Бағдарламадағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасы аймақтардағы сакралды орындарды анықтап, олардың сақталуы мен қорғалуын жаңа деңгейге көтергені анық. Ал бұл бағытта Алматы облысында 2017 жылы 58 нысан іріктелген екен. Оның ішінде ортақ тізімге 17 республикалық және 41 облыстық сакралды нысан енгізіліпті. Бұл жұмыстың тағы бір ерекшелігі, нысан картасын жасауда заман талабына сай цифрлы технологияның мүмкіндігі пайдаланылған. Яғни, аймақта «Ескерткіштердің электронды картасы» жасалып, оған өңірдегі 2 343 ескерткіш кірді. Бүгінде бұл картада тарихи, мәдени, табиғи ескерткіштердің, киелі нысандардың толық мәліметі тұр.
Осы мәдени ескерткіштердің тізімін жаңа тұрпатта жасақтауда Сүлейман Демирель университетінің студентері көп еңбек сіңіріпті. Заманауи технологияны жетік меңгерген жастар «Жетісудың киелі жерлері» атты үш тілде бірдей қолдануға болатын мобильді қосымша жасап шығарған екен. Бұл қосымшаны iOs және Android жүйесіне жүктеп алып, облыстағы киелі орындарды телефоннан-ақ қарауға болады.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы жүзеге асқалы бері аймақтағы тарихи және мәдени ескерткіштердің толық мәліметі мен фотосуреттері жинақталып, «Алматы облысының мәдени ескерткіштер энциклопедиясы» атты цифрлы қалыпқа біріктірілгенін де атап өтуіміз керек. Сондай-ақ, облыс бойынша 255 тарихи-мәдени нысан QR кодпен таңбаланып, ерекше тізімге енгізілген.
Қазір Жетісудағы 20 музей мен 5 сакралды нысанды виртуал жүйеде аралап шығуға болады. Мұны Zhetysu 360˚атты жоба бойынша көруге мүмкіндік бар. Ақпарат жинақталған арнайы сайтта тарихи мекендермен қатар жерұйық өлкенің ғажайыпқа толы табиғатын, туристік орындарын да 3D форматында тамашалауға мүмкіндік бар.
Алматы облысы