Осындай сын-қатерлі кезеңде қоғамның ауызбіршілігі мен ынтымағы, сондай-ақ жоғары тәртібі дағдарыстан жедел әрі тиімді шығудың басты факторына айналды. Әлемдік тәжірибеге үңілетін болсақ, қатерлі індеттің кең етек жайып таралуына жол бермеген көптеген Шығыс Азия мемлекеттері, ең біріншіден, қоғамның жоғары азаматтық жауапкершілігі мен белсенді қолдауына арқа сүйеп, тиісті іс-шараларды ұлттық деңгейде дер кезінде жүзеге асырған болатын. Міне, осы тұрғыда Елбасы өзінің мақаласында Қазақстан халқын сабырға, байсалдылыққа және ынтымаққа үндеген болатын. Өйткені мемлекет деңгейіндегі қабылданған шаралардың тиімді орындалуы қоғамның белсенді қолдауы мен тікелей қатысуына байла-
нысты.
Сондай-ақ Елбасы атап өткендей, осы дағдарысқа еліміз тәуелсіздік жылдарында іске асырылған мемлекеттік бағдарламалар мен бастамалары арқасында мейлінше дайындалып, өзінің экономикалық, саяси және әлеуметтік тұрақтылығын тиімді қалыпастырған болатын.
«Қазақстан-2050» стратегиясы, «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасы, «Болашақ» бағдарламасы сияқты стратегиялық бастамалар осының дәлелі. Осыған қоса, елімізде ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ететін, мөлшері 90 млрд АҚШ долларына жететін Ұлттық қор мен алтын-валюта резервтері бар. Осының барлығы еліміздің қиын-қыстау кезеңнен сүрінбей өтудің маңызды алғышарттары мен кепілі болып табылады.
Сондықтан қазіргі таңда ең бастысы, еліміздің тұтастығын сақтап, түрлі арандатушы ақпаратқа алданбай, мемлекет жүзеге асырып отырған бағыт аясында жұмылу.
Ерлан МӘДИЕВ,
Тұңғыш Президент қоры жанындығы ӘЭСИ сарапшысы