Аймақтар • 17 Сәуір, 2020

Қаражатты тиімді пайдаланған қобдалықтар

197 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ел ішінде мемлекет тарапынан төленетін атаулы әлеуметтік көмекті әшейін келген нәрседей көріп, оңды-солды жұмсап жүргендер кез­деседі. Бұл – әлеуметтік қолдаудың қадір-қасиетін бағалай біл­меу­дің, отбасы табысын толықтыруға мойны жар бермеудің көрінісі. Мұндай жағдайда олардың кедейшілік шегінен шыға қоюы екіталай.

Қаражатты тиімді пайдаланған қобдалықтар

Әрине, елдің шеті мен желдің өтінде тұратын тұрғындар арасында бірді екі етуге ұмтылып, АӘК-ті тиімді түрде жұмсаудың тетіктерін таба білген тұрмысы төмен отбасылар да жеткілікті. Атап айтқанда, Қобда ауданында өткен жылдың қорытындысы бойынша 286 отбасына 154 миллион теңге көлемінде АӘК төленген. Міне, соның ішінде 196 отбасы алған қаржылай көмектерінің бірде-бір теңгесін шашау шығармай, өз кәсіптерін ашуға жұмсаған.

Бұл тұрғыда ауыл әкімдері тұр­ғын­дардың өздеріне тиесілі АӘК-ті тиімді түрде жұмсай білуіне ұйыт­қы болды. Сөйтіп жүздеген ша­ңырақ­ шағын отбасылық шаруа­шылықтың негізі қаланған. Тұрмысы кедейшілік шегінен төмен отбасылар ірі қара мен қой-ешкі секілді ұсақ мал және қаз, үйрек, күркетауық құстарын сатып алған.

Айталық, аз қамтылған көп балалы отбасы иелері, ерлі-зайыпты Мұздақбай Жетегенов пен Динара Шындауылова 620 мың теңге көле­міндегі АӘК қаражатына 1 бас ірі қара және 10 бас ұсақ мал сатып алып, жеке қосалқы ша­руа­­шылығын құрды. Бұған дейін Ди­нара негізінен бес баланың тәрбие күтімімен айналысып келген екен.

«Алдағы уақытта қосалқы ша­руа­шылығымызға қарайласу маған қиындық келтірмейді. Өйткені ұл-қыздарымыз бір-біріне сүйеніш, тая­ныш болатындай жасқа жақын­­дап, өсіп келеді», дейді Д.Шын­дауыло­ва. Ал отағасы аудандық білім бөлімінде газ қазандығының операторы болып жұмыс істейді. Жалақысының мөлшері бес баланы асырауға мүмкіндік бермейді. Осы орайда олар өздеріне мемлекет тарапынан атаулы әлеуметтік көмек тағайындалғанына дән риза.

Тағы бір тұрмысы төмен отбасы Қайрат Қайрошұлы мен Айнар Сабырқызы туралы айтайық. Отағасы «Ерсін» жеке кәсіп иелі­гін­де қарапайым жұмысшы екен. Зайыбы Айнар бала күтімінде көрінеді. Олар АӘК-тің 750 мың теңге көлеміндегі қаражатына үш сиыр сатып алып, жеке қосалқы шаруа­шылығын құрыпты. Қобда ауданында еңбекқор, табанды, жұмыс десе жанын беретін жандар қатары тек мұнымен шектелмейді.

Грант алып, жеке кәсіптерін ашқандар олардың қатарын толық­тыра түсуде.  Бұл тігін, аяқкиім жөндеу және жиһаз жинау цехтары, сондай-ақ азық-түлік дүкендері. Нәсібін адал еңбек, маңдай термен айырып отырған, өз отбасыларын жеткілікті табыспен қамтуға жол аша білген тұрмысы төмен отбасылар құрметке  лайықты. Мемлекет тарапынан тағайындалған АӘК пен гранттар тек осындай жағ­дай­да текке кетпей, қайтарым коэф­фициентін көтере алары анық.

–Мұндай санаттағы ата-аналар өз кіндігінен тараған перзенттеріне құрғақ сөз күйінде емес, нақты іс жүзінде үлгі-өнеге көрсетеді. Соны­мен бірге отбасы бюджетін тол­тыру ісі де шешімін табады. Біздің басты парызымыздың бірі – дәл осы санаттағы шаңырақ ие­леріне ұдайы қолдау көрсету. Көңілге бір медеу тұтарлық жайт, ауданы­­мызда жағдайын жақсартуға ұмтыл­ған отбасылардың қатары жыл сайын көбейіп келеді, – деді Қобда ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбет.

 

Ақтөбе облысы,

Қобда ауданы