«Елдің оңтүстігінде қазірдің өзінде егін егу жұмыстары жүргізілуде (30% аяқталды). Басқа аймақтарда көктемгі дала жұмыстары бір ай ішінде басталуы тиіс. Фермерлер айналым қаражатымен, пестицидтермен, тыңайтқыштармен, сапалы тұқымдармен, жанар-жағармаймен қамтылуы керек. Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру көлемі 3 есе артып, 170 млрд теңгеге жетті», деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Егістікті ертеңге қалдырғанның зиянын жақсы білетін, көктемгі дала жұмыстарын ерте бастайтын Түркістан өңірінің диқандары бүгінгі жағдайдағы барлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып қызу іске кіріскен. Биыл өңірде ауыл шаруашылығы дақылдарын 825,4 мың гектарға егу межеленген. Егістікті әртараптандыруға сәйкес картоп, көкөніс, бақша дақылдарының егіс көлемі 122 мың гектар болып, өткен жылмен салыстырғанда 3,2 мың гектарға артқан. Сонымен қатар мал азықтық дақылдар алқабының көлемі 11,6 мың гектарға көбейіп, 213 мың гектарға жетті. Ал майлы дақылдар көлемі өткен жылдың деңгейінде 91,4 мың гектарға, масақты дақылдар 226,9 мың гектарға, мақта дақылы 118 мың гектарға орналастырылады. Бүгінде 503 800 гектарға жоспарланған жаздық дақылдардың 159 мың гектары егілген. Сонымен қатар осы жылдың өніміне егілген 160 мың гектар күздік астықтың 75 мың гектары үстеп қоректендірілді. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 37 мың тонна жанармай бөлінгенін айтады. «Ақпан, наурыз айына қаралған 20 мың тонна жанармайдың құны толығымен төленіп, 4,2 мың тоннасы тауар өндірушілерге босатылды. Жанармайды босату бағасы сәуір айынан бастап литріне шаққанда 160 теңгені құрайды. Бұл нарықтық бағадан 25 теңгеге арзан», дейді басқарма басшысы. Сондай-ақ 93,5 мың тонна минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға 3,75 млрд теңге қаржы бөлініп отыр. Бүгінгі таңда облысқа «ҚазАзот» акционерлік қоғамы тарапынан 27 мың тонна минералды тыңайтқыштар жеткізіліп, 7 мың тоннасы тауар өндірушілерге босатылған. Дала жұмыстарын жүргізуге қолда бар 17 мың доңғалақты трактордың, 2,9 мың соқаның, 430 қопсытқыштың және 1800 дән сепкіштің 97 пайызы іске жарап тұр. Облыс бойынша тауар өндірушілер жаздық дақылдардың тұқымымен толық қамтамасыз етілген. Өңірдегі жалпы жағдай осындай, аудандарда атқарылып жатқан жұмыстар да басқарма басшысының деректерін растай түседі.
Мысалы, Қазығұрт ауданы көлемінде 2020 жылдың өніміне 32 320 гектар күздік бидай егілген. Көктемгі дала жұмыстарына 2365 техника қатысуға дайын. Дизель отынын да жеңілдікпен сатып алған аудан шаруалары мен қожалықтар 1040 тоннаға сұраныс беріп, бүгінде толығымен пайдалануда. Аудандағы «САПА 2002» шаруа қожалығында жалпы алты мың гектар жер бар. Егін бітік шығу үшін заманауи техникаларды қолданып, жерді өңдеу, тұқым себу, ылғал жабу жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілуде. Жерді айдамай, топырағын қопсытпай-ақ дәнді дақылдарды себуге мүмкіндігі бар шетелдік «Pamreana» техникасының көмегімен шаруашылық үш мың гектар жерге дәнді дақыл сепкен. Ағарғаны мол аудан ретінде өңірге танымал Қазығұрттағы индустриялық аймақта бірқатар жоба нәтижелі жүзеге асырылуда. «Қазығұрт» индустриялық аймағында 2 гектар жер телімінде орналасқан «Асыл бастау.кz» ЖШС-нің құны 602,7 млн теңгелік «Майсыздандырылған құрғақ сүт және сары май шығару» жобасы наурыз айында іске қосылған. Ресейлік және украиналық құрал-жабдықтар орнатылған кәсіпорынның жылдық қуаты – 2000 тонна сүт өнімін өңдейді. Сүт өнімін аудандағы агроқұрылымдардан және халықтан келісілген бағада жинақтап өңдеу арқылы арнайы ыдыстарда құйылған құрғақ сүт, сары май, айран, қаймақ және ірімшік шығару көзделуде. Кәсіпорын жұмысқа тек аудан тұрғындарын алады. Қазығұрт ауданының әкімі, жұрт іскерлігін жоғары бағалап жүрген Төлеген Телғараев аудан агроқұрылымдарын және тұрғындарын аталған кәсіпорынға сүт өнімін өткізуге шақырып отыр. Шағын отбасылық сүт фермалары да көптеп ашылуда. Мысалы, өткен жылы 29 шағын ферма іске қосылған. Мал басы да көбейе түскен. «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан», «Жұртшылық табынға асыл тұқымды бұқа» бағдарламаларының аясында ауданда 3851 мал алыныпты. Сондай-ақ индустриялық аймақта орналасқан, «CG Foods Central Asia» ЖШС-нің «тез әзірленетін тағамдар» жобасы аясында «Қазан» кеспесі шығарылуда. Өткен жылы 1,1 млрд теңге инвестиция салынған зауыт бүгінде 10 түрлі «Қазан» және «Wai-Wai» маркалы кеспе өнімін шығаруда. Бүгінгі таңда 80 адам жұмыспен қамтылған. Кәсіпорынның даму жоспарына сәйкес алдағы уақытта жұмысшылар саны 300-ге жетпек. Кәсіпорын жылына 1100 тонна өнім шығарып, оның 20%-ы еліміздің аумағында, ал 80%-ы Орталық Азия елдеріне экспортталатын болады. Жалпы, «Қазығұрт» индустриялық аймақта 7,3 млрд теңгелік 193 жұмыс орнын құрайтын 5 жоба орналастырылған. Ауыл шаруашылығының дамуына ерекше назар аударылып отырған ауданда жұмыс істеп тұрған 19 өнеркәсіп кәсіпорындары өткен жылы 7 840,3 млн теңгенің өнімін өндірген. Биыл өнім көлемін 7 866 млн теңгеге жеткізу жоспарлануда.
Жылына 2-3 рет өнім жинауды жоспарлап отырған Қазығұрт ауданының шаруа қожалықтары ерте пісетін қырыққабат өнімін жинай бастады. Қаңтардың ортасынан диқаншылықты бастаған шаруалар 1,5 гектар жерге қырыққабат егіпті. Өндірілген өнім Шымкент қаласы мен Қазығұрт ауданындағы орталық базарларда сатылмақ. Қырыққабатты жинап алған соң диқандар екінші өнім алу үшін қияр мен қызанақ сияқты дақылдар егуге кіріседі.
Түркістан облысы