінің қатысуымен тақырыпқа қатысты дебат форматындағы бағдарламалар ұйымдастырылады. Кеше 3 сағат 20 минуттың көлемінде үкімет басшысы жəне денсаулық сақтау министрі тікелей эфирде Парламентте жағдайды түсіндірді. Депуттар мен БАҚ онлайн тəртіпте жұмыс істеді. Кейбір арналар сол жерден үкіметтің əрекетіне бағасын беріп жатты. Яғни ел билігінің транспоренттілігі іспен дəлелденді. Мұндай акциялардың мақсаты - қолға алынған шаралардың дұрыстығына халықты көндіру. Күйзеліс пен психозға жол бермеу. Жіберілген олқылықты мойындап, дағдарыс кезінде халықтың сеніміне селкеу түсірмей алып-қашпа əңгімелердің таралуын алдын алу»,- деп əлеуметтік желіде ойымен бөлісті Б. Иришев.

Беларустар «Батькаға» сенім артады

Психоз демекші, Беларуссияның президенті Александр Лукашенко əлем елдері ұқсап, мемлекеттік шекераны жаппақ түгіл елде карантин жариялауға асығар емес. Ол пандемияға бола текке даурығып, үрейге түсудің қажеті жоқ деп есептейді. Беларуссия басшысы "Коронапсихоз» үшін мемлекетті дағдарысқа ұшыратуға болмайтынын айтады.

«Осы коронавирустық психоз бен инфодемия арқылы алпауыт мемлекеттер əлемді бөліп алуды көздейді деп ойламайсыздар ма? Бірақ сол əлемде біздің орнымыз қайда болады? Бұл мен үшін басты мəселе. Коронапсихоз, инфодемия екі-үш айда басылар, алайда біздің орнымыз қайда болады, міне осы мені алаңдатады»,- деген пікірімен А.Лукашенко «Мир» халықаралық телекомпаниясына берген сұхбатында бөлісті.

Беларуссия президентінің əрекетіне байланысты қоғамның пікірі екіге жарылды. Бірі осындай сəтте салқынқандылық таныту нағыз көшбасшыға тəн қасиет деп санаса, екіншілері бұл бейқамдықтың зардабы ауыр болады деп есептейді. Қалай десек те Лукашенко өз мойнына үлкен жауапкершілікті артып отыр.

eGov.kz порталы сынға ұшырады

Еліміздегі ахуалға ойссақ, төтенше жағдай жарияланғаннан бастап Денсаулық сақтау министрі жəне еліміздің бас санитарлық дəрігері Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызмет алаңында тікелей эфирге шығуды жолға қойды. COVID-19 байланысты соңғы жаңалықтармен сала басшысы жедел хабарлап отырды. Бұдан қалды министрліктің əлеуметтік желідегі парақшаларында да тікелей эфирлер ұйымдастырылып, еліміздің бас дəрігері өзекті сұрақтарға жауап беріп отырды. Сарапшылар, қауырт режімге ауысқан министрліктің жұмысын əзірге оң бағалайды. Қоғамның ашуын онлайн оқыту жүйесіндегі интернеттің əлсіздігі келтірді. Білім жəне ғылым министрлігінің цифрлы форматтағы оқыту тəртібін көпшілік жерден алып, жерге салғаны рас. Бірақ та бас педагог саладағы олқылықты жоққа шығармай, мұндай жағдайда қосымша жоспар əзірленгенін жеткізді. Министр еліміздегі интернеттің техникалық мүмкіндіктері онлайн режімге көшуге біраз қиындық келтіретінін растады. Отандық интернет желісінің нашарлығы еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау саласында да байқалды. Анығын айтқанда, Президенттің төтенше жағдай кезінде табысынан айырылған азаматтарға арналған 42 500 теңге көлеміндегі жəрдемақысын алу үшін қазақстандықтар eGov.kz порталының қызметіне жүгінуге тырысты. Əйтсе де мемлекеттік порталға түскен өтініштердің көптігінен, провайдер ауқымды мəліметті өңдеуге шыдамаса керек.

«Осы шаралардың ең осал тұсы - оларды іс жүзінде асыру. Міне наразылықтың барлығы осы жерде шоғырлануда. Уақытысында көрсетілмеген көмек - көмектің жоқтығымен тең. Халық мемлекеттік IT проблемаларына қарамайды. Оларға өз балаларын тамақтандыру керек. Сондықтан Президент Қ. Тоқаев жариялаған көмекті халыққа жеткізуге асығу керек. Миллиардтап жұмсалған eGov.kz порталы халықтың сұранысын қамтуға дəрменсіз болып шықты», деген пікірді Youtube-гі арнасында кəсіпкер Марғұлан Сейсембаев айтты.