Руханият • 08 Сәуір, 2020

Елін өрге сүйрейтіндер

249 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жетісу жастарынан құралған волонтерлер тобы да төтенше жағдайда жұмыс істеуге көшкен болатын. Қазір облыстағы 17 аудан мен 3 қалада қайырымдылық шаралары тоқтаусыз жүріп жатыр. Жастар бүгінге дейін мыңнан астам арнайы акция ұйымдастырып үлгерген.

Елін өрге сүйрейтіндер

Волонтерлер негізінен елді мекендегі ғима­ратттар мен адам көп жүретін көшелерді дезинфекция жасауға қолұшын беріп, мұқ­таж отбасыларға азық-түлік тасымалдау, меди­цина­лық антисептик, жеке гигиеналық заттар және бетпердемен қамтамасыз етумен де айна­лысуда. Сон­дай-ақ «Мейірімді Жетісу» волон­терлердің фронт-кеңсесінде тәулік бойы жұмыс істейтін жедел желі іске қосылған. Тұр­ғындар орталыққа әлеуметтік желі және телефон арқы­лы өз өтінішін айтып, көмек сұрай алады. Мысалы, бір күн ішінде 117 адам фронт-кең­сенің әлеуметтік желідегі парақшасы арқы­лы кө­мек сұраса, 78 адам жедел желіге қоңырау соққан екен.

Әсіресе аудандардағы ерікті жастардың еңбегі жанып тұр. Төтенше жағдай кезінде көмекке мұқтаж адамдарға қолұшын созуды парыз санаған жастар күн сайын жақсылық жасауға тырысып жатыр. Солардың қатарында Еңбекшіқазақ ауданының волонтерлері де бар. Қазір өңірде «Біз біргеміз!» акциясы ая­сында қайырымдылық шарасы бастау ал­ған. Ерікті жастар көп балалы, жалғызбасты жә­не тұрмысы төмен отбасыларды қажетті азық-түлікпен, медициналық бетпердемен қамтамасыз етуге жұмылуда. Акция басталғалы бері еңбекшіқазақтық волонтерлер 71 отбасына көмек жеткізіп, жалпы құны 1 млн теңгеден астам қажетті заттар мен азық-түлік табыстаған.

– «Біз біргеміз!» акциясына аудан жастары белсене қатысуда. Әсіресе Қанат Теңгебайұлы бастаған «Иманды жастар» және Данияр Нүсіп­жанұлы жетекшілік ететін «Жақсылықта жа­рысайық» волонтерлер тобы жақсылық жасауға ынталы. Олар үйді-үйге азық-түлік, гигиеналық заттар жеткізіп берумен қатар мұқтаж жандарға қаржылай да көмектесуде. Жақында волонтерлер аудандық жастар ресурс­тық орталығымен бірлесіп Ұзақберген Ерлан атты балдырғанның еміне қажетті 500 мың теңге қаражат жинап берді, – дейді Еңбекшіқазақ аудандық жастар ресурстық орталығының жетек­шісі Айбек Ілебаев.

Кеген ауданында да волонтерлердің «Жер­ұйық Кеген жастары» атты қоғамдық ұйымы бар. Құрылғандарына көп уақыт болмаса да қор аудандағы ізгі шаралардан қалмай, қайырым жасауға бет бұрған. Жақында ұйымның құ­рыл­ғанына бір жыл толуына орай жастар бастама көтеріп, мұқтаж отбасына тұрғын үй сатып әпе­ріпті. Жалпы, мұндай игі қадам Жеті­судың барлық ауданында жасалып жатыр. Бірақ Кеген жастарының бұл қадамы айтуға тұрарлық. Олар ауданнан көшіп кеткен, қазір қала маңында тұратын жерлестерін іздеп, тауып, әлеуметтік жағынан аз қамтылған әулеттер мен көп балалы отбасыларға да көмектесуді бастапты. Мысалы, өткенде баспана сыйлаған отбасы бұған дейін аудандағы Тасашы ауылында тұрған екен. Қазір Алматы қаласына жақын Талғар ауданының Бесағаш ауылына қоныс аударған. Жерлестерінің жақсылығын көрген Азамат 5 қыз, 1 ұлды өзі тәрбиелеп отыр. Отанасы дүние салғасын балаларына жетімдік зарын тартқызбау үшін тырбанып келеді. Қала маңына да сол үшін көшіп келіпті. Пәтер жалдап күнелтіп отырған. «Жерұйық Кеген жастары» қорының қайырымы ол үшін күтпеген іс еді. Қуаныштысы, Азаматтың ұл-қы­зы Бесағаштағы жылы да жарық үйде өсетін болды. Енді олардың орталық су желісі мен көгілдір отынға қосылған 4 бөлмелі баспанасы бар.

Сондай-ақ Іле ауданының волонтерлері іскер азаматпен бірігіп «Біз біргеміз!» акция­сы аясында ауылдарға көмек қолын созуда. Қайы­­рымдылық шарасына алғашқы болып үн қатқан «Арказ Инвест» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігі 3 мың отбасына азық-түлік салын­ған қорап табыстады. Азық-түлік жеткізу аудан орталығындағы Энергетик округінен бас­талып, Байсерке, Жетіген, Қараой, Ащыбұлақ, Меж­дуреченск, КазЦИК, Чапай, Күрті, Боралдай округ­терінде жалғасты. Қажетті азық-түлік ауыл­­дарда тұратын мұқтаж отбасыларға таратылуда. Зат­тарды тасып, жеткізуге аудандық жас­­тар ре­сурс­тық орталығының белсенділері мен то­ғыз округ­­те тұратын волонтер жастар жұ­мылып жатыр.

Жақында Қарасай ауданындағы «Асыл Ар­ман» тұрғын үй кешені індет таралуына байла­нысты толықтай оқшауланып, карантинге жа­былған болатын. Бұған дейін бұл аумақ­тан екі адамнан коронавирус инфекциясы анық­талған еді. Ерікті жастар сыртпен байланысы тоқ­таған тұрғындарға Алматы облысы әкім­дігі­нің көмегімен тегін азық-түлік жеткізе бастады.

– Алматы облысының әкімі Амандық Баталов­тың тапсырмасына сәйкес кеше карантиндегі тұрғын үй кешенінде тұрғындармен жиын өткіздік. Кездесу барысында бірінші кезекте біз азық-түлікке өте мұқтаж адамдарды анықтадық. Өйткені карантиннен бөлек тұрғындардың көпшілігі жұмыссыз қалды. Біз оларға бұдан былай да қолдау көрсетеміз. Мұқтаж адамдардың тізімі басқарушы компаниялардан келіп түсуде. Азық-түліктен бас­қа тұрғын үй кешеніне 10 мың данадай бірреттік маска таратылды. Олар тегін таратылуда. Көмекке волонтерлер келді, – дейді облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев.

 

Алматы облысы