Руханият • 10 Сәуір, 2020

Ғылым-білім жиюға арнау қажет

141 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан қоғамының дамуында әртүрлі сын-тегеурін мен қатерлердің тежегіш әсері көп. Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласында Қазақстан халқының бірлігі мен ұйымшылдығына көптеген әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси үдерістердің тәуелді болатынын баса айтты. Иә, бүгінгі әлеуметтік-экономикалық қиындықтар аясында баршамыздың бірігуіміз қажет екені даусыз.

Ғылым-білім жиюға арнау қажет

Қауіпті сипаттағы коронавирустың жайылуы, әлбетте, Қазақстан және әлем елдерінің дамуына теріс әсерін тигізеді. Болып жатқан жаһандық өзгерістер экономикалық, азық-түліктік қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін әжептәуір күш салуды қажет етеді. Осы тұста мемлекеттік және мемлекеттік емес органдардың бас­ты міндеті – ел тұрғындарының өмір сапасы мен экономика және қаржы секторларының құлдырауына жол бермеу.

«Әрине қалыптасып отырған жағдай оңай емес. Бұл – бүкіл әлем мемлекеттеріне түскен зор ауыртпашылық. Біз оны осындай сын сағатта септігін тигізетін халқымыздың төзімділігі, ерік-жігері және өзіне деген зор сенімі арқасында міндетті түрде жеңіп шығамыз. Ол үшін бізге қажетті нәрсе – қаржы-қаражат, материалдық ресурс, техника, азық-түлік – бәрі бар. Алаңдайтын, абыржитын еш негіз жоқ», деді Елбасы. Осы сөз бізді сабырға, төзімге шақырады.

Елбасы айтқандай, осындай қиын-қыстау шақта елдегі қоғамдық-саяси жағдайды шайқауға қабілетті күштердің пайда болуына жол бермеу қажет. Таяу және Орта Шығыс, Солтүстік Африка елдерінің тарихи тәжірибесі көрсеткендей, мұндай жағдайды халық­аралық экстремистік және лаңкестік ұйым­дар міндетте түрде этносаралық және конфессияаралық шиеленістер тудыру үшін қолдануы мүмкін. Сондықтан Тұң­ғыш Президентіміздің пайымымен бұл кезеңді біз білім алуға, ғылыммен айна­лысуға тиімді жұмсай білгеніміз жөн.

Қазақстан басшылығы бүгінгі жағдайдың күрделі де тұрақсыз екендігін жасырмайды. Десе де, Нұрсұлтан Әбішұлы өз мақаласында осы дағдарысты еңсеретін күшіміз де, мүмкіндігіміз де бар екенін атап өтті. Елбасының күш-жігерімен Тәуелсіздік жылдары Ұлттық қорымызды жасақтадық. Қазір онда 90 миллиард доллар бар. Яғни, әрбір қазақстандыққа мемлекет тарапынан қажетті қамқорлық көрсетіледі. Ең бастысы, біртұтас және ұйымшыл болуымыз қажет.

 

Әбсаттар ДЕРБІСӘЛІ,

Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, академик, профессор