Тарих • 17 Сәуір, 2020

Майданда жүріп Еңбек Ері атанған ақмолалық Жаппархан Асайыновтың ерлігін білеміз бе?!

474 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында қан майданда көрсеткен өшпес ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры жоғары атағының орнына Социалистік Еңбек Ері атағын алған адамдар да бар. Солардың бірі әрі бірегейі ақмолалық Жаппархан Асайынов. Ол бұрынғы Целиноград облы­сы­ның Астрахан ауданындағы Қоскөл ауылының тумасы. Бұл елді мекен кешегі кеңес дәуі­рін­де «Колутон» кеңшарының бөлімшесі болған. Қазір ауылда жиырма бестей ғана үй қалған көрінеді.

Майданда жүріп Еңбек Ері атанған  ақмолалық Жаппархан Асайыновтың ерлігін білеміз бе?!

Кезінде Жаппархан ағамыз туралы Қаз­ақс­тан­ның Халық жазушысы Ғабиден Мұста­фин қалам тартып, ол туындысы «Жиырма бес» деген кітабына енген екен. Сондай-ақ батыр аға­мыз туралы деректерді 1970 жылы жарыққа шық­қан «Герои Социалистического Труда Каза­хстана» атты кітаптың төртінші томынан да кез­дес­ті­ру­ге болады. Осы мақаланы жазу барысында ға­лам­торды олай шарлап, былай шарлап, майданда көрсеткен ерлігі үшін Социалистік Еңбек Ері ата­ғын алған басқа адамдар туралы деректерді таба ал­мадық.

Ал енді қызып тұрған соғыста осы атаққа қолы жет­кен Жаппархан ағамыз қандай ісімен көзге түскен?

1940 жылы Қызыл Армия қатарына әскерге шақырылғанда, Жаппархан өзінің туған ауылы – «Красный Пахарь» колхозында қатардағы колхозшы болып еңбек етіп жүрген еді. Содан соғыстың от-жалынына небары 22 жасында тап болады. Соғыстың алғашқы күндерінен неміс-фашист басқыншыларына қарсы жан аянбай шайқасып, қаһармандық пен батылдықтың асқан үлгісін көрсетеді. Бұған майдан даласында төрт рет жараланып, соның төртеуінде де госпитальдан жазылып шығысымен, қайта ұрысқа кіргені дәлел.

Осы сөзіміздің айғағындай, қолымыздағы мына бір деректі құжатта да «Жаппархан Асайынов алғы шепте пулеметші, мерген, барлаушы да болды. Ең бір күрделі деген әскери жағдайларда өзінің өжеттігімен және тапқырлығымен көзге түсті. Калинин қаласы үшін болған ұрыста алты жау солдатының көзін жойып, өзі қолға түсірген неміс пулеметшісін пулеметімен қоса, штабқа әкеліп тапсырды. Осы ерлігі үшін қатардағы жауынгер Ж.Асайынов Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталды» деп жазылған.

Алғы шепте төртінші рет жараланғаннан кейін ержүрек сарбазды жау шабуылынан бұзылған рельстерді қайта қалпына келтіретін 81-інші Қызыл Тулы теміржол полкіне ауыстырады. Әскери бө­лім талай рет оқ пен оттың астында қалып, небір тұ­йықтан жеке құрамның үйлесімді іс-қимылының арқа­сында ғана шығып жүреді. Осындай күндердің бірінде қайта қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатқан теміржол стансасына тағы да жау ұшақ­та­ры шүйлігеді.

Олар тастаған бомбадан стансада өрт шығып, әскери қару-жарақ тиелген эшелон отқа орана бас­тайды. Міне, осы сәтте Жаппархан ағамыз тағы бір көзсіз ерлікке барып, жанып жатқан бірнеше вагонды жан дәрмен пойыздан ағытады да, қалған вагондарға қауіп төнбейтіндей етіп, жанындағы серіктерімен бірге оларды рельс бойымен әрі апарып тастайды.

Бұл шынында, жауға кек болып құйылатын қан­шама оқ пен әскери техниканың аман қалуына сеп­тігін тигізген үлкен ерліктің нағыз өзі болатын. Сол жолы әскери бөлім басшылығы да ақмолалық өреннің осы ерлігін лайықты бағалап, оны Кеңес Одағының Батыры жоғары атағына ұсынады. Алайда ол ұсыныс қолдау тапқанымен, өзгеріске ұшырап, 1943 жылғы 5 қарашадағы КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен Жаппархан Асайыновқа Кеңес Одағының Батыры емес, Социалистік Еңбек Ері атағы беріледі.

Міне, майданда жүріп, әдетте еңбек майталмандарына тиесілі осынау жоғары атаққа ие болған жерлесіміздің біз оқырманға жеткізсек деген жауынгерлік жолы осындай.

– Ұлы Отан соғысы тарихына есімі өшпестей болып жазылған Жаппархан Асайынов менің ет жақын туысым, – дейді бұл орайда, біз бірден бірге шығып, телефон арқылы тауып алған Астрахан селосының тұрғыны, көп жыл осы Астрахан ауданы әкімінің орынбасары, аудандық мәслихаттың хатшысы болып қызмет атқарған еңбек ардагері Қайырбек Қалиасқарұлы Құсайынов. – Менің әкемнің әкесі, яғни, атам Құсайын мен Жаппарханның әкесі Асайын бірге туған. Жалпы, Үсейін деген інілерін қосқанда, бұл кісілер үш ағайынды. Сол бір сұрапыл соғыс жылдары біздің әулеттен де алты адам қан майданға аттанып, екеуі оралмады. Әкем Қалиасқардың өзінен «қара қағаз» келіп, төрт айдан кейін ғана «аман-есенмін, ұрыс даласында ес-түссіз қалыппын» деген хабары жеткен. Әрине күні бүгінге дейін мұндайда біздің бүкіл ағайын-туыс болып мақтан тұтатынымыз осы Жаппархан ағамыз.

Иә, 1943 жылы Еңбек Ері атағын алғаннан кейін ол кісі елге демалысқа да келіпті. Қайырбек аға онда есін әжептәуір біліп қалған 4-5 жастағы бала екен. Батырды елдің адамдары облыс, ауданнан келген басшылармен бірге өзінің үйінде қарсы алғанын, той болғанын айтады. Сол тұста қатар тұрған Қоскөл мен Ковыленка ауылдары өз алдына бір-бір жеке колхоз болса керек. Соғыстан соң осы екі ауылды бір колхозға біріктіріп, оған Ж.Асайыновтың атын береді. Ол шаруашылық қашан тың және тыңайған жерлерге түрен салын­ған­ша «миллионер колхоз» атанып тұрыпты. Бертін егіншілік, мал шаруашылығында жақсы та­быс­тарға жеткен «Колутон» кеңшары осындай 5-6 ауылдың негізінде құрылған көрінеді.

–Жаппархан ағамыздың соғыстан кейінгі бар өмірі сол кездегі ел астанасы Алматыда өтті,–дейді бұдан әрі Қайырбек аға. –Үкімет пәтер беріп, ха­лық шаруашылығы саласында қызмет атқарды. Ақ­мо­ла­ға келіп, теміржол техникумына оқуға түсіп еді, ден­саулығы көтермеді. Осылайша 1963 жылы небары 44 жасында соғыста алған төрт бірдей жараның сал­дарынан ерте көз жұмып кете барды. Өкінішке қарай, соңында қалған үш тұяғының екеуі – Марат пен Мұраттың да ғұмырлары өзіндей қысқа болды. Әсіресе Ленинград көркемсурет училищесін бітір­ген Ма­раты талантты болған дейді. Қазір үлкен ұлы Маға­уия Алматыда тұрады.

Осыны айтқан әрі орынды түрде мәселе кө­те­ре жүріп, аудан орталығының бір көшесіне Жап­пархан Асайыновтың есімі берілуіне қол жет­кізген Қайырбек ағамыз бізбен аз-кем әңгіме бары­сында көкейіндегі мына бір жайды да бүгіп қала алмаған. Осы Ақмола жерінде, дәлірек айтсақ, Аст­рахан ауданында, астанаға барар жолда тұрған мән-мағынасы бұлдыр Колутон стансасын неге
Жап­пар­­хан Асайыновтың есімімен атамасқа?! Темір жол бойында ерлік жасаған батырға нағыз ізет осы болар. Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында соны біздің «Қазақстан теміржолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басшылығы ойланып көрсе. Қиын мәселе емес қой. Бар болғаны ерлікке – құрмет, ерге – тағзым.

Тәуелсіздігімізді алып, өз қолымыздың өз аузы­мыз­ға жеткенін осындай игі істермен дәлелдесек, өскелең ұрпаққа да үлгі-өнеге емес пе?!

 

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА,

журналист

 

КӨКШЕТАУ