Аймақтар • 14 Сәуір, 2020

Zhetysu 360˚: Тарихи орындарды 3D форматында тамашалаңыз

206 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл үшінші жыл жүзеге асып отырған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы Жетісу өңірінде де жемісіті жалғасуда. Алғашқы кезеңде бағдарлама аясында 325 жоба мен іс-шара ұйымдастырылса, былтыр  атқарылған жұмыс көлемі 585 жобаға сыйыпты. Ал өңірде 3 жыл бойына өткен 15 мыңға жуық шараға 1 млн адамнан астам тартылған екен.

Zhetysu 360˚: Тарихи орындарды 3D форматында тамашалаңыз

Бағдарламадағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасы аймақтардағы сакралды орындарды анықтап, олардың сақталуы мен қорғалуын жаңа деңгейге көтергені анық. Ал бұл бағытта Алматы облысында 2017 жылы 58 нысан іріктелген екен. Оның ішінде ортақ тізімге 17 республикалық  және 41 облыстық сакралды нысан енгізіліпті. Бұл жұмыстың тағы бір ерекшелігі, нысан картасын жасауда заман талабына сай цифрлы технологияның мүмкіндігі пайдаланылған. Яғни, аймақта «Ескерткіштердің электронды картасы» жасалып, оған өңірдегі 2 343 ескерткіш кірді. Бүгінде бұл картада тарихи, мәдени, табиғи ес­­­кер­ткіштердің, киелі нысандар­дың толық мәліметі тұр.

Осы мәдени ескерткіштердің тізімін жаңа тұрпатта  жасақтауда Сүлейман Демирель университетінің студентері көп еңбек сіңіріпті. Заманауи технологияны жетік меңгерген жастар «Жетісудың киелі жерлері» атты үш тілде бірдей қолдануға болатын мобильді қосымша жасап шығарған екен. Бұл қосымшаны iOs  және Android жүйесіне жүктеп алып, облыстағы киелі орындарды телефоннан-ақ қарауға болады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы жүзеге асқалы бері  аймақтағы тарихи және мәдени ескерткіштердің толық мәліметі мен фотосуреттері жинақталып, «Алматы облысының мәдени ескерткіштер энциклопедиясы» атты цифрлы қалыпқа біріктірілгенін де атап өтуіміз керек. Сондай-ақ, облыс бойынша 255 тарихи-мәдени нысан  QR кодпен таңбаланып, ерекше тізімге енгізілген.

 Қазір Жетісудағы 20 музей мен 5 сакралды нысанды виртуал жүйеде аралап шығуға болады. Мұны Zhetysu 360˚атты жоба бойынша көруге мүмкіндік бар. Ақпарат жинақталған арнайы сайтта тарихи мекендермен қатар жерұйық өлкенің ғажайыпқа толы табиғатын, туристік орындарын да 3D форматында тамашалауға мүмкіндік бар.

 

Алматы облысы