Басқарма басшысының айтуынша, биыл «Ауыл – Ел бесігі» жобасы ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға, ауылдағы әлеуметтік ортаны жаңғыртуға бағытталған.
- 2020 жылы 13 ауылда 63 жоба жүзеге асырылады. Бұл жобалар Обаған, Денисов, Қамысты, Торғай, Амангелді, Қараменді, Ұзынкөл сияқты 7 аудан орталығын қамтиды. Бұған Меңдіқара ауданының Первомай, Қостанай ауданының Октябрь және Шеминов, Алтынсарин ауданының Силантьев, Денисов ауданының Антонов, Бейімбет Майлин ауданының Тобыл ауылдары да кіріп отыр. Аталған ауылдардағы тұрғындардың жалпы саны - 47,6 мың адам, деді Мұсағазина.
Сонымен қатар 2 млрд 38 млн теңге қаржыға құрылыс және қайта қалпына келтіру жұмыстары бойынша 6 жоба жоспарланған. Биыл Алтынсарин және Қамысты аудандарында екі стадион қалпына келтіріледі. Қарамеңді ауылында екі орталық қазандық, Денисов ауылында балабақша салынады. Ал Торғай және Ұзынкөл ауылдарында екі спорттық-сауықтыру орталығының құрылысы басталады.
Гүлбарам Мұсағазина өз баяндамасында құны 1 млрд 759 млн теңге болатын 7 жоба бойынша күрделі жөндеу жүргізу жұмыстары жоспарланғанын атап өтті. Айтуынша, Қамысты және Торғай ауылдарында аудандық ауруханалар, Бейімбет Майлин ауданына қарасты Тобыл кентінде дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеуден өтеді. Сондай-ақ Амангелді ауылында А. Боранбаев атындағы орта мектеп, Қостанай ауданының Октябрь және Меңдіқара ауданының Первомай ауылдарындағы орта мектептер, Денисов ауылындағы мәдениет үйінің ғимараты күрделі жөндеуден өтеді.
Басқарма басшысы ауыл ішіндегі жолдарды орташа жөндеуге бағытталған 50 жоба жүзеге асырылатынын айтты.
Қостанай облысы