Қазақстан • 21 Сәуір, 2020

Рамазан айында күніне бір сағат арнайы онлайн-хатым оқылады

303 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы айтты.

Рамазан айында күніне бір сағат арнайы онлайн-хатым оқылады

«Өздеріңіз білесіздер, елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты мешітте жамағатпен оқылатын намаздарға уақытша шектеу қойдық. Әр азаматтың өмірі мен денсаулығы қымбат құндылық болғандықтан, жұқпалы індеттің алдын алу үшін осындай шешім қабылдауға мәжбүр болдық. Әрине, бұл – уақытша сынақ. Алайда жамағат намазы үшін мешіт есігі жабылғанымен, сауап пен ізгілік есіктері ешқашан жабылмайды. Қасиетті хадис-шарифте айтылғандай, мұсылманның ниеті амалынан қайырлы. Онлайн режимде насихат тыңдап, үйден шықпай сауапты амалдарға ортақтасуға болады»,- деді Бас мүфти.

ҚМДБ қасиетті рамазанда жамағаттың игілігі үшін мынандай жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының www.muftyat.kz сайтынан «Рамазан энциклопедиясы» қосымша парақшасы қосылып отыр. «Хикмет ТВ» студиясы арқылы 30 күн ораза бойы білікті имамдарымыз бен ұстаздарымыздың «Отыз күнге – отыз уағыз» атты онлайн жоба дәрістері жүргізіледі. «Хикмет ТВ» студиясы арқылы Рамазан айында күн сайын Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің қабырғасында күніне бір сағат арнайы онлайн-хатым оқылып, қасиетті Қадыр түнінде Құран Хатым дұғасы жасалады. Сондай-ақ, muslim.kz истаграм парақшасы арқылы имамдармен бір толқында дұға жасауға ниеттелген жамағаттың игілігі үшін Рамазан айының бірінші күнінен бастап, күнделікті әр 15 минут сайын Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің қабырғасында «Батамен ел көгерер» атты онлайн режимде дұға жасап, батаға қатысу рәсімі ұйымдастырылатын болады»,- деді Бас мүфти. 

Сондай-ақ төтенше жағдай кезінде пітір садақасы мен зекетті онлайн берудің оңтайлы жолы қарастырылғанын атап өтті.