Аймақтар • 14 Сәуір, 2020

Қызылорда: Үнемделген қаржы 91,5 млн теңге

289 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мамандары «Ақмешіт – адалдық алаңы» мониторингтік тобы мүшелерімен бірлесіп, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін бақылауда.

Қызылорда: Үнемделген қаржы 91,5 млн теңге

Оның барысында бірқатар мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің 2020 жылға арналған мемлекеттік сатып алу жоспарында сатып алынатын тауар құны ішінара нарық бағасынан көтеріңкі екендігі анықталды. Сатып алу бағасын асырып жіберген мекемелерге тиісті ұсынымдар жолданып, ол бойынша шаралар қабылданды.

– Нәтижесінде, осы жылы сатып алуы жоспарланған тауарлар бағасынан шамамен 91,5 млн теңге үнемделіп отыр. Кейбір ұсыным берілген мекеме мен ұйымдар өз жауаптарында жоспарлау барысында техникалық қателердің орын алғандығын және жоспарды қайта қарап, тиісті өзгеріс енгізгендерін немесе тиісті сатып алу рәсімдері өткізілгендігін, алдағы уақытта жоспарлы бағаның нарық бағасынан асырмау мақсатында нақты шаралар қабылдайтындықтарын хабарлады, – дейді Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің бас маманы  Мұрат Ысқақов.

Мәселен, Жалағаш кенті әкімінің аппаратына қарасты №19 санаториялық – бақша мекемесі төсек жаялықтарының 1 жинағын 647 500 теңгеге алуды жоспарлаған. Ұсыным берілгеннен кейін техникалық қателіктер жөнделіп, жоспарланған тауар саны 162-ге көбейтіліп, қайта өзгертілді.

Тағы бір мысал, Қазалы ауданының білім бөліміне мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспардың бөліктеріндегі эмаль бояуын алуға жоспарлаған 12,4 млн теңге баға ұсыныстары бойынша нарық бағасынан жоғары екендігі ескертіліпті. Көп кешікпей бөлім 7,4 млн теңге үнемделгендігін хабарлады.

Бірлескен істің нәтижесінде, облыс әкімдігі іс басқармасының жылдық жоспарында компьютерлік техникаларға қаралған қаржыдан 78,5 млн теңге үнемделді.

Мемлекеттік сатып алу жоспарларында нарық бағасынан аса алшақтықты болдырмау, сонымен қатар бөлінген қаражаттын мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етуде  осындай мониторингтердің тиімділігі көп.

Сондай – ақ қаражаттың тиімді жұмсалуына талдау жүргізуге қоғам мүшелері де үлес қоса алады.