Мысалы, әлемдегі ең байырғы монотеистік діндердің бірі әрі еврей халқының ұлттық және этикалық дүниетанымдарының негізін құрайтын Яһуди немесе иудаизм дінінің іргетасы – Тәуратта қатаң тыйым салынған әйелжандылық немесе еркекжандылық, мешкейлік, ашкөздік, сары уайымға салыну, ызақорлық, күншілдік, өркөкіректік секілді күнәлар ең алдымен аталады. Сонымен қатар таралу кеңістігі мен өзіне табынатын халықтардың жалпы саны жағынан әлемдегі ең іргелі діндердің бірі саналатын христиан дінінің түпқазығы – Библия да Құдайдың адамзатқа түсірген өсиеті саналады. Өйткені Библия – оған бас иетін халықтардың өмір сүру салты мен әдет-ғұрып әдептерін реттейтін және тек реттеп қана қоймай, сол салт пен сол әдептердің бұзылмай, темірқазық секілді, бірқалыпта болуын қамтамасыз етуге бағытталған белгілі бір ережелер мен моральдық-этикалық қағидалардың жиынтығы. Бұл біріншіден.
Екіншіден, Киелі кітаптар – Жаратқанның адамзатқа аманат еткен мызғымас ережелері мен әдептілік қағидаларының да, сондай-ақ Құдайдың адамзатқа өсиет еткен қатаң тыйымдар жүйесінің де бірегей қоймасы. Үшіншіден, Киелі кітаптарда Жаратқан өсиет қылған әлгіндей тыйымдық ережелер мен қағидалар адамдар тарапынан бұзылатын болса, оларды бұзған күнәһарлардың аяусыз жазаланатыны да қатаң ескертілген. Төртіншіден, Киелі кітаптарда адамзатқа өсиет етілген негізгі моральдық-этикалық ережелер мен әдептік қағидалар жүйесі Жаратқаннан Мұса пайғамбарға түскен Тәуратта (Тора) да, Ғайса (Иса) пайғамбарға түскен Інжілде (Евангелиа) де, Мұхаммед пайғамбарға түскен Құран Кәрімде де бір-біріне өте ұқсас келеді.
Мәселен, Христиан дінінде адамдардың Құдай алдындағы парыз-борышын адал атқаруға бағытталған және міндетті түрде сақталуға тиісті тыйым-қағидалардың бір парасы төмендегідей: Құдайдан басқаға табынуға болмайды; жасанды құдай бейнесін жасауға болмайды және бұл тыйымды бұзған күнәһарларды Құдай үшінші немесе төртінші ұрпағына дейін жазалайды, ал Жаратқан алдындағы борыш-парызын адал атқарғандардың мыңыншы ұрпағына дейін жарылқайды; Құдайдың атын орынсыз атауға болмайды, өйткені Жаратқанды жөнсіз атағандар жазасыз қалмайды; сенбі күндері жұмыс істеуге болмайды.
Бұл аталғандармен қатар, әлгі Киелі кітапта адам баласына өсиет етілген өзге де парыздар ашық ескертілген. Олардың қатарында төмендегідей парыздар мен қатаң тыйым салынған күнәлар да бар. Олар: өз өмірлерінің ұзақ болып, Құдайдың нәсіп еткен жерлерінде бақытты ғұмыр кешуі үшін, адамдардың, ең алдымен, ата-аналарын Құдай өсиетіне сәйкес құрметтеуі – парыз; кісі өлтіру – күнә; зинақорлық – күнә; ұрлық жасау – күнә; адамдардың өз жақындарына жалған куәлік етуі – күнә; адамдардың өз жақындарының әйелдеріне көз салуы, сол сияқты, олардың үй-жайларына, егіндігіне, қызметшілеріне, жұмысқа жегетін көліктеріне, бір сөзбен айтқанда, күллі мал-мүліктеріне көз тігуі – күнә.
Сосын, Библияда Жаратқан тарапынан адамдарға тыйым салынған іс-әрекеттердің қатарына мына күнәлар да жатқызылған: адамдардың өз денелеріне қандай да бір сурет немесе таңба (тату) салдыруы, болмаса жазу таңбалатуы; бақсы-балгерлерге жүгіну, құмалақ аштыру немесе жұлдызшы-жорамалшыларға болжату; шошқа, қоян етін жеу немесе олардың өлексесіне қол тигізу; некесіз зина жасап, пәктігінен айырылған қыздардың күйеуге шығуы, т.с.с.
Мұсылман әлемінің Киелі кітабы – Құранның өнбойында да Алла тарапынан адам баласына өсиет етілген қатаң тыйымдар мен кешірілмес күнә саналатын іс-әрекеттердің ондаған атауы кездеседі. Сонымен қатар Құранда әлгіндей күнәларға жол беріп, Алла тыйымдарын бұзған күнәһарларға да Алланың қаһарлы жазасы кесілген. Олардың бір парасы төмендегідей: Аллаға серік қосу; заңсыз адам өлтіру; сиқыршылық жасау; намазды елемеу; зекеттен жалтару; ата-ананы тыңдамау; өсімқорлықпен айналысу; жетімнің мүлкіне қол сұғу; ойдан хадистер шығару; себепсіз ораза бұзу; соғыс майданын тастап, қашып кету; зина жасау; билікті күштеп немесе жымысқылықпен жүргізу; масайтатын ішімдіктер ішу; менмендік, тәкаппарлық, өркөкіректік; жалған куәлік ету; гомосексуализм; пәк әйелді ғайбаттау; олжаны, халық мүлкін, қазынаны, қайырымдылық қорын заңсыз пайдалану; бөтен кісінің мүлкін иемденіп кету; ұрлық жасау; қарақшылық, тонау, талау; өтірік ант ішу; жалған сөйлеу; өзіне өзі қол салу; сотта әділетсіз үкім шығару; әйелдер мен қыздарға сайқалдық жасауға жол беру; әйелдердің еркекшоралығы мен еркектердің қызтекелік жасауы; алаяқтықпен үйлену тойын жасау; қан, арам өлген мал, шошқа етін жеу; кіші дәретті ұқыпсыз сындыру (шашырату); әділетсіз салық жинау; екіжүзділік ету; сатқындық жасау; діни білімді пендешілік мүддемен алу және оны жасыру; қайырымдылық жасаған адамды жазғыру; жазмышты жоққа шығару; бөтен адамның сырын ашу; қарғыс айту; бұйрыққа бағынбау; бақсы-балгерлер мен жұлдызшыларға жүгіну; әйелдердің күйеулерінен именбеуі; туыс-жақындармен араласпау; тірі жәндіктердің бейнесіне еніп, кескіндеу; өсек айту; марқұм болғандарды дауыс шығарып жоқтау; кісінің тегіне тіл тигізу; кісіге қысым көрсету және жәбірлеу; мұсылманға қару кезеу немесе оны дінсіз деп балағаттау; тақуаларға зияндық істеу; киімдердің етегін кербез болып көріну үшін ұзарту; еркектің жібек матадан киім киіп, алтын бұйымдар тағынуы; Аллаға арнамай құрбандық шалу; жер бөліктерін айыру үшін қойылған арнайы белгілерді әдейі ауыстыру; пайғамбардың серіктестерін жәбірлеу; тыйым салынған іс-әрекеттерді бұзу; күнә жасауға үндеу немесе үгіттеу; жасанды шаш қою; денеге таңба (тату) салдыру; мұсылмандарға қару кезеу, қатер төндіру; балаға өгей әкені мойындату; жамандыққа сәуегейлік ету; ас-суға алтын және күміс ыдыстар пайдалану; ерегісу, айтысу; таразыдан жеу; Алланың қаһарынан құтылып кетуге сенімді болу; Алладан үміт үзу; жақсылық істегенге кісіге ризашылық білдірмеу; суы бола тұрып, шөліркеген кісіге су татырмау; жануарларға таңба салу; құмар ойындарына әуес болу; мешіт ішінде қылмыс жасау; жұма намаздан себепсіз бас тарту немесе оқшауланып оқу; тыңшылық жасау; мұсылмандардың құпия сырын ұрлау т.с.с.
Киелі кітаптарда тілге тиек болған әлгіндей тыйымдар мен күнәһарлардың есте жоқ ескі замандарда ғана емес, күні бүгінге дейін, тіпті, өзіміз өмір сүріп отырған әлеуметтік ортада да үзілмей келе жатқаны белгілі. Ол ол ма, нәпсісін тізгіндеудің орнына мемлекет заң жүзінде тыйым салған жемқорлық іс-әрекеттерге баратын қылмыскерлердің сотталып, темір торға тоғытылып жатқанына қарамастан, әсіресе, ондай алаяқтардың мемлеттік билік өкілдерінің арасынан жиі-жиі бой көрсетіп жатқаны өте өкінішті.
Сосын, дәл осы тұста, айтылмаса сөз жетім демекші, Библияда да, Құранда да Адам ата мен Хауа ананың Алланың қатал тыйымын бұзып, Эдем бағында Жаратқан тыйым салған алма дарағынан шайтанның азғыруымен дәм татып, кешірілмес күнәға батқаны, артынша, сол күнәларының өтеуі ретінде олардың Алланың қаһарына ұшырап, жұмақтан қуылғаны жайдан-жай жазылмағаны анық. Өйткені Киелі кітаптардың бәрінде де, оның ішінде, Құранның өн бойында да, Алланың ұлы есепші екені және Жаратқанның назарынан адамзат күнәсінің ешбірі тыс қалмайтыны сан мәрте екертілген.
Ендеше, дәл осы тұста жоғарыда аталған Киелі кітаптардың жаһандық монотеистік үшбу діннің іргетасы ғана емес, сонымен қатар олардың жер бетіндегі халықтардың басым көпшілігіне Жаратқанның Иса, Мұса және Мұхаммед пайғамбарлар арқылы аманат етілген моральдық-этикалық, діни, азаматтық, саяси және құқықтық әдеп нормалары мен ақыл-ой парасатының киелі сандығы екенін де айту парыз. Демек, бұл тұрғыдан келгенде, сәт сайын өзгеріп жатқан аумалы-төкпелі мына заманда Алла тыйымдарын өрескел бұзып отырған адамзаттың мәңгі бақи рухани діңгегі де сол Киелі кітаптар мен сол Кітаптардың иесі Алла десек, артық айтқандық емес.
Сонымен тілге тиек болған бұл тақырыпты осы арада түйіндер болсақ, Алла мен Киелі Құранды шексіз сүйген ұлы Абайдың мына бір поэтикалық жолдарының ойға орала кететінін айтпасақ болмас:
«Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Рас сөз ешуақытта жалған болмас.
Көп кітап келді Алладан, оның төрті
Алланы танытуға сөз айырмас…
Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер,
Жарлық берді ол сіздерге, сөзді ұғарға.
Замана, шаруа, мінез күнде өзгерді,
Оларға кез-кезімен нәби келді.
Қағида шариғаты өзгерсе де,
Тағриф Алла еш жерде өзгермеді.
Күллі махлұқ өзгерер, Алла өзгермес,
Адам нәпсі, өзімшіл мінезбенен
Бос сөзбенен қастаспай, түзу келмес.
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті.
Осы үш сүю болады имани гүл....
Дін де осы, шын ойласаң, тағат та осы,
Екі дүние бұл тасдиқ-хақтың досы.
Осыларды бұзатын және үш іс бар:
Пайда, мақтан, әуесқой – онан шошы.
Алланың, пайғамбардың жолындамыз,
Ынтамызды бұзбастық – иманымыз.
Пайда, мақтан, әуесқой – шайтан ісі,
Кәні біздің нәпсіні тыйғанымыз?
Мүмин болсаң, әуелі иманды бол,
Пендеге иман өзі ашады жол...»
Сөз соңында жоғарыда келтірілген мұсылмандық тыйымдардың Киелі Құранның қай сүресі мен қай аятында кездесетіні туралы толыққанды мәліметті астанада 2018 жылы Түркия Диянет Қорының «Құтты сыйым – Құран» жобасының шеңберінде әзірленген және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Сараптау комиссиясы мақұлдаған Құран Кәрімнің қазақша нұсқасының соңында әліпби тәртібімен өте жүйелі берілген көлемі 21-беттік анықтамалық ақпараттан көзбе-көз танысуға болатынын оқырман қауымының назарына сала кетсек, артық бола қоймас.
Әділ АХМЕТОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Ресей және Қазақстан Халықаралық жоғары мектеп ғылым академияларының академигі