Руханият • 15 Сәуір, 2020

Елдік мұраттар сыналар шақ

374 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шешендік өнер мен даналықты тумысынан бойына сіңіріп өскен қазақтан артылған сөз бар ма? Қай-қай саланы, нендей тақырыпты алып қарасаң да бабаларымыз оның бәрін философиялық терең толғамдармен, мақал-мәтелдермен келістіре өргені сонша, мұртын бұза алмайсың.

Елдік мұраттар сыналар шақ

«Көргені жақсы көш бас­тар», «Көшбасшысы жақсы елдің көші түзу» дейді қазақ. «Ағасы бардың жағасы бар», «Данасы жақсы елдің баба­­сы тірі» дегенді айтқан да біз­дің аталарымыз. Осы сөздің бәрі бір басына лайық біздің тұңғыш Президентіміз – Ел­басы Н.Ә.Назарбаев та бүкіл жер-жаһанды коронавирус – COVID-19 індеті жайлап, адамзат баласының басына қауіп-қатер төндіріп отырған қазіргідей күрделі кезеңде өз халқына аталық, даналық сөздерін арнап, абыздай тол­ғанып отырғаны баршамызды тебірендіргені анық. 2020 жылғы 8 сәуір күні «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» деп аталатын мақаласы оның ел қамын ойлаған нағыз ел қамқоры екенін тағы бір дәлелдеді.

Бір-бірін жойқын қару-жарақпен қырып жатқан қанды соғыс болмаса да, көзге көрінбейтін індет қазір әлем халқы үшін соғыстан бетер қауіп төндіруде. Күнделікті жедел ақпарат көздерінен алынған мәліметтерге жүгінсек, індеттің беталысы жаман. Қытай елі бастаған тізімде бүгінде 160-тан астам мемлекет тіркеліп отыр. Италиядағы адам шығыны майдан даласындағы қырғыннан кем емес. Жан-жағындағы елдерге қарап, сақтық шараларын алдын ала бастаған Қазақстанға да бұл індеттің бір шеті келіп жетті. Инфекция күннен-күнге өршіп, ауру жұқтырғандар саны арта түсуде. Осыған орай, дүние жүзінің мемлекеттері сияқты, елімізде де төтенше жағдай жарияланып, карантиндік шаралар енгізілгені белгілі. Бұқаралық ақпарат құралдары күндіз-түні халыққа індеттен сақтанудың жолдарын түсіндіріп, каран­тин­дік тәртіпті сақтауға шақыруда. Көлік қатынасы, адамдар қоз­ғалысы шектеліп, жұмыс және оқу орындары уақытша жабылған осы бір қиын кезде халыққа сабыр керек, ел карантиндік шектеулерді дұрыс қабылдауы қажет. Десек те адамдар ішінде мемлекеттік шектеулерге мойынсұнбай, карантиндік тәртіпті өрескел бұзушылар әлі азаймай тұр.

Осыған байланысты Ел­басы Н.Назарбаев «Бірлесе біл­ген ел бәрін де жеңеді» деген мақаласында халқымызды сабырға, ақыл-парасатқа, тәр­тіпке шақырып, тағы да дана­лығын, ағалығын, елге деген жанашырлығын көрсетті.

«Еліміздің ең үлкен байлығы – адам мен оның өмірі болғандықтан, әрбір адам өзі­нің, отбасының, ата-анасы мен бала-шағасының өміріне, ден­саулығына зор жанашырлықпен, ерекше жауапкершілікпен қарауы керек. Өйткені ұлт ден­саулығы – мемлекет қауіпсіз­дігінің құрамдас бөлігі», деген Н.Назарбаев Қазақстан халқын осындай қиын кезде ынтымақты, бір-біріне жанашыр болуға, мемлекеттік тәртіпті қатаң сақтауға, әлеу­мет­тік желілерде аракідік бой көр­сетіп қалатын алып-қашпа әңгі­мелерге, жел сөздерге ілес­пей, қоғамдық үдерістерге пара­саттылықпен қарап, ой түюге үндейді. Мемлекет тарапынан індеттің таралуынан зардап шеккен кәсіпкерлерге, жекеле­ген отбасыларға көмек көрсетіледі, ел экономикасын қолдау шаралары жүзеге асырылады. Мұның бәрін ел білуі керек.

Елбасы осы мақаласында аға ұрпақ пен зиялы қауым өкілдерін халықты ынтымаққа, жақсылыққа, саламатты өмір салтын ұстануға тәрбиелеуге шақырса, жас ұрпақты жаман­дықтан, жат әдеттерден сақта­нуға, ел тәуелсіздігінің тұғырын нығайту үшін жақсы оқып, тиянақты білім алуға үндейді.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық уни­вер­ситетінің ұжымы да Елбасы Н.Назарбаевтың үндеуін шын жүректен қуаттап отыр. Қазір университетте төтенше жағдай тәртібіне сәйкес, студенттерге, магистранттар мен PhD докторанттарға онлайн арқылы қашықтан білім берілуде. Сонымен қатар сабақ сапасына да ерекше көңіл бөлінуде. Оқу сабақтары бекітілген кестеге сәйкес өтеді, оқытушылар әртүрлі жұмыс түрлерін (онлайн-дәрістер, видео-дәрістер, өзіндік жұмыс, онлайн-курстар және т.б.), сонымен қатар қолжетімді ақ­параттық-коммуникативтік тех­нологияларды, атап айт­қанда: Skype, Moody, Zоом, Google Classroom, электронды пошта, Instagram, YouTube және т.б. әлеуметтік желілерді пай­даланады. Бейнеесептер мен жазбаша есептер институт директорларының оқу ісі жөніндегі орынбасарларына жіберіледі және Univer ақпараттық жүйесіне енгізіледі. Апта сайын бағалар Univer электронды журналына қойылады. Оқу үдерісіне және ағымдағы жұмысқа ректорат пен институт директораты тарапынан бақылау жүргізіледі.

Университетте жасалып жатқан осы жұмыстардың бар­лығы Елбасы мақаласында көр­сетілгендей, еліміздің азамат­тарының қауіпсіздігі үшін қолға алынып отырған дүниелер. Егер де Елбасы айтқандай ел болып «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарар болсақ» біз еңсермес қиындық болмайтыны сөзсіз.

 

Такир БАЛЫҚБАЕВ,

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор