Өнер • 16 Сәуір, 2020

Бисермен өрілген сұлулық

811 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сұлулықты, көркем дүниені жан азығы деп білетін қостанайлық көрермендерге мұндағы суретшілердің, мүсіншілердің аты ғана емес, олардың қолтаңбасы, техникалық әдістері мен мәнері, жанры да таныс.

Бисермен өрілген сұлулық

Ал соңғы жылдары көр­кем дүние көрмелері өзге де шығармалармен толығып жүр. Со­лардың қатарында кес­те, әсіресе моншақтап, яғни би­сермен кестелеп жасаған шы­ғармалар жұртшылықтың да назарын аудара бастады. Оның авторы Күләнда Есекина өз шығармаларынан бірнеше көрме ұйымдастырып үлгерді. Моншақты кестелері көпшілікті нәзіктігімен бау­райды. Бисермен өрілген бояулар үйлесімі картинаға ерек­ше реңк береді, жүректен тө­гілген мінсіз өлең, көмейден құйылған ән секілді жанды бау­­рай түседі.

Күләнданың бисермен кес­телеуі қандай шығармасына да салтанат сыйлағандай болады. Оның ой мен жү­рек сезімі сәулесіндей ақ ке­неп­ке түскен әр картина­сы аяқталғанша өзінен уа­қыт пен төзімді талап етеді. 90-жылдары Арқалық қала­сындағы жұмыссыздар ар­­миясына қосылғанда, көп ойлан­бастан мектепке келді. Уақыттың қиындығы мен өзге­рісі жоғары білімді білдей технолог Күләнданы педагогикадан бір-ақ шығарды. Ол орыс мектебіндегі қазақ тілі кабинетін ұлттық мазмұнда жасақтауға белсене кіріскен. Балалармен жұмыс істегенде тігін де тікті, сурет те салды, кесте де тоқыды. Сол жылдар Күләнданың өзін өнерден іздеген де жылдары екен. Су­рет өнеріне деген ынтамен ол Арқалық педагогика инс­титутының көркемсурет фа­куль­тетіне түсіп оқыды.

 – Мен бисермен кес­телеу өнеріне ойламаған жер­ден жолықтым. Бірде Гүл­­жамерия сіңлімнің үйі­не барсам, дүкен­нен алын­ған бір жа­пырақ орамал көзіме түсті. Бисермен гүл бей­не­леніпті. Маған оның әсер ет­кені сон­шалық, сол сәтте өнерден өзімді тапқандай болдым. Со­дан бес жыл бойы тынымсыз бисер кес­телеумен айналыстым, із­дендім, көз майын тауысып, талай түнді кесте то­қумен өткіздім. 2007 жылы ал­ғаш­қы жеке көрмемді да­­йын­­дадым. Содан бері Қос­­танай мен Нұр-Сұлтан қа­лаларындағы кітап­ханаларда бірнеше көрмем өтті, – дейді Күләнда Ғалиас­қарқызы.

1

Ол шығармаларының бар­лығында өмірдің шаттығын, қуанышын, табиғаттың ғажап сұлулығын беруге тырысады. Күләнда кестелі суреттерін тек көрме үшін ғана емес, өзінің отбасының, туыстарының, достарының қуанышы үшін де жасайды. Мысалы, өзінің немерелеріне және дос-жа­рандар мен әулетінде сәби туғанда құтты болсын айта барып, бисер моншағынан кес­телеген тай «мінгізіп» ке­тетіні бар. Сәбилі болған кі­сі­лерге мұнан артық қандай сый керек?! Күләнда мінгізген «тай» бала азамат болғанда да тозбай, қа­бырғада ілулі тұрады. Басқа да бұйымдарға тіккен кестелері бағалы сыйлықтың төресіндей көрінеді.

Күләнда халқымыздың ұмы­­­т­ылып бара жатқан кестелеу өнерін жаңғыртып, жаңа деңгейге көтергісі келеді.

– Кесте – қазақтың қол­өнерінің бірі. Біз оны дамыта түсеміз, сонда ғана ұрпақтар ұмыт­пайтын болады, – дейді өнер иесі.

Күләнда апай коронавирус карантинінде үйден шықпай, бисер моншағымен кесте то­қып отыр. Мұны ол әлемді шошыт­қан нәубет­ке өнер­мен көр­сет­кен қарсы­лығым деп біледі.

 

ҚОСТАНАЙ