Заң • Бүгін, 11:39

Көкшетау тұрғыны алаяқтардан 1 миллион теңгесін қайтарып алды

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Көкшетау қаласының тұрғыны сот арқылы алаяқтарға аударған 1 миллион теңгесін қайтарып алды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Көкшетау тұрғыны алаяқтардан 1 миллион теңгесін қайтарып алды

Сот материалдарына сәйкес, өткен жылдың сәуір айында жәбірленушінің телефонына белгісіз нөмірден қоңырау түскен. Қоңырау шалған адам өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, жәбірленушінің атына 1 миллион теңге көлемінде несие рәсімделіп жатқанын хабарлаған.

«Алаяқтар мәселені «шешу» үшін оны банктің «қауіпсіздік қызметімен» байланыстырған. Олар жәбірленушіге басқа банктен карта ашып, онлайн несие рәсімдеуді ұсынған. Содан кейін ақшаны банкке қайтару үшін белгілі бір шотқа аударуды талап еткен»,  деп жазылған істе.

Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, заң бойынша, тұлға басқа адамның мүлкін заңсыз сақтаса, ол оны қайтаруға міндетті. Бұл Азаматтық кодекстің 953-бабының 1-бөліміне сәйкес келеді.

«Сот шешімімен жәбірленушінің талап-арызы қанағаттандырылып, алаяқтық арқылы алынған 1 миллион теңге және мемлекеттік баж салығының шығындары жауапкерден өндірілді»,  деп жазылған хабарламада.

Қазіргі таңда сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.