Аймақтар • 17 Сәуір, 2020

Қарағанды облысында майдангерлер 1 миллион теңгеден төлем ала бастады

184 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағанды облысында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында қан майданның ардагерлері мен мүгедектеріне 1 миллион теңгеден төлем берілді. Сонымен қатар, нацистік концлагерлер тұтқындарына, Ленинград қоршауында болған тұрғындарға, тыл еңбеккерлеріне, қайтыс болған майдангерлердің отбасыларына, Ауғанстан аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан жауынгерлерге, Чернобыль АЭС апатын жоюға қатысушыларға бір реттік материалдық көмек көрсетілді.

Қарағанды облысында майдангерлер 1 миллион теңгеден төлем ала бастады

Айта кету керек, Қарағанды облысы елімізде алғашқы болып бұл игі істі жүзеге асыра бастады. Жалпы, аталған мақсатқа деп бөлінген материалдық көмектің жиынтық сомасы 757,4 млн теңгені құрайды.

Қазіргі таңда Қарағанды облысында  Ұлы Отан соғысының 67 ардагері мен мүгедегі тұрады. Жоғарыда айтылған бір реттік материалдық көмек олардың жеке есеп шоттарына аударылды, кейбірінің үйлеріне жеткізілді.

Бұдан бөлек, облыста тұратын, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген 101 адамға, яғни, концлагерлердің кәмелетке толмаған тұтқындарына, қоршаудағы Ленинград тұрғындары мен майданның ерікті еңбеккерлеріне де 200 мың теңгеден бөлінді.

Материалдық қолдау ҰОС жылдары қайтыс болған ардагерлер мен тыл еңбеккерлері отбасыларына да көрсетіліп, осы санаттағы 8778 адам 50 мың теңгеден алды.

Ауғанстанда ұрыс қимылдарына қатысқан 596 жауынгер-интернационалист, Чернобыль АЭС апатын жоюшы 598 адам да назардан тыс қалмады. Олардың әрқайсына 100 мың теңгеден төленді. Сонымен қатар, биылғы жылдың ақпан айында Ауғанстан Демократиялық Республикасынан кеңес контингентінің шығарылуының 31 жылдығы аталып өткенде, Қарағанды облысының бірқатар қалалары мен аудандарында аталған жауынгерлік іс-қимылдарға қатысқандарға 100 мың теңгеден бөлінген болатын. Бұл қаражатты 902 адам алды.

 

 

Қарағанды облысы