Аймақтар • 09 Сәуір, 2020

Қорғаушыларға да қолдау қажет

114 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Коронавирус індетіне қарсы күш бірік­тірмесе ырық бермейтін түрі бар. Әсіресе, қазіргі уақытта өмірлерін қауіп-қатерге тігіп, аждаһа індетпен алысып жүрген дәрі­гер­лерге, сонан соң күн-түн демей қызмет етіп сапта тұрған тәртіп сақшы­ларына қолдау ауадай қажет.

Қорғаушыларға да қолдау қажет

Қарағандыда облыстың бас имамы Өмірзақ Бекқожаның қолдауымен «Мансұр» ТҚКО және «Аспап» ЖК кәсіпорындары бастама көтеріп, санитарлық блок-бекеттерде қызмет етіп жүрген ерлерге ыстық тамақ жеткізді.

Облыстың бас молдасы бұл шарапатты мол шаруаның мақтан, болмаса жалған бедел жинау үшін жасалмағанына баса мән берді.

– Бір-бірімізді қолдап, сөз көмегінен де, қол көмегінен де аянып қалмайық. Қиындықты бірік­кенде ғана еңсере аламыз. Өздеріңізді сақта­ңыздар, карантин талаптарын орындаңыздар! – деді Өмірзақ Бекқожа.

Қайырымды кәсіпкердің бірі Қуандық Ғаб­дуалиев деген азамат екен. Кезінде өзі де тәртіп сақшысы болып қызмет етіпті.

– Бұрынғы әріптестеріме қандай жуапкершілік артылғанын жақсы түсінемін. Осы қиын сәтте оларға моральдық қолдау көрсетіп, қайсар мінез көрсетіп жүргендері үшін алғыс айтқымыз келеді. Коронавирусты да жеңерміз,  төтенше жағдай мен карантин де аяқталар. Уақытпен санаспай жұмыс істеп жүрген жерлестерім тезірек шаңырақтарына оралсын деп тілеймін! – дейді кәсіпкер.

Өкінішке қарай, Қарағанды облысында тағы да жеті адамның COVID-19 жұқтырғаны анықталды. Бұлар бұған дейін коронавируспен ауырған  және карантинге жатқызылған науқастермен аралас-құралас болған адамдар. Қазіргі уақытта олардың барлығы инфекциялық бокстарға оқшауланды  және тиісті ем-дом алып жатыр.

Қарағанды облысында коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны 55-ке жетті. Бір науқас осы дерттен қайтыс болды.

 Жалпы, Қарағанды облысында 1 440 адам үй карантинінде отыр. Тәулік бойы бақылауға алынған 908 тұрғын бар, оның ішінде 54-і инфекциялық  боксқа жатқызылған. Бұлардың бәрі 1А және 1Б санатындағы елдерден оралған немесе коронавирус жұқтырған адамдармен шартты түрде байланыста болған азаматтар.

 

Қарағанды облысы