Медицина • 09 Сәуір, 2020

Медицина ғылымын дамытуға не кедергі?

2070 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Дүниені дүрліктірген індет адамзатқа өмірдің, әсіресе денсаулықтың қадірін, сонымен бір мезгілде адам өмірін, денсаулығын сақтайтын медицина ғылымы мен саласын дамытудың аса маңыздылығын ұқтырған секілді. Осыған орай, біз еліміздегі медицина ғылымының дамуына кедергі болып отырған түйткілдерді саралауды жөн көрдік.

Медицина ғылымын дамытуға не кедергі?

Ғылым мен мемлекеттік мүдде

Кез келген адам үлкен іске кіріспес бұрын арнайы жоспар құрады. Мұның маңызы сол – жоспар нақты мақсаттардан тұрады. Бұл жеке индивидке ғана емес, мемлекеттік мүд­деге де қажет. Оны әрбір елдің белгілі бір жылдарға арнал­ған стратегиялық жоспарларынан көреміз. Медицина ғылы­мын дамыту мемлекеттік мүдде­ге айналады десек, онда осы межеге жетудің анық мақсат-міндеттері белгіленген мем­ле­кеттік стратегия керек-ақ.

Ұлыбританиядағы Кем­­бридж уни­верситетінің мамандары коро­навирусты 90 минутта анық­тайтын Samba II тестін ойлап тапты. Тағы да осы Ан­глия­ның The Guardian газеті британ­дық ғалымдардың COVID-19-дың таралуын және қазіргі вирустық ахуалды анықтайтын екі түрлі тест әзірлегенін жаз­ды. Англия үкіметі қазір Окс­фор­д университетінің ға­лым­­дары тексерістен өткізіп жат­қан тестердің 3,5 млн данасын сатып алатынын жариялады. Міне, бүгін бүкіл адамзат қауіпті індетпен әрі одан туған дағдарыспен күресіп жатқанда Ұлыбританияның зерттеушілері осындай нәтиже көрсетіп отыр.

Бұл ненің белгісі? Әлбетте Кем­бридж университетінің негізі 8 ғасыр бұрын, ал Оксфорд уни­верситетінің тіпті одан әрі­рек­те құрылғанын есімізден шы­ғар­ған жоқпыз. Десе де мұнда үкі­меттің ғалымдар еңбегін өнді­ріске енгізуге бағытталған ла­йық­ты стратегиясы бар екенін және оның нәтижелі жұмыс істеп тұрғанын байқауға бола­ды. Бұған көз жеткізу үшін көп қиналмадық. Аталған елде Меди­ци­на ғы­лым­­дарының академия­сы (The Academy of Medical Scien­ces) жұмыс істейді. Осы ака­де­мия­ның ресми сайтында 2017-2021 жылдарға арналған медицина ғы­лымын дамытудың стра­те­гия­лық жоспары тұр. Сол стратегияда: «Біріккен корольдіктің және жаһанның денсаулығы ең үздік зерттеу арқылы дамиды», делінген. Академия әлеуметтік желі­лерде ғалымдардың еңбегі­мен, сауатты ой-пікірімен белсен­ді бөлісіп отыр. Ең аяғы, біз қоғамды майталман мамандар­мен тіке­лей байланыстырып, зерт­теу­ші­лердің тұшымды сараптамасы­мен қамтамасыз ете алмай, ресми хабарлар мен шолақ жаңа­лықтармен ғана шек­те­ліп жүр­міз. Бәрінен бұрын мем­ле­кет­­тік мүд­деге негізделген нақты стр­а­­­тегиялық жоспар жүзеге асса, ака­демия да, ондағы сақа са­рап­шы­лар да сөзсіз медицина ғы­лы­мы­на еңбек етеді.

Тиісті төлемақы алмайды

Медицина саласында 7 жыл оқып, мамандық алған жас­тар­дың көбісі бизнес­ке кету­ді немесе шетелге көшуді қо­лай көреді. Медицина ғы­лым­­дарының кандидаты, PhD Дәу­рен­бек Мырзашұлы медицина ғы­­лымының дамуына кедергі кел­­­тіріп тұрған үрдісті жою үшін  саладағы зерттеушілер мен ға­лым­дарды моральдық және мате­риал­дық жағынан ынталандырып, әлеуметтік беделін арттырып, экономикалық тұр­ғы­да тиімді кәсіби ортаны ұсы­ну қажет деп санайды.

«Егер осындай іс-шаралар мем­лекет тарапынан қолдау тап­са, ғылыми медицина кадр­ла­рының шетелге кетуі азаяды. Әсіресе жас мамандардың та­бысы жоғары басқа салаға кету мәжбүрлігін тоқтатады. Мыса­лы, медицина саласындағы ғы­лыми қызметкердің табысы бала-шағасын асырау­дан, үйі­нің ай сайынғы коммуналдық қыз­мет ақысы мен күн­де­лік­ті жолақысынан артылмай­ды. Сондықтан шетелдік тағы­лымдамаға кеткенде әрбір отбасы мүшесіне тиісті жәр­дем­ақы бөлінсе, шетелдік ғы­лы­ми конференцияларға, симпо­зиум­дар­ға және конгрестерге бару шығын­дары өтелсе, ғылыми қыз­мет­кер де, білікті маман да тапшы болмас еді», дейді.

Кардиолог дәрігердің сө­зін­ің жаны бар, себебі осы ма­қа­­ланы жазу барысында 10 шақ­ты ғалыммен сөйлестік, тағы осыншама (шетелдік, отан­дық) ғалымның аталған тақы­рып­та жазған баяндамалары мен ой-пікірлерін оқыдық. Сонда Қазақстанда медицина ғалым­да­ры ғылыми дәрежесі үшін тиісті төлемақы алмай­тынын білдік. Бұл жағ­дай­ды дәрігер-кардиолог Д.Мырзаш­ұлы: «Ғылыми орталықтарда дә­рi­­гер қызметін атқара жү­рiп, ғылы­ми жобалармен айна­­лыс­са­ңыз ғана ғылыми дәре­же­ңiз­ге қосымша ақы төленедi. Жеке клиникаларда категория және ғылыми дәреже үшiн қо­сымша ақша төлемейдi. Бар айырмашылық, ғылыми дәре­же­ңiзге қарай қызметiңiз қым­батырақ тұрса,  жалақыны көбiрек алуыңыз мүмкiн», деп түсіндірді. Негі­зі жекеменшік қана емес, қара­пайым емханалар мен ауру­ха­­наларда жұмыс істейтін мамандар да ғылыми дәрежесі үшін ақша алмайды. Өйткені теория­лық емес, практикалық бағытта жұмыс істеп жүр. Тіпті елор­дадағы ұлттық ғы­лы­ми орта­лықтардың дәрі­ге­р­­лері де басшылықтың ғы­­лыми дәрежесі үшін қо­сым­ша ақының төленбеу се­бебін түсіндіре алмайтынын жеткізді. Міне, мұның өзі медицина ғылымын да­мы­туға үлкен тұсау болып тұр­ғандай. Бір қызығы, осы жайт, дәрігерлердің айтуынша, барлық жерде біркел­кі емес. Айталық, бір аурухана­да төлей­ді, екіншісінде мекеме­лер­­дің мәртебесі бірдей бола тұра төленбейді.

1

 Бөлек грант бөлінуі керек

Жауаптылар ғылыми дә­ре­­­же­­ге төленетін төлемақы жө­­нін­де Білім және ғылым ми­нис­трлігіне сіл­тейді, ал жалпы медицина саласының мамандарын даяр­лауға Денсаулық сақтау минис­тр­лігі міндетті. Бірізділік жоқтығының зияны осындайда көрінеді.

«Денсаулық сақтау ми­нис­­тр­­лі­гінен ғалымдарға бө­лі­нетін гранттың бар-жо­ғын білмеймін. Бірақ жас ға­лымдардың ғылыми жобаларына арналған грантты Білім және ғылым министрлігі тағайындайды. Онда тех­ни­ка­­лық салаға көбірек көңіл бөлінеді. Осы орайда медицина саласына бөлек тиісті министрліктен грант қарас­ты­рылуы қажет. Себебі ме­ди­­­цинаның өзі қаншама са­ла­­ға жік­теледі. Ауқымы өте кең, сол себепті Білім және ғылым министр­лігінен жал­пы ғылыми жоба­ларға қарастырылған грант медицина ғылымын жартылай қамтуға да жетпейді. Сондай-ақ Денсаулық сақтау минис­трлігі жанында медицина ғалымдарынан құралған ықпа­лды ұйым болуы керек. Өз саласын жетік білетін мамандар медицинаның қай бағыты дамымай, қандай тақырыптың зерттелмей жатқанын айта алады», дейді омыртқаны түзетудің тың техникасын тапқан ғалым, вертебролог Нұрбек Нәдірұлы.

Дәрігер-ғалымның осы әңгі­ме­сінен кейін өнер немесе гума­нитар­лық ғылымда жүрген зерт­теу­шілер де министр­лік­тен грант бөлуін сұрайтын болар. Бірақ біз бір нәрсені түсінуіміз керек, медицинада ғылым жасау да, ғылыми дәрежеге қол жеткізу де басқа салаға қарағанда қиындау. Өйт­кені қарапайым дәрігерлік дип­ломның өзі өзге сала маман­дық­тарындай 4 жылда емес, 7 жылда ғана беріледі. Осыдан соң ғана ғылым жолына түсуге болады. Оның үстіне жоғарыда жаз­ғанымыздай, дәрі­гер­лердің бәрі дерлік емханалар мен зерт­ханаларда жұмыс істеп нәпақасын табады. Ал мұн­дай мекемелерде еңбек ете­тін зерттеуші-ғалымдар ғы­лыми дәрежесі үшін тө­лема­қы алмайды. Ғылымды таң­­дауға қандай да бір ынталандыру болмаса, жалақысы мардымсыз жұмысына екінші бір жүктемені қосып алу­ды қаламайды. Ғылыми дәреже табысын көтеруге жара­ма­са, оны қайтеді? Міне, сондықтан жан­кешт­і дәрігерлер ғана жыл­дар мен жалақысын сарп етіп, ғылымға келеді. Айта­лық, Н.Нәдірұлы медицина ғылымдарының кандидаты (Ресей) атағын алу үшін 14 жыл оқыған. Сол атағына 2 мың теңгеден аса (жалақысының 5 пайызы) үстемеақы алады.

 Өндіріске енгізуге тосқауыл

Сарапшының жас ғалым­дар­дың жобаларын қолдауды айрықша атап өткенінен «Жас­тар­дың әлеуетін елдің қажетіне толық пайдалана алмай жүрміз» деген емеурінін байқауға болады. Бұл пайымды медицина ғылымдарының докторы, профессор Ғалымжан Мамыр­бекұлының «Шетелден туған жерге қызмет қылайық, Отаны­мыз­ды көркейтейік деп келгенде алты ай, тіпті жылдап жұмыссыз жүрген кезіміз болды» дегені дәлелдей түседі.

– Бізде шетел көрген жас­тар­ды шеттету бар. Олардың бо­йындағы барын, білгенін алып қалуға тырысқаннан гөрі жанына жолатпауды жөн көреді. Әрине ірі қала­лар­да мүмкіндік те көбі­рек шығар, алайда мен өз қа­лам­ды көркейткім келді. Туған жеріме туымды тіксем дедім. Ғылымды жасап жүр­ген жастар көп, бірақ қол­дары қысқа, мүм­кіндік аясы тар. Денсаулық сақ­тау минис­трлігінің 2017 жы­лы жасақ­та­ған кадрлық ре­зер­­віне ендім. Сол бойынша Шым­кент­­ке жолдамамен бардым. Ал мені, яғни министрліктің кадр­лық резервіндегі маманды тіпті әңгімелесуге де өткізбей, қабыл­да­май қойды. Жас­тарға деген көзқарас өзгер­се, дәл қазіргі жағдайға да бас­қаша қарайтын едік, – дейді нейрохирург-ғалым Ғ.Мамырбекұлы.

Нейрохирургияда көптеген зерт­теу жүргізген ғалым-дәрігер біраз жыл бұ­рын «Орта­лық жүйке жүйесінің туа болатын даму ақауларын жетілдіру» атты ғылы­ми жобасы бойынша грант жеңіп алды. 3 жылға жуық осы тақырыбымен шұғыл­данды. Сарапшылар комиссиясы еңбегін жоғары бағалады. Денсаулық сақтау министрлігі 3 жылдан соң осы жұмысына негізделген «Омырт­қа мен жұлынның даму ақау­лары» жол картасын шы­ғар­ды.

– Қайталаудың не керегі бар еді? Менің жұмысымда сол жол картасында көрсетілген мақсат-міндеттерге дейін тайға таңба басқандай жазылып тұр ғой. Мені еңбегімнің қайталанғаны да емес, жол картасын дайындауға сала мамандарын шақырмағаны қынжылтты. Шақырса, оның қаншама жыл бұрын зерт­те­ліп, қорғалып қойған диссертация, мәселе екенін айтар едік. Тағы 3 жыл зерттеуге уа­қыт пен қаншама қаржы жоғалт­қанша, мұ­рағаттардағы патент­терді өн­ді­ріске енгізуді, бізде әлі жа­сал­­маған операцияларды немесе зерттелмеген тақырыптарды ұсынар едік, – дейді 15-ке тарта, соның ішінде халықаралық Thomson Reuters базасына енген 4 патен­ті бар нейрохирург-профессор.

Университетте болашақ дәрі­гер­­лерге дәріс беретін Ғ.Мамыр­бекұлы бір сөзінде 7 жыл оқыған мамандардың ішін­де тіпті тезис жазып көр­ме­­ген­дері кездесетінін айтты. Сол сәтте Ұлттық медицина уни­верситетінің 6-курсында оқи­­тын көрші қыздың емхана­да еңбек етіп емес, тырнақ бояп тамағын тауып жүргені көз алды­мызға келді. Оның ғы­лым­ға бет бұруы түгілі, білім алуға уақыты тапшы. Ал жас ға­лым­­ның іргетасы ЖОО қабырғасында қаланбаушы ма еді...

 

P.S.: Үлкен мақсатқа жету соған барар жолдағы кедергілерді жоюдан басталады. Бұл үшін проблемаларды айқындап алу керек. Ал нақты проблеманы онымен бетпе-бет келген, сол саланың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген кәсіби маман ғана айта алады. Біз оларды қаншалықты тыңдап жүрміз?