Руханият • 17 Сәуір, 2020

Кісілік кітабы

572 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ұлтты сақтайтын – рухани құндылық, қадірлі қасиет, салт-сана, тіл, діл, жұртты сақтайтын – иесі саналатын қазақтың киелі жері, несін айтасың, бағын ашар, тағын бекітер байлығы. Осыны түгендеген, түсінген, сөйтіп түлете алған, ұрпағына мирас еткен елдердің іргесі берік, еңсесі биік. Оны қожыратқандардың тірексіз қалған тірлігіне арғы-бергі тарихқа, қазір де шеңбер ішінде шерлі күй көріп жатқандардың үніне ой жіберсең аңғарасың да алаң боласың. Елдігімнен айырма, азаттығымды баянды ет, тіл көзден, сұрқай сөзден сақта дейсің. Кейде жылбырай сөйлеп,сығырая қарап, асыңды ішіп отырып-ақ дастарқаныңды тіліп кететін арам пиғылдар аз еместігін көргенде, көкейіңе бір тас байланып қалғандай боласың. Мұндай оғаштау ойға Қарашаш Тоқсанбайдың «Сыр-сымбат» деген кітабын оқып отырғанда тап болдық. Қай мақаланы, сұхбатты қарасаң да ұлт өкілі: ұлт өнері, ұлт өнерпазы, олармен қанаттас ұлт ардақтылары, ұлттың салт-санасы, оның арғы бастауы, бергі жаңғыруы, қалыбын бұзбай сақтап қалу – бір сөзбен айтқанда, қазақ болмысы алдыңнан шығады.

Кісілік кітабы

Бірінші бөлім – жол жазбалардан тұрса, екінші бөлім – қазақ өнерінің өркендеу өрісіне, қазақ сөзінің саңлақтарына, өзге жұрттардың айтуларына арналыпты. Үшін­ші бөлімде – әнші мен сазгерлер, төртінші бөлімде жақсылар жаратылысы, оқырман қолына тиген кітаптардың табысы қаға беріс­те қалмай баяндалыпты.

Расында, бүгінгі ұлт баспасөзінде Қара­шаш Тоқсанбайдың өз орны, өз өрнегі, өз соқпағы бар. Әсіресе өнер тақырыбын жазу­дағы оның қарымы, қабілеті, шым кесте­дей қара сөзді ойлы иірімдермен құбыл­та ұштастыру барысындағы ізденістері тасқа басқанда өшпес таңбадай көрінеді. Көріп, біліп жазған журналистің мақаласы көркем шығармадай болатыны әлімсақтан белгілі. Жыр нөсеріндей төгіліп кеткенде былайғы оқырманды қойып, төрдегілердің де сүй­сінгеніне талай куә болдық. Қарашаштың жолсапарларының жөні бөлек. Айталық, Баянауыл бағытындағы байламдары, Оңтүс­тік орамдары, Мәскеу, Париж, Анкара, Токио, өзге де әлем қалаларындағы ұлт өне­рінің жауһар қойылымдары бойынша қалам тербеген ой толғамдары – қазақ халқының тамыры терең ұлт екенін айқын дәйектейді. Ұлт өнері өзге жұрттарды қалай сүйсінткенін термелеп жазғанда тереңге бойлап кетеді.

Екінші бөлімнің беташарын «Бал жинаған арадай ғұмыр кештім» деп ұлт театрына өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап, тың үрдіс әкелген атақты режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің туған жері, өскен ортасы, бет алған жағынан қайтуды білмейтін қайсар мінезі, Мәскеуде алған білімі, 25 жасында талайды тамсандырған білігі, ұстаздарына, қос қанаты саналған Ыдырыс (Ноғайбаев) пен Әнуарға (Молдабеков) деген ілтипаты, шәкірттеріне адалдық – бәрі де қазір арамызда жоқ асылдың көзі барда айтып кеткен үлгісі секілді көрінеді.

Ал:

Шығарған шындық арды естен,

зуылдақтарды қан кешкен,

Махамбеттен қалған наркескен –

Айбалта-жырмен шапсам деп,

Шаңын бір сөйтіп, қақсам деп,

әділеттің шамын ғаламға,

қарамай құрсау-қамалға,

лаулатып солай жақсам деп,

қатуланған жыр патшайымы Фариза Оңғар­сыновамен болған әңгіме де әсерлі.

Алтынбек Қоразбаев, жасындай жарқыл­дап өткен, марқұм Батырхан Шүкенов, ұлттың ұлы, күнделікті тірлікті, жалған атақты ойламай ұлт келешегіне, ұрпақ бола­шағына адал қызмет еткен кемел азамат, жұрт ісін өзгеге сілтемей, сылтау айт­пай, сұрқай заманда басын бәйгеге тігіп атқарған Өзбекәлі Жәнібековтің жарымен жүргізілген сұхбат, қазақ биінің бір дәуірі деуге тұратын Дәурен Әбдіров, ол көрген алуан қырлы, бір сырлы Шашубай (1952 жылы өмірден озған), ақын орындаған «Ортеке» биі, қазақ биіндегі ер адамдардың рөліне үңіліп, Ысқақ, Жақыпбек сияқты ел ішіндегі өнерпаздардың жетпістен асса да буын биін билегенін таратып айтқан өнер қайраткерінің: «Би дегеніміз – халықтың қанаты» деген түйінін дәйекке келтіреді.

Өнер мен сөзді құстың қос қанатындай қатар ұстаған Әшірбек Сығай секілді білім­дар сыншымен әңгіме, ұлт өнерін әлемге танытып жүрген Әділ Бестібаевтың ұлт әнін әлемдік деңгейге көтеріп, опералық жау­һарлармен теңестіру, қазақ топырағында анау жылдардан-ақ Италияның операларын келістіре шырқаған Кенжеғали Мыр­жықбай, күй әлемінде өшпес із қалдырған күйші Қаршыға Ахмедияров, «Ерке сыл­қымның» иесі Әбдімомын Желдібаев шығар­машылықтарына барлау жасау, Баян­ғали Әлімжановтай дарынды азаматпен ой бөлісу – бәрінде де өнер құдіретіне тәнті етеді.

Төртінші бөлімде Қ.Тоқсанбай сөз өнері­нің қайраткерлері жайлы қалам тербейді. Қазақ журналистерінің көш басында тұрған кешегі ұлы Шерағаң, Шерхан Мұртазамен болған әңгімеде арысымыз тағы бір өнеге көрсетіп, әріптес інісі Әділ Дүйсенбек туралы ағынан жары­лыпты. Бұл ағаның ініге деген шынайы ілтипаты, үлгісі деп білдік. Жур­налистер туралы айта келіп: «Бұл орайда олардың жеп жүргені жантақ та, арқалағаны алтын деп айтпасқа лажың қалмайды. «Қас­қырды аяғы асырайды» дейді ғой. Жур­налист те сол тағдырлас, көп жүруді, дамылсыз зерттеуді, ақиқатқа көз жеткізгенге дейін тынбай ізденуді талап етеді», – дейді Шер­ағаң. Ол заманның жур­налистері солай болса, бүгінгі журналистерге ақпарат жетіп артылады. Темірге телмірсе бәрі алдынан шығады. Бірақ ол тікелей тілдескендей, көзбен көріп көңілге түйгендей бола қояр ма екен?..

Сол секілді қазақ Бейбіт Құсанбектің артында қалған мұрасына үңіліп, «көз жазып қалдым достардан» (Б.Құсанбек) деп мәңгілікке көз жазып қалған тұрғыласы жай­лы сыр шертіп, кестелі жырына, азамат­тың сипатына тоқталады. Бейнесін көз алды­ңа әкеледі.

Тақырып аясын маржан тіл мен көркем ойды ұштастыра келіп, тұшымды түйін жасайтын, болмысы бүтін, өз мақсат-міндеті жолында табанының бүрі мықты Қарашаш Тоқсанбайдың жақсылар бейнесі келісім тапқан бұл тұңғыш кітабы – ұлттық өнердің жылнамасы, кісілік кітабы деуге тұратын кемел дүние екені шүбәсіз ақиқат.