Қоғам • 09 Сәуір, 2020

«Бірлік жоқ жерде – тірлік жоқ»

1753 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қиын-қыстау кезеңдерде әрбір халық үшін көшбасшы факторы, саяси ерік-жігері, ұйымдастырушылық қабілеті, өз халқын және өмір сүретін уақытын сезінуі – ерекше маңызды. Осы тұрғыда 2020 жыл әлемнің көптеген елінің көшбасшылары үшін сын кезеңі болды. COVID-19 коронавирус инфекциясының өршуі, мұнай бағасының күрт төмендеуі және жаһандық экономикалық құлдырау әлемнің барлық елдері үшін күтпеген, миллиондаған адамның өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп-қатер төндіретін төтенше жағдай болды.

«Бірлік жоқ жерде – тірлік жоқ»

Коллажды жасаған Қонысбай Шежімбай, EQ

Жаңа сын-тегеуріндерге дұрыс баға бере алмаған елдердің көшбасшылары қазір ондаған мың адамның өмірімен өлшенетін өз қателіктерінің зардабын тартуда. Қазақстанда қатерлі індеттің алдын алу шаралары дер кезінде шұғыл қолға алынуымен қатар, елімізде қалыптасқан экономикалық, әлеуметтік орнықтылықтың қомақты қоры арқасында апаттық жағдай орын алған жоқ.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің саяси көшбасшылығы жылдарында еліміздің экономикалық және әлеуметтік әлеуетін дәйекті түрде арттырды, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы ретінде «қауіпсіздік белдеуін» –  халқымыздың бірлігі мен ынтымағын нығайтты. Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры құрылған кезде әртүрлі қоғам және саяси қайраткерлер тарапынан қаншама сын мен наразылық болғаны барлығымызға белгілі. Сол кезде өздерін халық игілігінің қамқоршылары ретінде көрсете отырып, олар «барлығын таратып беруге» шақырды. Егер бұл «шарик» тәсілі сол кезде іске асырылса, онда бүгінде ел ұлттық апаттың алдында болар еді.

Елбасы Тәуелсіздік жылдары еліміз­дің әлеуметтік инфрақұрылымын арт­тыруға ерекше көңіл бөлді – «100 мек­теп – 100 аурухана», «Саламатты Қазақ­стан» бағдарламалары елімізге заманауи медициналық инфрақұрылым, озық жабдықталған ғылыми-медициналық орталықтар, бүгінде коронавирус пандемиясына лайықты жауап бере алатын жоғары кәсіби кадрлар тәрбиеледі.

Сонымен қатар кез келген дағдарыстық жағдайда абыржымай, алаңдамай, жаңа мүмкіндіктер іздеген жөн. «Дағдарыс – бұл жаңа мүмкіндіктер» – осындай қағидатты Елбасы Н.Ә.Назарбаев күрделі жағдайларда әрдайым басшылыққа алды және ол өзінің оң жемісін берді.

Бүгінгі таңда айтарлықтай өндірістік әлеует құрылды, әр жаңа дағдарыс жағ­дайында елдің көлік инфрақұрылымы дамыды, ауыл шаруашылығы қуатты серпін алды, ол Қазақстанның көптеген өңірінің даму локомотивіне айналды. Мұнай бағасының құлдырауы жағдайын­да агроөнеркәсіптік сектор біздің экономи­камыздың даму баспалдағы бола алады және болуы керек, мұнда бәрі тек өзімізге байланысты.

Бүгінгі таңда біздің экономикалық, әлеуметтік, технологиялық, ғылыми тұрғыда қиын-қыстау жағдайдан шы­ғуға қажетті мүмкіндіктеріміз бар. Әри­­не қалыптасқан жағдайда ең бас­ты ресурстардың бірі –халқымыздың мызғымас рухани әлеуеті. Қазақстан халқына тән табандылық, батылдық, өз күшіне деген сенімділік барлық уақытта да алмағайып кезеңнің сынағын еркін еңсеруге мүмкіндік береді.

Бүгінде халықтың алаңдаушылығы мен қарапайым азаматтардың қобалжуы кезінде өздерін халықтың қорғаушылары ретінде таныстыра отырып, жалған жаңалықтармен жағдайды ушықтыруға талпынатындар да бар. Бұл ретте олар, әдеттегідей, індеттің салдарын азайту, экономикалық дағдарысты ауыздықтау, мұқтаждарға көмек қолын созу үшін жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстарға қол ұшын да тигізген жоқ.

Елбасы осы популистік және аранда­тушылық әңгімелерден аулақ болуға және нақты игілікті іспен айналысуға, өзін өзі дамытып, ғылым-біліммен шұғылдануға шақырды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы карантин жағдайында қолда бар барлық ресурсты пайдалана отырып, азаматтық татулық пен келісімді нығайту, табысы аз адамдарды қолдау, карантиндік іс-шараларды қамтамасыз етуге халықты жұ­мылдыру және төтенше жағдай режімі талаптарын орындау жөніндегі жұмыстарды жалғастыруда.

Наурыз айының ортасынан бас­тап медициналық бетперделер дайындау және тарату бойынша ҚХА-ның респуб­ликалық «Біз біргеміз!» акциясы өтуде. Бүгінде еліміздің барлық өңірінде 170 мыңға жуық қорғаныш бетпер­де мұқтаж азаматтарға тегін таратыл­ды. Ассам­блеяның Кәсіпкерлер қауым­дастығы, этномәдени бірлестіктер мен Достық үйлері, корей, ұйғыр және неміс театрларының ұжымдары қорғаныш бет­перделерін тігетін шеберханалар ұйым­дастырды және халыққа таратты.

Нұрсұлтан Әбішұлы адамның өз-өзіне деген сенімі ұлы күш екенін атап өтті және қорғауға мұқтаж аға буын өкілдерін, ардагерлерді, көп балалы аналарды, аз қамтылған, еңбекке жарамсыз адамдарды қамқорлыққа алуға шақырды.

Ассамблеяның #BizBirgemiz қайы­рымдылық акциясы аясында еліміздің барлық өңірінде 66 мыңнан астам адам­ға 83 млн 386 мың теңге сомасына гуманитарлық көмек көрсетілді. Бұл сандардың артында – қиын сәтте халықпен біртұтас екенін сезініп, қолынан келген көмектен аянбай, қайырымдылық шараларын ұйымдастыруға атсалысқан  түрлі этностың мыңдаған өкілінің еңбегі жатыр.

Ассамблея мүшелері COVID-19 виру­сының індетіне қарсы тұру, карантиндік режімді сақтау және алдын алу шаралары жөнінде ҚХА ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырды. Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және басқа да облыстардың Волонтерлер клубының мүшелері сақтық шаралары туралы, сондай-ақ азық-түлік сатып алу, ХҚО-дан құжаттарды онлайн режімінде ресімдеу және алу мүмкіндігі туралы ақпараттық парақшаларды таратуды ұйымдастырды. Осындай жұмыстар ҚХА әлеуметтік желілерінде де жүргізілуде.

Елбасының әр адам өзін-өзі дамытып, ғылым-біліммен шұғылдануға шақыруына үн қосқан Ассамблея #Бізүйдеміз бірыңғай хэштегімен іс-шаралар өткізуге бастамашылық жасады. Түрлі желілік жобалар мен бейнесабақтар ұйымдастырылды. Сонымен қатар ҚХА мүшелері интернет желісінде мемлекеттік тілді онлайн оқытуды ұйымдастырды (В. Ким). Қарағанды қаласының Достық үйі этностар өкілдеріне және қазақ, ағылшын тілдерін оқыту бойынша белсенді ұзақ өмір сүру орталығы өкілдеріне арналған аптасына төрт рет өтетін бейнесабақтар ұйымдастырды. Қостанайлық ҚХА мемлекеттік тілді оқыту бойынша «Мәміле. Ситуативный казахский» онлайн-сабақтар сериясын іске қосты. Солтүстік Қазақстан облысында «Мәміле» жобасының онлайн нұсқасы іске қосылды (#онлайнМӘМІЛЕСҚО), ол «@ank_sko» іnstagram парақшасында іске асырылады. Осыған ұқсас жобалар басқа облыстарда басталды.

Нұр-Сұлтан қаласы ҚХА жастары, ҚХА «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының елордалық штабы #Бізүйдеміз жобасын қолдау мақсатында,  Абайдың 175 жылдығына орай #АБАЙ175ҚХА хештегімен бейне-челленджге және «Көзімнің қарасы» әнін онлайн орындауға бастама жасады.

Қызылорда облысында көрнекті ақын­дар мен жазушылардың шығар­маларынан үзінді оқу акциясы өткізілді. Бетперделер тігу бойынша шеберлік сабақтары – 4 ролик орналастырылды. «Instagram», «Одноклассники», «ВКон­такте», «Фейсбук» әлеуметтік желіле­рінде қан донорлығын насихаттау бо­йынша «Біздің қанымыз бірдей» бейне-челленджін іске қосты. Барлық өңір #BizBirgemiz челенджін қолдауға ұқсас бейнеконтент орналастырды. Ұйғыр, корей және неміс ұлттық театрлары интернет желісінің түрлі платформаларында онлайн-көрсетілімдер ұйымдастырып, спектакльдер кестесін жариялады.

Ассамблея өңірлерде карантиндік іс-шараларды қамтамасыз ететін медицина қызметкерлерін, ішкі істер органдары мен ТЖК жеке құрамын, әскери қызметшілерді қолдау жөніндегі іс-шараларға қатысады. Алматы қаласында Алматы облысының № 11 қосалқы стансасына көмек көрсетілді. 1 млн теңгеге 160 азық-түлік пакеті құрылып, 71 жедел жәрдем қызметкеріне тапсырылды. «Солтүстік Қазақстандағы «Ассамблея» корпоративтік қоры Петропавл қаласы ауруханаларының дәрігерлері үшін обаға қарсы 25 костюм сатып алды. Қосымша 10 арнайы костюм сатып алу жоспарлануда.

Қостанай облысының ҚХА волонтерлері зейнеткерлер мен Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне тегін дәрі-дәрмектер таратуда медициналық мекемелерге қолдау көрсетті. Алматы облысының волонтерлері Талдықорған қаласының кіреберісіндегі санитарлық бекеттерге ыстық түскі ас жеткізуді қамтамасыз етті.

Бұл – Ассамблея мен Қазақстан халқының Елбасының үндеуіне нақты жауабы. Елбасының «Береке-бірліктің алмайтын қамалы, бағындырмайтын биігі болмайды» деген сөздері дер кезінде айтылды. Бұл құндылықтар – Тәуелсіздіктің негізі, еліміздегі барлық реформаларды іс жүзінде жүзеге асыру тәжірибесімен дәлелденді.

Нұрсұлтан Назарбаев сонымен қатар, аға буын мен зиялы қауым өкілдеріне, жастарға, кәсіпкерлерге, жалпы алғанда, бүкіл ел халқына қалыптасқан жағдайды еңсеруге өздерінің лайықты үлесін қосуға шақырды: «Біз – біртұтас ел, бірлігі берік жұртпыз. Мен әрқашан халқыммен бірге болғанмын, бұл жолы да сіздермен біргемін». Елбасының бұл сөздері көңілге сенім, жүрекке тыныштық, жұмыс істеуге талпыныс және жеңіске ұмтылу сезімін ұялатады. Біздің әрқайсымыз бұл үндеуді әр ісімізге бағыт ретінде қабылдауымыз керек.

 

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі