Алдымен Абыл Тарақұлы атындағы ұлт аспаптар оркестрі Құрманғазының (дирижері Р.Мадреев) «Адай» күйін көпшілік назарына ұсынса, ізгі үрдісті «Ақжарма» фольклорлық ансамблі жалғастырды. Олар Ғ.Құрманғалиевтің «Сәлем, Қазақстан!» әнін тыңдармандарға жолдады. Карантин кезінде үйде отырған бауырларымызға қолдау көрсетіп, жақсы көңіл-күй сыйлауды мақсат еттік. Мұндай концерттер филармония әртістері арасында тұрақты өткізіліп келеді. Олар әрбір күні үйлерінен концерттерін бізге жолдап отырады. Филармония операторы оны өңдеп, желілерге жүктейді. Осылайша әртістеріміз уақытты босқа өткізбей карантин кезінде де өз шеберліктерін шыңдауда. Біз, Маңғыстау филармониясының ұжымы барлықтарыңызды үйде болуға және өнермен, шығармашылықпен айналысуға шақырамыз, дейді Маңғыстау облыстық филармониясының директоры Бекбол Базарбаев.