08 Қыркүйек, 2013

Тиімді келісімдер іскерлік байланыстардың тынысын ашады

292 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кеше Астанада Қазақстан – Қытай іскерлік кеңесінің құрылтайшылық отырысы болды. Ол Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің қатысуымен өтті. Сондай-ақ, отырысқа екі елдің ұлттық компаниялары басшылары мен іскер орта өкілдері қатысты.

04

Кеше Астанада Қазақстан – Қытай іскерлік кеңесінің құрылтайшылық отырысы болды. Ол Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің қатысуымен өтті. Сондай-ақ, отырысқа екі елдің ұлттық компаниялары басшылары мен іскер орта өкілдері қатысты.

04

Қатысушыларға арнаған сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Қытайды сенімді серіктес және тату көрші ретінде жоғары бағалайтынын атап өтті.

Дипломатиялық қатынастар орнаған кезден бастап біздің елдеріміз екіжақты экономикалық ынтымақтастықта айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Өткен жылы өзара сауда көлемі 24 миллиард доллар болды. Ортақ күш-жігер жұмсауымыздың арқасында соңғы жылдары өзара іс-қимылдың түрлі тетіктері қалыптастырылды және табысты жұмыс істеп келеді. Олардың қатарында Қазақстан-Қытай комитетінің Ынтымақтастық жөніндегі қызметі мен тұрақты өткізіліп тұратын үкімет басшылары деңгейіндегі кездесулер анағұрлым маңыздысы болып саналады. Өткен жылдарда біз екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуды реттейтін байыпты шарттық-құқықтық база құра білдік. Бұл 170-тен астам үкіметаралық және ведомствоаралық құжатты қамтып отыр, деді Елбасы.

Қазақстан Президенті елімізде инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған заңдар қабылданғанын да арнайы атап өтті.

Олардың қызметіне жан-жақты қолдау көрсетіледі. «Қазақстан-Қытай» мұнай құбырының, «Сарыбұлақ-Зимұнай» және «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырларының құрылысы табысты инвестициялық өзара іс-қимылдың тағы бір мысалына айналды. Қазіргі уақытта біз жаңа Жібек жолын жаңғыртудамыз. Бүкіл еліміз бойынша «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» магистральді көлік дәлізін, жаңа автомобиль және темір жолдарды, теңіз терминалдары мен логистикалық орталықтарды салып, құрып жатырмыз, деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан басшысы Ұлы Жібек жолын жаңғыртудың тағы бір тәсілі ақпараттық технологиялар саласындағы транзиттік әлеуетті ашу болатындығы жөнінде пікір білдірді.

Азия мен Еуропа арасындағы телеком­муникациялық арналарға сұраныстың артып отырғанын ескеріп, Қазақстан ақпараттар ағыны үшін мейлінше қолайлы және барынша қысқа бағыт ұсынуға дайын, деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы Іскерлік кеңесті құру екі ел биз­несінің арасындағы байланыстарды кеңей­тудің тиімді жалғасы болатынына тоқталды.

Менің ойымша, онда елеулі эко­номикалық әлеует бар. Бұл құрылым қызметтің ашық форматына ие бола отырып, екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынастарды тереңдетуде пәрменді шараларды қабылдауға тиіс, деп бір қайырды.

Қазақстан Президенті Іскерлік кеңестің аясында салалар мен өндірістерді дамыту жобаларын жүзеге асыруға арналған инвестициялық және жол карталарын жыл сайын әзірлеп, қабылдауды ұсынды.

Кеңестің тиімді жұмыс істеуі үшін оның аясында Астанада тұрақты жұмыс органын құру қажет деп есептеймін. Одан бөлек, тараптар үшін басым бағыттарды нысанаға алған салалық жұмыс топтарын ұйымдастырған жөн, деді Қазақстан басшысы.

Елбасының тағы бір ұсынысы Іскерлік кеңестің күш-жігерін кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға, екі елдің іскер топтары мен мемлекеттік құрылымдары арасында сұхбат алаңын қалыптастыруға бағыттау жөнінде болды.

Қазақстан мен Қытай ара­сын­дағы ынтымақтастықты жандандыруға септігін тигізетін көрмелерді, сауда жәрмеңкелерін, семинарларды, конференциялар мен екі елдің таныстырылымдарын тұрақты өткізіп тұру қажет. Сондай-ақ, тиімді пікір және іскерлік ақпараттар алмасуды жолға қою мақсатында Іскерлік кеңеске мерзімді баспа және электронды басылымдар шығаруды қамтамасыз ету ұсынылады, деді Президент.

Сөз соңында Нұрсұлтан Назар­баев Іскерлік кеңестің құрыл­тайшылық отырысы екі елдің сауда-экономикалық және инвес­тициялық ынтымақтастығын одан әрі жандандыруға қатысты құнды ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеуге мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин қатысушыларды Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің ашылуымен құттықтады және екі елдің түрлі салалардағы ынтымақтастығы бұрын қол жетпеген биікке көтерілгенін атап айтты.

Менің сапарымның ең басты мақсаты – екіжақты қаты­нас­тарымызды жаңа белестерге көтеру үшін Қазақстан Президентімен бірге бар күш-жігерді жұмсау. Қазақстан – тартылған Қытай инвестицияларының көлемі жөнінен ТМД-дағы ірі ел. Қазақ­станмен бірге біз құбыр желі­сін және Шекаралық ынты­мақ­тастықтың халықаралық орта­лығын салдық. Табысты ынтымақ­тастықтың мұндай мысалдары өте көп, деді Си Цзиньпин.

ҚХР Төрағасы Іскерлік кеңесін құру екі ел бизнес-қауым­дастықтарының сауда-эконо­ми­калық қарым-қатынастарды нығайтуға деген құлшынысының айғағы екенін айтып, бұл Кеңес ынтымақтастықтың жаңа үлгілерін әзірлейтініне және компанияларды өзара тиімді серіктестікке көптеп тартатындығына үміт артты.

Іскерлік кеңес отырысының барысында экономикалық және инвестициялық байланыстарды тереңдетуге бағытталған бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды.

Атап айтқанда, «Самұрық-Қазына» АҚ-тың басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев пен ҚХР тарапынан СІТІС Group директорлар кеңесінің төрағасы Чан Чжэньмин «Инвестициялық картаны» жүзеге асыру келісіміне қол қойды. Бұл құжатта 21 жоба қамтылған. Оларды жүзеге асыруға 18 миллиард доллар жұмсалмақ. Отырыс барысында, басқарма төрағасы Datang Corpoation директорлар кеңесінің төрағасы Чэн Цзиньсиньмен СІТІС басшылығымен энергетика саласында бірлесе жұмыс істеу бойынша келісімге келді. Олармен қатар, «ҚазМұнайГаз» АҚ-тың басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев CNPC директорлар кеңесінің төрағасы Чжоу Цзипинмен келісімге қол қойды. Екі тараптың тағы бірқатар компаниялары тиімді келісімдер мен шарттарға отырды. Жалпы, Іскерлік кеңес отырысына Қазақстан мен Қытайдың 140 ірі компаниясы қатысты.

Отырыстың ресми жиыны аяқталған соң Қызылордада тұрғызылмақ шыны зауыты құрылысына арналған келісімге қол қойғандардың бірі – аталған облыстың әкімі Қырымбек Көшер­баевтан Қазақстан – Қытай Іскер­лік кеңесі мен қол қойылған келі­сім­дер жөнінде пікірін сұраған едік.

– Іскерлік кеңес дер кезінде құрылып, екі елдің де сауда айналымын арттырады. Сөйтіп, экономикалық дамуына жаңа серпін береді. Бұл кеңес, кәсіпкерлерге бизнесін дамыту үшін жаңа кеңістік ашып бергені анық. Ал, қол қойылған келісімдерге келсек, бәрі де зерттеліп, зерделенген құжаттар. Сондықтан, бұл жобалар жүзеге асса, біздің елдің ұтары мол болады. Мәселен, біздің облыста ірге көтеретін шыны зауыты осынау қат материалмен елдегі құрылыс саласын қамтамасыз ететін болады, деді Қырымбек Көшербаев.  

Отырыс соңында Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпин «Бозой – Шымкент» учаскесіндегі «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральді газ құбырын газбен толтыруды бастауға арналған ресми салтанатқа қатысты.

Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,

«Егемен Қазақстан».