Осылайша, жалдамалы кеңсені хоум-кеңсеге алмастырудың артықшылықтары мен кемшіліктерін әр адамның жеке тәжірибесі арқылы сынап көруіне мүмкіндік туды. Карантинге оқшауланған бір ай мамандықтардың бәрі бірдей қашықтан жұмыс істеуге икемделе бермейтінін, ал біразы жұмыс кеңсесін хоум-кеңсеге алмастырса да жұмыс жалғаса беретінін көрсетті. Тез бейімделетіндер дағдарыста армандауға да батылың бармайтын мүмкіндіктерді кәсібіне айналдыра бастады. Бұрын табалдырықта тұрған онлайн-жүйе бір айдың ішінде төрімізге озып, күнделікті қалыпты дүниеге айналып келе жатыр. Бір айда бизнес пайда табудың жаңа мүмкіндіктерін алдымызға жайып салып, жаңа экономикалық дәуірдің пайда болғанына куә болдық.
Тұтынушыға нарықты өзгертетін жаңа талап қойылды. Мемлекеттік саланың бір тармағы болып келген қызмет түрлері қажеттіліктерді қанағаттандыра алмаса, бизнестің еншісіне көшеді.
«Жеке секторда хоум-кеңсенің тиімділігін түсінгендер енді бұрынғы өміріне оралмайды. Себебі кеңсені жалдаудың, коммуналдық төлем төлеудің қажеті жоқ. Қазір қашықтан жұмыс істейтін мекемелер хоум кеңседегі қызметкерлеріне интернет трафик үшін өтемақы төлеуді қолға ала бастады. Пандемия әлемді бір тарының қауызына сыйдырып жіберді. Вебинардың тиімділігін бизнес те, мемлекеттік қызмет те сезінді. Алғашқы аптада мемлекеттің цифрлы жүйесі сыр бергені рас. Бұған дайындығымыздың деңгейі себеп болды. Дегенмен экономиканы цифрландыру кезең-кезеңімен жүріп жатыр. Алдағы уақытта цифрландыруға көбірек көңіл бөлінуі, жұмыс жеделдетілуі тиіс», дейді сарапшылар.
Бұрын шетелге сапар, қымбат қонақүй, фуршеттер арқылы шешіліп келген мәселелер үйде, компьютердің көмегімен шешілуде. Цифрлы технологиялар дамыған елдерде бұл қалыпты жағдай. Айталық, Оңтүстік Корея, Жапония, ҚХР-да мемлекеттік қызметкерлер шетелге іссапарға өте сирек шығады. Шыға қалса, шақыртушы елдердің қаржысымен ғана барады.
Қашықтан жұмыс істеу карантин кезіндегі уақытша құбылыс деп санайтындар көп болғанымен, үйден жұмыс істеуге сұраныс тек өседі дейді сарапшылар. Бұл қалаларда кеңсені жалға алу бағасының төмендеуіне алып келеді.
2018 жылдың басында IWG жүргізген зерттеу білікті мамандардың 70%-ы қашықтан жұмыс істейтінін көрсетті. 2019 жылы Ресейде Head Hunter зерттеуінде кеңсе қызметкерлерінің 85%-ы келешекте қашықтан жұмыс істегісі келетінін айтқан. Ал АҚШ-та үйден тұрақты жұмыс істейтін қызметкерлердің саны соңғы 10 жыл ішінде 115%-ға өскен. Бұл сол елдегі жұмыс істейтін адамдардың 2,8%-ы екен.
Бұрын тек кинодан немесе кітаптан танып білген құбылыстар бізге де жетті. Ойын-сауық желіден оффлайнға ауысқанын, әлемдік жұлдыздардың концерттері интернет-алаңдарда өтетінін көріп жүрміз. Instaqram желісі арқылы кімнің қалай өмір сүретінін біліп алдық. Интернет-арналар танымал бола бастады.
Сарапшылар сатушысы жоқ, автоматтандырылған дүкендер, қоймадан тауар мен өнім жеткізетін роботтар, хирургтың «үйден» басқаратын құрылғымен операция жасау, мұхиттың арғы бетіндегі инвесторлардың еліміздің батыс өңірлеріндегі мұнай бұрғылау барысын үйіндегі жұмыс кабинетінде кофесін ішіп отырып басқаруы Голливуд фильмдеріндегі қиял емес, ертеңгі шындық екенін айтып келген болатын. Бірақ соның бәрі күні кешеге дейін бізге қатысы жоқтай көрінгені рас.
Хоум-кеңсе тәжірибесі бізде бұрын да болғанымен, ресми статистикада оның нақты саны туралы деректер мәліметтер базасына енбеген. Сол себепті оның тиімді тұстары мен кемшіліктері кең ауқымда сараланбай, тек өзін-өзі жұмыспен қамтығандар деген тіркеспен шектелген. Ұлттық экономика министрлігінің «Қазақстан Республикасындағы лайықты еңбекті өлшеудің статистикалық көрсеткіштері» бюллетенінің мәліметтеріне сүйенсек, 2019 жылы республикада жұмыспен қамтылған адамдардың саны 8,7 млн адам болды. Оның ішінде 2,1 млн (24%-ы) өзін өзі жұмыспен қамтығандар екен. Өзін өзі жұмыспен қамтығандардың санатына фрилансерлердің енгеніне 2-3 жыл болды. Қазір кеңседегі уақыттың тығыздығы мен жалақының аздығына көнбей, борттан шығып, еркін жүзуге көшкендер мен жұмыс кеңсесін хоум-кеңсеге ауыстырғандардың ара-жігі бірігіп кетті.
HeadHunter Kazakhstan компаниясының жұмыс іздеу және рекрутинг қызметі маркетинг және PR бөлімі өткен аптада ұйымдастырған вебинарда былтыр жұмыс орындарының тек 1,1%-ы қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндік бергенін айтты. Ал 2020 жылдың алғашқы үш айында бұл көрсеткіштер сәйкесінше 3,2%-ға өскен.
Қазақстандағы ең ірі электронды еңбек биржалары дайындаған мәліметтерде үйден жұмыс істеуге мүмкіндік беретін мамандықтар біздің елде де аз емес екені айтылады. Мысалы, интернеттегі сату менеджерлері, SMM мамандар, маркетологтар, копирайтерлер, дизайнерлер, бағдарламашылар, аудармашылар, интернет-мұғалімдердің басым көпшілігі үйде отырып жұмыс істеуге басымдық береді. Тәжірибелі, ақпараттық технологияны меңгерген білікті мамандардың басым көпшілігі онлайн жұмыс істегенді жөн көреді. Компаниядар да қашықтан жұмыс істейтін есеп-қисап мамандарына, аудиторлар мен бағдарламашыларға басымдық бере бастаған. «Бұл тиімді тәсіл. Себебі айлық жалақы төлеудің керегі жоқ. Тек істеген жұмысына ғана ақы төленеді», дейді HeadHunter Kazakhstan компаниясының өкілдері.
«Dasco Consulting Group» компаниясы стратегиялық департаментінің директоры Тахир Аслялиевтің пайымынша, карантинде және әлеуметтік оқшаулану жағдайында шалғайдағы қызметкерлердің үлесі өскенімен, шектеулі шаралар алынып тасталғаннан кейін олардың қатары азаймасына ешкім кепілдік бере алмайды. Ал оптимистік болжамдарға сенсек, оқшаулану жағдайында қашықтан жұмыс істеу тәжірибесі жұмыспен қамтудың икемді формасы деген атпен тәжірибеге енеді, олардың үлесі 8-9%-ға жетеді.
HeadHunter Kazakhstan сарапшылары карантиннен кейінгі кезеңде ресми жұмыс орындарының еңбек шарттарында түбегейлі өзгерістер енеді деп үміттенетінін айтып отыр. Өзгеріске бейімделе алатын, жаңа технологияларды білетін мамандарға деген сұраныс артуы әбден мүмкін. Қазіргі жағдай көптеген мүмкіндікті әртараптандырды. Тек жеке сектор емес, мемлекеттік қызметшілердің 70%-ы қашықтан жұмыс істеуге көшті.
Халық та, мекемелер де карантинде өткен бір айда қашықтан жұмыс істеуге ауысудың артықшылықтарын сезінді. Бұл жүйе жұмыс берушіге де, жұмыскерге де тиімді. Екі тарап уақыт пен қаржы үнемдейді.
«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ Еңбекті жоспарлау департаментінің директоры Дмитрий Шумеков Қазақстанда қашықтан жұмысқа ауысатын қызметкерлер бұрын да болғанын айтты. Адамдардың әлеуметтік жағдайы дұрысталса, цифрлы техникалардың мүмкіндіктері барлық сегментте қолданылса, бұл өте тиімді болар еді. «Бірақ Қазақстанда оның әзірге мүмкін емес екенін көріп отырмыз. Ауылда қарапайым ноутбугы жоқ отбасылар көп. Мұғалімімен онлайн сабақты талқылау үшін балалар ұялы телефондарын ұстап үйдің шатырына шығып кететінін көріп жүрміз. Біздегі білім жүйесі қашықтан жұмыс істеу жүйесіне көшуге дайын емес екені көрінді», дейді Д.Шумеков.
Алайда спикердің айтуынша, бұрын жиналыстарсыз, іссапарсыз көз алдыңа елестете алмайтын мемлекеттік қызмет қашықтан жұмыс істеуге бейімделіп жатыр. «Карантин цифрландыруды тездетуі мүмкін. Карантин мерзімі ұзарса, мемлекеттік қызметтердің барлығы онлайн жүйеге көшсе, бізге ХҚКО мекемесінің қажеті болмай қалады. Карантин қалалық, облыстық, аудандық деңгейдегі әкімдіктердің штаты шектен тыс «үрленіп» кеткенін, олардың күні бойы кеңседе істейтін жұмыстарын қашықтан істеуге болатынын көрсетті», дейді ол.
Қазақстан халық санына шаққанда мемлекеттік қызметкерлер көп елдердің бірі саналады. КСРО құрамында болған елдерде бұл көрсеткіш Еуроодақ елдерімен салыстырғанда 9 есе көп екен. Д.Шумековтің пайымдауынша, цифрлы технологиялардың мүмкіндіктері басы артық қызмет түрлерін де шектейтіні ақиқат. «Жақын арада министрліктер ғана емес, квазисектордағы қызмет түрінің 50%-ы электронды форматта көрсетіле бастайды. Кеңседе отыратын мемлекеттік қызметкерлер санын көбейте беруге қажеттілік болмайды», дейді ол.
АЛМАТЫ