Жалпы, елімізде және әлемнің көптеген елінде жарияланған төтенше жағдай адамға ең бірінші не керек екенін көрсетті, шынайы құндылықтардың бағасын арттырды деп ойлаймын. Біріншіден, адам баласына ең керегі – денсаулық. Одан кейінгі қажеті – күнделікті азық-түлігі. Ал ауыл шаруашылығы – халықтың осы екі қажеттілігін де өтейтін сала. Себебі сапалы әрі мол, бағасы тиімді азық-түлік денсаулықтың жақсы болуына тікелей әсер етеді. Елдің экономикасы дұрыс болса, халықтың әл-ауқаты артады, әлеуметтік жағдайы жақсарады.
Мемлекет басшысы көктемгі дала жұмыстары кешеуілдеп қалмауы үшін жалпы көлемі 170 млрд теңгеден астам қаржы бөлгізді. Дизельдік отын бағасы да жылдағыдан әлдеқайда арзанға жеткізіліп жатыр. Егіс алқаптарында жұмыс қызды. Астық дақылдарын, бау-бақша өнімдерін айтпағанда, 300 мың гектардан астам жерге мал азығы дақылдары егілетін болды.
Жалпы, қауымдастық мүшелерінің, фермерлердің атынан төтенше жағдайға байланысты қолға алынған шектеулерді толық қолдаймыз. Фермерлердің жұмысы карантин талаптарымен жан-жақты үйлестірілген. Жұмыс бабымен жүріп-тұру қажет болған жағдайда фермерлер тиісті рұқсат қағазын қолданады.
«Көктемнің бір күні – жылға азық» дейді бабаларымыз. Дер кезінде жасалған қолдаудың нәтижесінде көктемнің әр күні тиімді пайдаланылып жатыр. Сәтін салса, көп ұзамай карантиннің де аяқталып, еліміздің өмірі бұрынғы арнасына қайта түседі. Көктемде жасалған шаруалардың мол жемісін күзгі салым көреміз деген сенімдемін.
Алмасбек САДЫРБАЕВ,
Қазақстанның «Shopan-ata» ұлттық қойшылар қауымдастығының басқарма төрағасы