Астанада Халықаралық астық конференциясы болып өтті. Оған ТМД, Араб әлемі, Орталық Азия, Еуропа, Кавказ және Жерорта теңізі жағалаулары елдерінен 170-тен астам бизнес құрылымдар өкілдері қатысты.
Конференция жұмысын ашқан Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Евгений Аман басқосудың халықаралық маңызына тоқтала келе Қазақстанның әлемдік астық экспорттаушы ретінде салмағының жылдан-жылға өсіп келе жатқандығына тоқталды.
Конференцияның негізгі мақсаты Қазақстан астығын әлемдік рыноктарға жылжытуға ықпал ету, ТМД елдері астық рыноктарының өзара әрекеттесуін күшейту, Азия мен Парсы шығанағы елдерінің экспорттық рыноктарын дамытудың проблемалық мәселелері мен перспективаларын талқылау, Кеден одағының экспорттық әлеуетін жақсартуға жасайтын ықпалын болжамдау және тағы басқа мәселелер болды.
Халықаралық басқосуда сөз алған “ҚазАгро” холдингі басшысы Асылжан Мамытбеков өтіп отырған жиын тек Қазақстан үшін ғана емес, әлемдік астық рыногы үшін де маңызды болып табылатындығын атап көрсетті. Сонымен қатар холдингтің астық өндірісін дамытудағы, астық экспорттаушыларға қолдау көрсетудегі жұмыстарына тоқтала кетті. Асылжан Мамытбековтің айтуынша, биылғы жылы холдинг 5 миллион тонна астықты сатып алу арқылы оны өндірушілерге өнімді өткізу мәселесіне де едәуір жәрдем көрсеткен.
Конференцияда негізгі баяндаманы Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Арман Евнеев жасады. Ол жиынға қатысушыларды Қазақстан астық өндірісінің қазіргі жағдайы мен негізгі бағыттары, оны дамытудағы қолданылып жатқан шаралар туралы хабардар етті.
Өткен жылы Қазақстан күрделі ауа райы жағдайына қарамастан 20,8 миллион тонна астық жинады. Бұл 2008 жылғы деңгейден 34 пайызға артық. Соның ішінде 17,1 тонна бидай жиналды. Осы мол астық Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттырып, оның көлемін 12,5-13 миллион тоннаға дейін жеткізіп отыр.
Өткен жылдың астық экспорты үшін күрделі жылдардың бірі болғаны белгілі. Әлемді шарлаған дағдарыс бұл мәселеге де өз әсерін тигізбей қалған жоқ. Бірақ соған қарамастан Қазақстан 2009 жылдың 1 шілдесінен бастап үстіміздегі жылдың 20 наурызына дейінгі аралықта 5,5 миллион тонна астық пен ұнды экспортқа шығара алғандығын ауыз толтырып айтуға болады. Оның үстіне Қазақстан үшін мүмкіндігінше мол пайда беретін ұн экспорты жылдан жылға жақсы дамып келеді. Егер 2003 жылы Қазақстанның астық экспортындағы ұнның үлесі бар болғаны 10,6 пайызды құраған болса, 2009 жылы экспортталған астықтың жартысына дейінгі көрсеткішті ұн экспорты құрады. Осы жылы таза ұн экспорты рекордтық көрсеткішке жетіп 2,2 миллион тонна болды. Егер мұны астық эквивалентімен көрсететін болсақ, бұл шамамен алғанда 3,2 миллион тонна астықпен пара-пар деуге болады.
Қазақстан қазіргі күні өзінің астық экспортын әртараптандыру мәселесін барынша қарастыруда. Бұрынғы дәстүрлі рыноктармен қатар Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азия бағытына астық жөнелту ісі биылғы жылы алғаш рет жемісін бере бастады. Осы жылы Қытайға 10 мың тонна астық жөнелтілді. Мамандар мұны әзірге істің бастамасы ретінде балауда. Болашақта Қытай бағытына жөнелтілетін астық көлемі бұдан бірнеше есе асып түсетіндігі анық. Мәселен, “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясы мен Қытай темір жолы министрлігінің келіссөздері нәтижесінде Қытай жағы 2010 жылы 3 миллион тонна Қазақстан астығын өз аумағы арқылы транзиттеуге алдын ала келісім беріп отыр.
Конференцияда Қазақстан астық одағының президенті Нұрлан Тілеубаев сөз алып, үстіміздегі жылғы маусымдағы астық рыногының өзіндік ерекшеліктері туралы әңгіме қозғады.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.