Руханият • 17 Сәуір, 2020

Ұлттық тағамдар індетке қарсы қабілетті көтереді

887 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Отандық және шетелдік медик-ғалымдардың тұжырымдауынша бүгінгі пандемия жағдайында ағзаның жалпы қорғаныс қабілетін көтере білудің пайдасы өте мол. Дүниені дүрліктірген COVID-19 дерті ең алдымен өз шеңберін адамның тыныс мүшесі – өкпеге сала­тыны белгілі болып отыр. Коронавирус инфек­ци­ясының қа­терлі болуының ең басты себебі асқынтып алған жағ­дайда өкпені мүлдем істен шығаратынында екен. Ендеше ағайын­да­ры­мыз оны аман сақтаудың қам-қаракетін ойластырса бұдан еш ұтылмайды дер едік.

Ұлттық тағамдар індетке қарсы қабілетті көтереді

Медицина ғылымының бел­ді өкіл­де­рі соның басты бір жолы қуа­ты мол, жұғымдылығы жоғары таби­ғи тағам­дар­ды, со­ның ішінде мал өн­ім­­дерінен алы­натын май мен сәуір-ма­мыр айында әзірленген сары май­­ды пайдалану екенін алға тартуда. Бұл ретте бүгінгі қазақ ме­д­­и­­ци­на ғылымының ақсақалы, академик Төрегелді Шармановтың ұлттық тағам­дар­ды ұдайы тұты­ну жөніндегі айтып жүрген тұ­жы­­рымдары тектен-тек емес екен­­дігі айқындала түседі.

Бір қызығы, қазіргі корона­ви­рус індеті жағдайында өкпенің дұрыс жұмыс жасауы үшін жоға­ры­да аталған өнімдердің пайдасы мол болатынын Ресей ға­лым­да­ры да қуаттап отыр. Айталық Ресей медицина-техникалық ғылым­дары ака­демиясының академигі, дәрігер-рев­мо­толог Павел Эвдо­кименконың интернетте білдір­ген пікірінше адамның өкпесі майға тәуелді. Сондықтан оны қажетті мөлшерде пайдаланбаған жағдайда өкпе­нің қызметі нашарлай түседі. Өзі­нің коронавирус індетінен сақтануға қатысты ақыл-кеңесінде ол: күнделікті тағам құрамында малдан алынатын май мөлшерінің жеткіліксіз болуы – өкпе үшін ең қауіпті жағдай. Эпидемия кезінде әр адам күніне ең кем дегенде 20 грамм сары май мен бір кесек шошқа майын жеп тұрғаны жөн деп тұжырымдапты. Әрине бұл жерде өзіміздің Төкең – Төрегелді Шарманов айтып жүргендей жылқы қазысының немесе қойдың майымен алмастырып қана қабылдай алатынымыз айтпаса да түсінікті.

Бұған дейін дәрігер-ма­ман­дар мал өнімдерінен алы­­натын майдың зиянды жақ­та­рын, оның ағзадағы холестерин мөлшерін көтеруге әсері тиетінін тілге тиек етіп келгені мәлім. Соның сал­да­ры­­нан қуат пен күш және калория бере алатын қазақтың ұлттық тағам­дары түрлі аурулардың ал­дын алу және иммунитетті көте­­ру мәселесінде екінші кезек­ке ысырылып келді. Тағы да жо­ғарыда аты-жөні аталған отан­д­ық академиктің айтуынша, бұл тым бір жақты түсінік болып шығады.

Отандастарымыз соң­ғы уақытта байқап жүргендей қа­зіргі пан­демия жағайында да цит­рустық же­міс­тер мен сарым­сақтың пайдалы екені жиі айтылып жүр. Рас, аталған жеміс пен кө­көністе иммунитеттің басты тірек­те­рінің бірі
С витамині бар. Оның ауру тудырғыш микробтарды жоюдағы оң әсерін де жоққа шығаруға бол­м­ай­ды. Дегенмен осы тұр­ғы­да хал­қы­­мыздың ұлттық тағам­да­ры­ның құндылығы мен құнар­лы­­­лығы бұдан бір мысқал кем түс­­­пейді, дейді М.Оспанов атын­­­дағы Ақтөбе медицина уни­­­верситетінің оқытушысы Қуаныш Сүлейменов.

Ал сары майды ата­-ба­ба­­ла­рымыз ежелден сал­қын тигенде, тамақты жібі­туге, қа­қы­­рық түсіруге және өкпе мен қол­­қа­ны тазалауға пайдаланып кел­­ге­ні белгілі. Бұған қоса қай­мақ, майы айы­рыл­маған сүт, айран мен ірімшіктің, сондай-ақ ұлт­тық сусындар – шұбат пен қы­мыздың ағзаға тигізетін пайдасы мол еке­ні өзге бір әңгіменің еншісі.

Жалпы дәстүрлі қазақ қоға­мын­дағы тамақтану дәстүрі мен нормалары ең ал­дымен ден­сау­лық­ты нығайтуға негіз­дел­гені назардан тыс қалмағаны жөн. Бұл жөнінде орыс әдебиетінде мемуарлық жанрдың жілік майын шағып ішкен суреткер Сергей Аксаков «Семейная хроника» атты шығармасында бас кейіп­кер­­дің анасының қымызбен ем­де­ліп жазылғаны жөнінде құнды дерек қалдырған. Автордың бастан-аяқ өз өмірінен алынып жазылған туынды екенін айта кеткеніміз жөн.

Айталық жазушы 1857 жылы Ф.Чижев­ке жолдаған хатында тек шын­дықты ғана жазатынын, өмірден алын­ған оқиғаларды ойдан шығарылған оқиға­лар­мен алмас­тыруға мүлде ықыласы жоқ екенін айтып кеткен. Ал сол заман­да­ғы зерттеушілер Акса­ков­тың бұл шығармасын тек әдеби туынды емес, тарихи құжат ретінде де құнды деп бағалаған.

«Семейная хрониканың» бас ке­йіп­­кері – Сергей Богровтың анасы Софья өзінің алғашқы пер­зен­тінен ай­рыл­ғаннан ке­йін қатты құсаланып, ауыр дерт­­ке шалдығады. Оның туған қа­ла­сы сол кезде губерния орта­лы­­ғы болған. Уфадағы атақ­ты дәрігерлер қанша тырыс­са да жас ананың жағдайы күн­­нен-күнге нашарлай берген. Ақыры Авенариус деген дә­рі­гер «Көшпелі та­тарлар» деп аталып кеткен сол кез­де­гі көшпелі түркілердің ем-домына жүгініп, науқасқа қымыз беру керек деп шешеді. Сөйтіп Уфа маңындағы татар байларының біріне әкеледі. Сол кезде құр сүлдері қалып жү­деген, жүзі сарғайып кеткен өте әлсіз, өздігінен жүріп-тұра алмайтын келіншекті күйеуі Алексей Степаныч пен дәрігер Аве­нариустың татарлар ауы­лы­на әзер жеткізгені баян­дал­ған. Оның үстіне қайын атасы келінінің енді «қайдағы бір» басурмандардың сусынымен ем­делетін болғанын естіп «как же пить молоко нечистого животного» деп дәрігерге қатты ашу­ланады.

Алайда қымыз ішкеннен кейін Софья екі-үш аптаның ішінде орнынан тұрып, жүруге жара­ған. Мұны көрген Авенариус қуа­нып, науқасқа күнделікті ішетін қымыз мөлшерін көбей­ту­ге және көшпенділердің қыз-келіншектері құсап атпен серуендеуге, сондай-ақ қойдың майлы етін жеуге кеңес беріпті. Бұл мамыр айының іші болса керек. Бұл айда көшпенділердің қымыз бен семіз қой етінен басқа ештеңе жемейтінін, тіпті нанды да ауызға алмайтынын, яғни ата-бабаларымыздың тамақтану мәселесінде белгілі-бір ұстаным, тәртіпке сүйенгенін орыс жазушысы Аксаков осындай деректермен қалдырған екен.

Ал қазақтың ұлттық тағам­да­рының денін құрайтын ет пен сүттің зиянды­лы­ғы туралы мәселеге қайта келсек, бұл өткен ғасырдың алпысыншы жыл­да­рының ішінде америкалық физиолог Ансель Кистен тараған сөз деседі. Оның қанық­қан май­лардың басқаша айтқанда мал өнімдері құрамындағы май­лар­дың семіздікке шалдық­ты­ратыны және жү­рек қан-тамы­ры ауруларын тудыратыны жөніндегі пікірі ғылым мен медицинада жарты ғасырға жуық үстемдік еткені мәлім.

Алайда одан берідегі меди­цина­лық зерттеулер мұны теріс­ке шығарды. Дәрі­гер­лер Павел Эвдокименконың кеңесінде ай­тыл­­­ғандай күнделікті ас құра­мын­да майдың жеткілікті болуын қада­ға­лағ­анды жөн көре­ді. Әрине не нәрсенің де белгілі бір шегі бар. Бұл ретте жүрек-қан тамырлары созылмалы дерттері бар. Қан қысымы жоғары жандар дәрігермен ақылдасып, майды ағзадағы холестерин мөл­ше­рін тексеруден өткізгеннен кейін пайдалану керектігі талас туғызбайды.

Түйіп айтқанда, бүгінгідей коронавирус инфекциясы тарал­уы жағдайында халқымыздың ұлттық тағамдары қауіпті індетке қар­сы қабілет пен иммунитетті кө­теруге септігін тигізе алады де­мекпіз.

 

Ақтөбе