Таным • 22 Сәуір, 2020

Қазақтан шыққан тұңғыш режиссер қыз

1393 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақ режиссурасы көптеген тарихи үдерістерді бастан кешірді. Ұлттық өнеріміздің қанаты қатайып, биікке өрлеуіне сүбелі үлес қосқан жандар тарлан тарихымызға алтын әріппен жазылғаны белгілі. Саналы ғұмырын театр өнеріне арнаған қазақтан шыққан тұңғыш режиссер қыз – Ғайни Хайроллақызы еді.

Қазақтан шыққан тұңғыш режиссер қыз

СуреттеРДЕ: қазақтан шыққан тұңғыш режиссер қыз – Ғайнижамал Хайруллина (1914 – 1967); Орта Азия мен Қазақстан режиссерлерінің Шымкент­те­гі мәжілісінде. 1944 жыл. (2-қатардың ортасында Ғайнижамал Хайруллина отыр).

Ғайни Хайроллақызының есімі кейбір деректерде «Ғай­ни­жамал» деп те аталады. 1914 жылы Атырау облысы, Құрманғазы ауданында (бұрынғы Теңіз ауданы – авт.) дүниеге келген. Ғай­ни­жамал­дың өнер әлеміне қадам басуына түрткі болғаны әкесі Хайролланың ұлттық аспабымыз – домбыраның құлағында ойнауы еді. Әкесінің қанымен дарыған қасиет қаршадай қа­зақ қызының Ресейдегі жо­ға­ры оқу орындарында білім алуына жол ашты.

1

Алғашқы баспалдағы Ленинград өнер тех­ни­кумын­да­ғы қазақ студиясынан бас­та­лады. Қазақ студиясында қызмет ететін «Шығыс үйі» атты ұйымында Орта Азиядан келген жастар өнер көрсетіп, соның ішінде Ғайнижамалдың ұлт­тық аспабымыз – дом­бы­раның құлағында ойнап, халық күйлерінен тарту жасауы, сол бір мезетте куә болған жас­тарды елең еткізеді.

1938 жылы дипломдық жұмысын қорғап, арман сапарына аттанады.1947 – 1949 жылдары Жамбыл облыстық қазақ драма театрының ре­жис­сері қызметін атқарады. Режиссерлік білімін шыңдау мақсатында 1956 жылы Мәс­кеу қаласындағы өнер инс­титу­тына оқуға түседі.

Қазақстанның Халық әртісі Айша Абдуллина (1916 – 2019) 2017 жылы 8 наурызда,  «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген «Менің бағымды ашқан – Күләш Байсейітова» атты сұхбатында: «Халық әртісі атағын алуыма қазақ­тан шыққан алғашқы әйел-режиссерлердің бірі Ғайни­жамал Хайруллина қомақты үлес қосты. Ғайнижамалдың 1958 жылы әзірлеген төрт қойылымы үздік шығып, Мәс­кеу­­дегі сахна майталмандары мо­йындады», деп өз естелігін айтады. Өнер зерттеушісі Борис Ерзаковичтің «Қазақ халқының ғашықтық ән­де­­рі» атты антологиясында (құ­растырған өнертану ғы­­­лымының кандидаты Қ.Жүзбасов) Ғайнижамалмен жүз­­дес­кен сәттерінен эпизодтар ұсы­нады.

Ғайнижамал Хайрол­ла­қы­зы­ның шығар­ма­шы­лы­ғы­на ауқымды талдау театртанушы, өнертану ғылымдарының кандидаты Бақыт Кәкиқызы Нұрпейістің «Қазақ театр режиссурасының қалыптасуы мен даму кезеңі (1915-2005 жж.)» атты 520-беттен тұратын монографияда жасалған.

Ғайнижамал Хайрол­ла­қызының шығар­ма­шы­лы­ғы­ның 1-кезеңі: 1938-1961 жылдарды, 2-кезеңі: 1961 жылдан өмірінің соңына дейінгі уақытты қамтиды. Балалар мен жасөспірімдер театрында, кейін Алматы мемлекеттік өнер институтында (қазіргі Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияда) ұстаздық қызмет атқарады. 1967 жылы 53 жасында кенеттен дүниеден озды.

Ұлттық өнеріміздің өркен­де­уіне сүбелі үлес қосқан қа­зақ­тан шыққан тұңғыш режиссер қыз Ғайнижамал Хай­рол­лақызының есімі ар­дақ­талып, туған жері Атырау облысы, Құрманғазы ауданын­да еңселі ескерткіші орнатылса деген тілек бар.

 

Әділбек ӨМІРЗАҚОВ,

Журналистер одағының мүшесі

 

Атырау