Аймақтар • 16 Сәуір, 2020

Павлодарлық еріктілер «Мейірім себеттерін» таратты

230 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанда ТЖ жарияланғаннан бері еріктілер үздіксіз жұмыс істеуде, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Павлодарлық еріктілер «Мейірім себеттерін» таратты

«Мейірімділер» коронавирус жұқтырған тұрғындар анықталған 4 үйге, сондай-ақ №1 қалалық аурухананың және жұқпалы аурулар ауруханасы пациенттерінің талдаулары тексерілетін зертхананың қызметкерлеріне қолдау білдіруде.

- Біз «Мейірім себеті» атты уақытша қайырымдылық акциясынан бастадық, - деді ерікті Ержан Құниязов. – Акция ата-аналары пандемия салдарынан жұмыссыз қалған, балалары бар отбасыларға арналған.

Еріктілер @club_dobryakov_pavlodar алғашында мұндай отбасыларға бірінші кезекте қажетті азық-түліктің 120 жиынтығын дайындап, таратып берді. Кейін тағы 250 себет үлестірілді.

Мұндай жиынтыққа міндетті түрде ұн, қарақұмық, қант, шай, макарондар, картоп, сәбіз, пияз кіреді.

Ержан Құниязовтың айтуынша, павлодарлықтар үлкен көмек көрсетуде. Кәсіпкерлермен қатар, қарапайым азаматтар да қол ұшын созуда.

- Осындай ерекше қолдау біздің №1 аурухананың, 2 зертхананың қызметкерлеріне күнде түскі және кешкі ас ұйымдастыруымызға септігін тигізеді, - деді ерікті. – Зертханадағылар күдіктілерден алынған талдауларды екі ауысыммен жұмыс жасап, тексереді. Бүгінде карантинге жабылған. Біз күн сайын осы 3 нысанға 70-тен астам түскі ас жеткіземіз. Оған қоса, біз карантиндегі 4 үйдің WhatsApp чатына қосылғанбыз. Олардың өтініштерін де күнде қараймыз.

Ержан Құниязов байланысқа түспей заттарды беру режимі арқылы жабық көпқабатты үйлердің тұрғындарына дәрілер, гигиена заттары, бетперделер, қолғаптар, дезинфекция заттары, азық-түліктер жіберілетінін айтты.

Қазіргі уақытта мейірімді еріктілер Мир көшесі, 54/2 мекенжайында орналасқан 14 күнге карантинге жабылған жатақхананың барлық тұрғындарына 120 азық-түлік жиынтығын дайындауда.

Айта кетейік, «Мейірімділер клубы» облыста қозғалыс шектелмей тұрып, өңірдегі 4 блок-бекетті аралап, кезекшіліктегі қызметкерлерге түскі ас таратқан болатын.

- Қазіргі уақытта біз карантиндегі үйлерде қамалып отырғандарға ғана назар аударудамыз, - деді ерікті. – Оларға бізге қарағанда қиындау. Сондықтан әзірге солармен ғана жұмыс жасаймыз. Басқа көмекке мұқтаждарға шыдамдылық танытуын, бізді сөкпеуін сұраймыз. Әлеуметтік желілерде өздерінің қарсы пікірлерін білдірмесе екен.

Павлодарда «Мейірімділер клубынан» басқа 15-тен астам еріктілер ұйымы тіркелген.