Еліміздің ең үлкен байлығы – адам өмірі мен денсаулығы, ұлт қауіпсіздігі. Біз баршамыз осы құндылықтарды қорғап, сақтауымыз керек. Қазақстан халқы осындай сын сағатта өзіне тән төзімділігі, зор сенімі мен ауызбіршілігі арқылы бұл қатерді міндетті түрде жеңіп шығады деп сенеміз.
Осындай қиын-қыстау кезеңде еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дер кезінде халыққа үндеу жариялауы баршамызға деген үлкен қамқорлықтың, жанашырлықтың белгісі деп білеміз. Елбасының «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласы қатерлі кезеңді бастан өткеріп отырған қазақстандықтарға ерекше демеу болып, жігерлендірді.
Әр уақытта халқының қамын ойлайтын Елбасы бұл мақаласында: «Мемлекет бұл қиындықтан шығу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды және тиісті шараның барлығын атқарады. Бірде-бір адам, еліміздің ешбір азаматы қамқорлықсыз қалмайды» деп атап өтті.
Дүние жүзін құрсаулап бара жатқан пандемия дамыған елдердің өзінде экономикалық дағдарыс туғызып, тығырықтан шығудың жаңа шешімдерін қарастыруға мәжбүрлеуде. Елбасы жүргізген жүйелі реформалар нәтижесінде ауыл шаруашылығы дамып, Қазақстан өзін ет-сүт және тағы басқа да азық-түлік өнімдерімен емін-еркін қамтамасыз етіп қана қоймай, әлемдегі астық экспорттаушы алғашқы алты мемлекеттің қатарына қосылды.
Бұл реформалар жөнінде Елбасы өз мақаласында «болашақ үшін, алда күтіп тұрған осындай алмағайып замандар сынағын еркін еңсеру үшін көп қаржы-қаражат салып, зор жауапкершілікпен атқарылған бұл реформалардың дұрыс болғанын өмірдің өзі дәлелдеді» деп атап өтті.
Әр мемлекеттің жарқын болашағы, өркениеттілігі біліміне, ғылымына, өнері мен мәдениетіне, жаңарған өндірісіне тікелей байланысты. Біздің ғалымдарымыз да осы қиын уақытта халыққа жан-жақты көмек көрсетуде. Елбасы айтқандай, ғылым-білімінің жетістігін ортақ мақсат жолына бірлесе жұмылып, ынтымақтаса әрекет етуде.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы елдегі төтенше жағдайға тікелей басшылық жасап, барлық мүмкіндіктерді қарастырып отыр. Ел Президенті жақында ғана Ұлттық биотехнология орталығында болып, отандық ғалымдардың коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина құру бойынша басталған жұмыстар туралы ақпарат алды. Бұл жұмысқа Ұлттық биотехнология орталығы, Қазақ ұлттық аграрлық университеті, Жамбыл облысы, Қордай ауданындағы Биологиялық қауіпсіздік ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары тікелей атсалысуда. Президент биолог ғалымдардың еңбегін жоғары бағалап, отандық ғылымның дамуына жан-жақты қолдау көрсету керектігін айрықша атап өтті.
Сақтық шараларын бұлжытпай орындау – баршамыздың міндетіміз. Бүгінде университетіміздің ұстаз-ғалымдарынан құралған волонтерлердің күшімен жатын орындары әзірленіп, №10 «Ақ қайың» студенттік үйіне қаланың 210 медицина қызметкері орналастырылды. Университет студенттері ағымдағы жылдың 16 наурызынан бастап қашықтан оқыту жүйесіне көшірілді. Карантин режімі кезеңінде оқу орнының ғалымдары, оқытушылары кесте бойынша қашықтан сабақ беруде. Біздің білікті де білімді ұстаз-ғалымдарымыз жаңа технологиялардың мүмкіндігін пайдалана отырып, қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындарымен, ғылыми орталықтармен байланыстарын үзбей, қашықтан білім беруге, ғылыми жұмыстарды жүргізуге және ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне ақпараттық кеңес беруге толығымен мүмкіндік алып отыр.
Биыл 30 наурызда «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ басқарма төрағасы Төлеутай Рахымбеков тікелей эфирде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілер үшін онлайн-кеңес өткізіп, еншілес ұйымдардағы көктемгі егіс жұмыстарының барысы туралы жан-жақты айтып берген. Енді осы орталықтың ғалымдары аптасына үш рет тікелей эфирге шығып, онлайн режімінде фермерлерге кеңес беруде.
6 наурыз күні Қазақ ұлттық аграрлық университетінің 34 сарапшы ғалымы онлайн-кеңес берді. Оған бір күнде 2 мыңға жуық ауыл кәсіпкерлері мен аграрлық сала еңбеккерлері тікелей байланысқа қосылып, өздеріне қажетті ақпараттар мен пайдалы кеңес алды. Университет ғалымдары оқу-тәжірибе шаруашылығында көктемгі егіс жұмыстарын бастап кетті. Университетте «Ситуациялық орталық» жұмысы жүйелі жолға қойылған, оқу орны сайтында «АгроДаму» парақшасы бар. Онда фермерлер өздерін қызықтыратын тақырыптарға байланысты сұрақтарын жібере алады. Біздің ғалымдар оларға міндетті түрде жауап береді.
Мен өзімнің және аграрлық салада қызмет атқарып жүрген ғалымдардың атынан, осындай қиындықтан шығу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз және тиісті шараның барлығын өз уақытында тиімді атқарамыз деп білемін. Бүгінгідей қатерлі кезеңде әрқайсымыздың жауапкершілігіміз артып отыр. Рухы биік қазақ елі өзінің ауызбіршілігінің, ұстамдылығы мен төзімділігінің арқасында осы бір ауыр сынақ кезеңін аман-есен өтетініне толық сенімдімін.
Тілектес ЕСПОЛОВ,
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, ҰҒА академигі