2019 жылы тамыздың 26-сында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығы шықты. Күллі түркі жұртының мақтанышы, әлемдегі Аристотельден кейінгі «екінші ұстаз» атанған ғалым-философ Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын мемлекеттік деңгейде атап өту және мемлекеттік комиссия құру туралы қаулы қабылданды.
Мемлекеттік комиссияның мерейтойды атап өтудің жоспарына сәйкес республикалық және өңірлік деңгейдегі 50-ден астам іс-шара көзделген. Бұлардың ішінде халықтың барлық буынын қамтитын арнайы жобалар, ғылыми талдаулар, қоғамдық маңызды және мәдени-бұқаралық іс-шаралар бар.
Түркі әлемі математиктерінің қоғамы (Turkic World Mathematical Society (TWMS)) да өз жұмыс жоспарында әл-Фараби мерейтойына арнайы іс-шаралар өткізуді қарастырды.
Әрине әл-Фараби сынды ғұлама туралы философтар, филологтар, тарихшылар мен педагогтер екшеп айтып жатыр. Әлі талай сараптамалар, мақалалар шығады. Оған кәміл сенемін.
Әл-Фараби бабамыз:
Жататын дəйім жаңғырып,
Бұл ғұмыр емес мəңгілік.
Бейопа мына заманда,
Бақұл боп кетер адам да.
Жұрт кілең күнін көп қызық,
Жіберер зая өткізіп.
Қағаздың түсіп бетіне,
Сызықтай бейне тартылған.
Тап болып, жігер сарқылған,
Кездейсоқ өмір өтіне,
Қайыспай тұрса нар тұлғаң.
Сонда да беріп кетеміз,
Жүректің отын молында.
Арманды аңсап өтеміз,
Біз ұлы мұрат жолында,
– деп арманын жырға жазып кеткенін білеміз. Сол ұлы мұраттарының бір ірі саласы – математика. Сондықтан да әбу Насыр Әл-Фараби бабамыздың математикалық мұрасына назар аудартқым келеді.
TWMS-тің президенті ретінде түркі әлемінің математиктері осы ғылым саласының жан-жақты дамуы үшін тұрақты әрі табысты еңбек етіп келеді деп айта аламын. 1999 жылдан бері ғылыми нәтижелерді жариялауға арналған математиктердің бұл қоғамы Clarivate Analytics базасына кіретін «TWMS Journal of Pure and Applied Mathematics» журналын шығарады. Әрі түрік әлемі математиктерінің ғылыми конгрестері өткізіледі. Бұл конгрестер 2 рет Түркияда, 2 рет Қазақстанда, Қырғызстан және Әзербайжанда өткізілді. Әрбір конгреске барлық түріктілдес мемлекеттерден жалпы саны 500-ден астам ғалым қатысты.
Биыл TWMS-тің VII конгресі Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында қазан айының 20-22 аралығында өткізіледі. Осы VII Конгрестің аясында математика тарихы бойынша секцияда әл-Фарабидің 1150 жылдығына байланысты оның математика саласындағы мұрасы жайлы мазмұны терең баяндамалар жасалмақ. Бұл конгресте Орталық Азия мен Қазақстандағы математика мен оны оқыту методикасы әл-Фараби еңбектерінен бастау алғаны туралы тың пайымдаулар жасалады.
Сонымен қатар осы жылдың 9-10 қазанында Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясы ұлы философ және математик әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған CATech-2020 халықаралық конференциясын өткізеді.
Әл-Фарабидің математикалық еңбектері: «Ғылымдар тізбегі» немесе «Ғылымдар классификациясы», «Алмагеске қосымша кітабы», «Евклидтің «Бастауының» бірінші және бесінші кітаптарының қиын жерлеріне түсініктеме», «Табиғат сырын геометриялық фигуралар арқылы танытарлық рухани әдістер». Бұлардан басқа да математикаға тікелей немесе жанама қатысы бар көп деректер ғұламаның «Музыканың үлкен кітабы», «Алмагеске түсініктемесі» атты еңбектерінде мол орын алған.
Орта ғасырларда мұндай ғылыми зерттеулер жүргізу, тек өз заманынан жүздеген жылдарға ой-санасы озып туған ғұламаның ғана қолынан келетін еді. Осы еңбектерді жеке-жеке қарастыра отырып Фарабидің аса көрнекті математик болғанына көз жеткіземіз.
Алдыңғы буын ағаларымыз да осыдан 50-60 жыл бұрын әл-Фараби еңбектеріне назар аударды. Кеңестік және араб елдері ғалымдарының ой-тартысында ғалым Ақжан Машановтың табандылығы мен ғылыми ізденісінің арқасында әл-Фарабидің қазақ жерінен шыққандығы бұлтартпас айғақтармен дәлелденіп, сонау ІХ ғасырда өмір сүріп, ғылымға зор үлес қосқан, «Шығыстың Аристотелі» атанған қазақ кемеңгері әл-Фарабидің 1100 жылдық мерейтойы 1970 жылы Алматыда жоғары деңгейде атап өтілді.
Әл-Фараби еңбектерін тұңғыш танытушы Ақжан Жақсыбекұлы Машанидің атқарған ерлікпен пара-пар істеріне академик Әлия Бейсенова «Egemen Qazaqstan» газетінің 2020 жылғы 4 наурыздағы санында жариялаған «Әл-Фарабиді Қазақ еліне қайтарған Ақжан Машани» атты мақаласында терең тоқталады.
1966 жылдың күзінде математиктердің Мәскеу қаласында өткен дүниежүзілік конгресі әл-Фарабидің физика-математика, музыка және астрономия ғылымдары тарихында елеулі еңбек еткен қазақ данышпаны екенін көрсетіп, оның 1100 жасқа толған мерекелі күнін 1970 жылы дүниежүзілік көлемде атап өтуге ұсыныс берді.
1967 жылдың аяғында Қазақ КСР Ғылым академиясының президиумы Әбу Насырдың ғылыми мұрасын зерттейтін, оны халық арасында кең насихаттап тарататын және ғалым мерейтойын жоғары деңгейде өткізу үшін арнайы комиссия құрды. Бұл комиссияны физика-математика ғылымдарының докторы, академик Ж.Тәкібаев басқарып еді.
Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі А.Машанов және физика-математика ғылымының кандидаты А.Көбесов әл-Фараби еңбектерін араб тілінен ана тілімізге алғаш рет аударып, оларды республикалық «Білім және еңбек» журналының беттерінде жариялай бастады.
1969 жылы әл-Фарабидің таңдамалы шығармалары қазақ тілінде бір томдық жинақ болып басылып шықты. Ал әл-Фарабидің математикалық мұраларын зерттеген Ауданбек Көбесовтің «Әл-Фарабидің математикалық мұрасы» атты монографиясы ғалымның жарияланған және жарияланбаған қолжазбаларының негізінде құрастырылып, Фарабидің математик-ғалым бейнесін қалыптастырған құнды еңбек болды.
А.Көбесов өзінің «Ғылымда даңғыл жол жоқ» кітабында «Тарихтың ұлы көшінде адамзат жинақтаған материалдық байлықтар қандай ұшан-теңіз болса, оның рухани құндылықтар қоры да сондай мол. Бұлардың бәрі бірдей ортақ қазына. Сол мәдени мұраны талдап, іріктей білу, оны қастерлеп бағалай білу, халыққа жеткізу – кейінгі ұрпақтың абыройлы парызы. Қазір ғылым – заманымыздың аса ірі мәдени құбылысы, жалпы цивилизациямыздың бөлінбес маңызды бөлігі болып отыр. Сондықтан да мәдениетті, оқыған әрбір азамат ғылым тарихынан белгілі көлемде хабардар болуы игілікті нәрсе екені ешкімге дау туғызбаса керек», деген болатын. Ендеше А.Көбесов жиған рухани құндылықтарды кейінгі ұрпаққа жеткізу, олардың бойында біздің ұлттық ғұламаларымыз туралы білім, білік, дағдыны қалыптастыру қажет. Өйткені әл-Фарабидің математикалық мұрасы әлемдік өркениетке қосылған ұлы мұра. Бұл қазақ топырағында туған Ұлы бабамыздың тұлғасын биіктете түседі. Әл-Фарабиды тану арқылы әлем Қазақ елін таниды деп ойлаймын.
Әбу-Насырдың өмірі мен мұрасын игеру мақсатында басқа да жұмыстар атқарылды. Сол жылдары жазушы Д.Досжановтың «Тұлпардың ізімен» және жазушы, журналист Ә.Әлімжановтың «Сувенир из Отырара» деген кітаптары жарық көрді.
Белгілі педагог-ғалым Қажи Нұрсұлтанов 1975 жылы «Очерки истории математических знаний в Казахстане и вопросы использования ее материалов в педагогическом процессе казахской школы» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Ғылыми жетекшісі физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Ф.Д.Крамар, ал оппоненті физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, академик О.А.Жәутіков болды. Диссертация Әбу Насыр Мұхамед әл-Фарабидің және Ахмет ибн Омар Юсуф әл-Фарабидің тарихи-ғылыми мұраларын орта мектепте математика пәнінде оқытумен байланысты этнопедагогиканың өзегіне айналды.
Автордың негізгі мақсаты – орта мектеп мұғалімдеріне арналған Қазақстандағы математикалық білім тарихының материалдары бар оқу құралдарын жасау, сондай-ақ ол материалдарды сабақтарда және сыныптан тыс сабақтарда тиімді қолдану бойынша әдістемелік ұсыныстарды әзірлеу болатын.
Ғалым өз еңбегінде Әбу Насыр әл-Фараби – Шығыстағы ғылыми дидактиканың негізін салушы екенін дәлелдейді. Ат-Тафтазани трактаты Шығыстың және Орталық Азияның мектептерінде геометрияны ғылыми оқытудың бастауы тереңде болғанын және бұл дәстүр белгілі дәрежеде ХХ ғасырдың басына дейін жалғасқанын дәлелдейді.
Геометрия бойынша оқулықтар баяндау әдісіне қарай ғылыми трактаттардан ерекшеленуі тиіс және мектеп пен медресеге арналған геометрия бойынша оқу құралдарын құрастырушылар басшылыққа алуы тиіс қағидат еді. Бұл туралы ІХ-Х ғ. «Екінші Шығыстық ұстаз» Әбу Насыр әл-Фарабидің Евклидтің «Бастауының» бірінші және бесінші кітаптарына түсініктемесінде айтылған. Әбу Насыр әл-Фарабидің оқулық жайлы сөзіне жүгінелік: «...санаға сай тәртіп бойынша, алдымен нүкте, кейін сызық, одан кейін сыртқы беті, кейін барып дене. Алайда оқушы жайлы айтқанда, оқытудың басында оқушы сезілетін нәрсеге мықты болғандықтан, біз алдымен сезімге сәйкес тәртіпті қолданамыз, ал ғылыми шығармада ақылға сай тәртіп қолданылады. Сондықтан оқыту сезілетін денеден басталуы тиіс..». Басқа шығармаларында әл-Фараби Евклидтің «Бастауларында» педагогикалық тәсілдің жоқтығын сынға алып, математикадан оқу құралдарын жазу барысында оқушылардың жас ерекшеліктерін ескеру қажеттігін атап өтті.
Әл-Фарабидің пікірлерінен мектеп, медресе мұғалімдері мен осындай мектептерге арналған оқулықтардың авторлары басшылыққа алуы тиіс жалпы дидактикалық нұсқаулар анық көрінеді.
Орта ғасырлық Шығыстың «екінші ұстазының» осындай айқын пікірінен кейін оның оқушылары мен ізбасарлары геометрия бойынша оқытудың барлық талаптарына сәйкес оқу құралдарын жазды. Соның бірін Саад-диномат ат-Тафтазани құрастырды. «Үшбұрыштың бұрыштары туралы трактат» осыдан алынды.
Әл-Фараби оқыту мен тәрбиелеудің диалектикалық байланысын терең әрі дұрыс түсінді. Ол «тәрбие ғылымдарына» арифметика, геометрия, астрономия және музыканы жатқызды. «Бұл төрт ғылымның, деп жазады әл-Фараби, тәрбиелеуші деп аталу себебі, білім алушыны тәрбиелейді, оны неғұрлым нәзік етіп, оған одан кейінгі ғылымды тану үшін тікелей жол көрсетеді».
Осыдан Әбу Насыр әл-Фарабидің Орта Шығыстағы ғылыми дидактиканың негізін қалаушы екеніне көз жеткізесіз. Орта Шығыс пен Қазақстандағы математика мен педагогиканың бастауларын әл-Фарабидің ғылыми мұрасына жатқызған дұрыс.
Сәулет өнеріндегі «Өнердің геометриялық тәсілдері» ұлы ғалым-энциклопедист, ортағасырлық Қазақстанның Отырар өлкесінің тумасы Әбу Насыр Мұхаммед әл-Фараби ат-Түрік еңбектерінен бастау алады. Өзінің «Ғылым классификациясы туралы» еңбегінде «геометрияның екі бөлімі бар: қолданбалы және теориялық геометрия» деп жазған. Әл-Фараби еңбегіндегі келесі мәтінінен көрінетін қолданбалы ғылымға жататын «өнердің геометриялық тәсілдерінің... саны көп. Олардың бір бөлігі құрылыс өнерінің негізін құрайды». Ортағасырлық ғалымның пікірлеріне сүйене отырып, сол кезеңдегі Қазақстан мен Орталық Азия сәулетшілері өз уақытының өткен дәуірлерінің математикалық жетістіктерінен хабардар болып, архитектуралық ғимараттар салуда кеңінен пайдаланды деген тұжырым жасауға болады.
Қазақстанда және көршілес мемлекеттерде құрылыстың сәулеттік нысанын құру кезінде «өнердің геометриялық тәсілдеріне» негізделгенін дәлелдеген нақты мысалдар аз емес. Бұл тұрғыда өзбек архитекторы С.М.Болатов ашқан Х-ХV ғасырларда бірқатар Орталық Азияның ескерткіштеріне еселігі √2-ге тең болатын геометриялық прогрессия, яғни квадраттың қабырғасы мен диагоналын қолдануға негізделген пропорция жүйесі қолданылған. Құрылыс нысандарын құрудың бұл әдісі Қожа Ахмет Ясауи сынды бірегей қазақстандық сәулет ескерткіші үшін де қолданылды. Мұндай күрделі ғимаратты салу сәулетшілерден құрылыс технологиясының негіздері бойынша білімнің болуын талап еткені сөзсіз. Шын мәнінде, кеңес сәулетшісі Л.Ю.Маньковскаяның зерттеуі көрсеткендей «Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жобасы сәулет және конструктивтік формаларды құру теориясын дұрыс меңгерген және осы теорияны данышпандықпен пайдаланған дәрежесі өте жоғары шебер әзірлеген». Түркістан шебері өз туындысының әрбір элементін жобалауға көп ойланғанын қисық аркалар мен күмбездерді тұрғызғанынан көре аламыз. Ахмет Ясауи кешенінің аркаларын ғылыми-зерттеу оның құрылысшыларына құрылыстың көптеген өз заманының технологиялары мәлім болған деп есептеуге мүмкіндік береді.
Бұл келтірілген мысалдар Қазақстан мен Орталық Азияның сәулет ескерткіштерін тұрғызған ортағасырлық сәулетшілердің Әбу Насыр әл-Фараби көрсеткендей «өнер тәсілдеріне» жататын математикаға негізделген салу есептері мен есептеулерді пайдаланғанын дәлелдейді.
Бүгінде әл-Фарабидің өмірі мен еңбектерін, мұрасын іздеп тауып, оны зерттеу тұрғысынан қыруар жұмыс атқарылды. Білім және ғылым министрлігінің Философия, саясаттану және дінтану институтының Шығыс философиясы және фарабитану бөлімінде әл-Фарабидің диалектикасы, гносеологиясы мен әлеуметтік философиясы мәселелері бойынша зерттеулер циклі жүргізіліп келеді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде құрылған Фарабитану орталығында әл-Фараби мұраларын аудару, зерттеу, насихаттау бойынша үлкен жұмыстары орындалып жатыр.
Жақында жазушы Роллан Сейсенбаевтың бастамашылығымен ғұлама ғалым, ойшыл тұлға – Әл-Фарабидің он бес томдық жинағы жарық көрді. Бұл ұлы ғұлама туралы көп томдықтың алғысөзін Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев жазғанын ескерсек, көп томдықтың мәні мен маңызы жоғары екенін түсінеміз.
Бұл көптомдық Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдарының атсалысуымен шыққанын атап өткен жөн.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Әл-Фарабидің математикалық мұралары заманауи білім беру жағдайында» атты жоба бойынша ғылыми-әдістемелік зерттеу жүргізіліп, педагогикалық мамандықтар студенттеріне және мектеп оқушыларына арналған әл-Фарабидің бір оқу құралы қазақ тіліне аударылып құрастырылды, бес оқу-әдістемелік құрал шығарылып, бір авторлық куәлік алынды. Атап айтқанда, профессор Е.Ы.Бидайбеков және оның оқушылары мен әріптестерінің «Геометриялық салу есептері», «әл-Фарабидің тригонометриялық мұрасы», «әл-Фарабидің арифметикасы, алгебрасы мен музыка теориясы қазіргі білім беру жағдайында», «әл-Фарабидің геометриялық мұрасы заманауи білім беруде», «al-Farabi’s arithmetic, algebra and music’s theory in modern education» кітаптары шығарылды. Зерттеу нәтижелері халықаралық және республикалық конференция материалдарында, журналдарда 43 мақала, соның ішінде үшеуі Scopus базасындағы журналдарда жарық көрді. Оқушылар зерттеу жұмыстарын жүргізіп, республикалық көлемде жүлделі орындарға ие болып, бір докторант PhD докторлық жұмысын қорғады.
Қазақ даласынан әлемдік математикалық ілімнің биігіне көтерілген ұлы бабамыздың ұрпақтары да жаһанға танылып жүр. Бүгінде Қазақстан математиктерінің есімі дүние жүзіне мәлім. Олар халықаралық конференцияларда математика ғылымының әр саласы бойынша баяндамалар жасап, оның теориясы мен практикасы туралы тұжырымды ойлар айтып жүр. Демек, әл-Фарабиден тараған ілім ұрпағымен жалғасын тауып жатыр.
Математика – бар ғылымның бастауы. Орта ғасырдың ұлы шайыры Омар Хайямның мына бір әфсанасы бар: «Ақымақ махабатты қоялықты, математикамен айналысайық».
Иә, қазір Қазақстан математиктерін дайындайтын екі ұлы шаңырақ бар. Олар Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мен Абай атындағы ұлттық педагогикалық университеті. Аты әлемге танымал екі университетте де механика-математика факультеттері бар. Екеуі де – әл-Фараби ұрпақтарын тәрбиелеп жүрген математиктердің құтты шаңырағы.
Осындай жұмыстар болғанына қарамастан, жас ұрпақты ілім-білімге, ғылымның жауһарларына қызықтырып, оларға рухани, патриоттық білім-тәрбие беру мақсатында әл-Фараби бабамыздың еңбектерін, мұрасын оқу бағдарламаларына енгізіп, оқу құралы ретінде пайдалануға арналған ғылыми-әдістемелік зерттеулер мен шаралардың әлі де жеткіліксіз екендігіне назар аударамыз.
Әл-Фарабидің еңбектерін білім беруде пайдалануға дайындап, оқу бағдарламаларына енгізуге арналған жүйелі ғылыми-әдістемелік зерттеулер жүргізу заман талабы. Сол себепті келесі шараларды іске асыру қажет деп санаймыз:
– Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Әл-Фарабидің мұрасы бойынша зерттеу нәтижелерін заманауи білім беруге ендіру мақсатында республикалық эксперименттік алаң ашу;
Әл-Фарабидің математикалық, жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдар мен педагогикалық бағыттағы мұраларын заманауи білім беруге ендіруге бағытталған ғылыми зерттеулерді қаржыландыратын жобалар қажет.
Тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан өз тарихына ерекше назар аударып келеді. Шетелдерде табылған қаншама архивтік құжаттар әкелініп, зерттеу нысанына айналды. ҰҒА корреспондент-мүшесі, Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры Ә.Дербісәлі Әл-Фараби бабамыз туралы қаншама дерек әкеліп, зерттеу жүргізіп, кітап шығарды. Демек, Әл-Фараби ұлттық құндылығымыз болып қала береді.
Ұлтымыздың ұлы перзенті, Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы елдің ұраны білім мен ғылым екендігіне ерекше назар аударды. Талантты қыз-жігіттерді оқытудың реформасын жасады және жүзеге асырды. Соның ішінде математикаға ерекше назар аударды. Өйткені Елбасы математиканы бар ғылымның бастауы, өрлеу ренессансы деп бағалады. Міне, Әл-Фараби идеясы жаңа заман мінберінен айтылып жатыр. Демек, ұлы баба ілімі өміршең деген сөз!
Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ,
Парламент Сенатының депутаты, Түрік әлемі математиктері қоғамының (TWMS) президенті, академик