Экономика • 22 Сәуір, 2020

Қаржы нарығы төтенше жағдайға қалай бейімделуде?

153 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төтенше жағдай режімінің банктердің қарыз алушыларына және тұтастай алғанда қаржы секторына теріс әсерін жұмсартуға бағытталған жұмысқа баса назар аудармақ. Алматыда өткен брифингте агенттік төрағасының бірінші орынбасары Олег Смоляков осы бағыттағы жұмыстарға тоқталды.

Қаржы нарығы төтенше жағдайға қалай бейімделуде?

Оның айтуынша, банк секторы дағ­дарысқа барынша дайын болды, былтыр жүргізілген банк секторы активтерінің сапасын бағалау да осыны көрсетті.

– 2008 жылдан бері қордаланып қалған көптеген проблемалар анықталып, реттелді. Банктердегі бизнес-процестердің сапасын жақсарту жөніндегі жүйелік жұмыс жалғасуда. Қазір агенттік AQR нәтижелері бойынша түзету шараларының жоспарларын банктермен келісу жұмысын аяқтап қалды, – деді ол.

О.Смоляков коронавирус панде­мия­сының теріс салдарларын еңсеру, бизнесті кредиттеуге қолдау көрсету және қарыз алушылардың борыш жүктемесімен байланысты тәуекелдерді азайту үшін дағдарысқа қарсы қосымша шаралар қабылданғанын атап өтті.

Біріншіден, 30 наурыздан бастап 30 қыр­күйекке дейінгі аралықта пруденциялық рет­теудің уақытша шаралары енгізілді. Қаржы институттарының төлемге қабілет­сіздігіне, қаржылық сенімсіздігіне жол бер­мей­тін капитал мен несиелеуді ұлғайтуға, ең алдымен шағын және орта бизнес субъек­тілерін несиелеуді жеңілдетуге бағытталған.

Екіншіден, шағын және орта бизнес субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдар­ламасы әзірленіп, іске асырылуда. Оған 600 млрд теңге бөлінді. О.Смоляковтың ай­туынша, бұл бағдарламаны Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасына сәйкес агенттік Ұлттық банкпен бірлесіп әзірлеген.

– Бағдарлама екінші деңгейдегі банк­тер­дің төтенше жағдайдың енгізілуі салдарынан зардап шеккен ШОБ нысандарын, оның ішінде дара кәсіпкерлерге айналым капиталын толықтыруға 12 айға 8 %-бен жеңілдетілген кредит беруі арқылы іске асырылуда. AQR-дан өткен және портфелінде ШОБ қарыздары бар 13 қатысушы банк айқындалды, – деді агенттік төрағасының бірінші орынбасары.

Банктерге бөлінген қаражатқа мемле­кеттік және мемлекеттік емес бағалы қағаз­­дарды сатып алуға, басқа банктердегі депо­­зиттерге орналастыруға, шетел валю­та­сын сатып алуға тыйым салынған. Агенттіктің дерегі бойынша, бағдарлама іске асырылған сәттен бастап 14 сәуірдегі жағ­дай бойынша шағын және орта бизнес субъек­ті­лерінен 213,9 млрд теңге сомаға 1 131 өті­нім түсті. 41,7 млрд теңге сомаға 92 қарыз мақұлданды.

Басқа да ШОБ-ты қолдау шараларына тоқталар болсақ, барлық микрокредит бойынша төлемдердің мерзімі өтіп кеткені үшін айыппұл мен өсімпұлды есептеуге тыйым салынды. Төлем мерзімі күнтізбелік 90 күннен асып кеткен жеке тұлғалардың кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша сыйақы есептелмейді.

– Бұл талаптар барлық екінші деңгейлі банктерге, ломбардтарға микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға, онлайн несие беру компанияларына, несиелік серіктестіктерге қолданылады. Төлемдерді кейінге қалдыру жеке тұлғаларға, АӘК алу­шыларға, тіркелген жұмыссыздарға, қар­жылық қиындықтарға тап болған өзге де аза­маттарға қатысты. Осы санатқа жататын шамамен 2,5 млн адамның кредиттік ұйым­дар алдында міндеттемелері бар, – деді О.Смоляков.

Бір айта кетерлігі, бүгінгі таңда банк қарыздары мен микрокредиттер бойынша берешек сомасы 4,4 трлн теңге болатын 5,3 млн азамат, жалпы берешек сомасы 3,9 трлн теңгеге тең 26,2 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі бар. 1,5 млн қарыз алушы мен 12,1 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінен қарызы бойынша төлем мерзімін кейінге қалдыруға өтінім түскен. Сөйтіп, 186,1 млрд теңге сомаға – 1 340 707 адамның, 131,4 млрд теңгеге 9 822 ШОБ субъектісінің өтінімі мақұлданды.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктермен бірлесе отырып, ха­лыққа қолдау көрсету және әлеуметтік төлемдер бойынша мемлекет іске асыратын шараларды жедел қолдап жүзеге асыруда. Көмекті халыққа мейлінше тез жеткізу үшін банктер төлемдерді олардың кез келген шотына аударуда. Әлеуметтік төлем алуы мақұлданған азаматтардың 92%-дан астамында төлем карточкасы бар.

Агенттік пен банктер төлем карточкасын азаматтардың үйіне жеткізу, шоттарды қа­шық­тан ашу алгоритмдерін де қарас­тыр­ған. 13 банк пен «Қазпошта» АҚ шоттарды қашықтан ашу және банк карталарын жет­кізу қызметін ұсынады.

– Шотты ашу дереу онлайн режімде, ал картаны апарып беру тез арада жүзеге асырылады. Қолма-қол ақшаны 4 банкте төлем картасын пайдаланбай алуға болады. Агенттік банктердің осы бағыттағы жұмы­сын үйлестіреді, сондай-ақ банктік қызмет көрсетудің қашықтан жұмыс істейтін арналарын пайдалануға қатысты ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүр­гізеді. Шоттарды қашықтан ашу және банк карталарын алу бойынша қызмет көрсе­тетін қаржы институттарының толық тізімі агенттіктің сайтында, fingramota.kz-те, сон­дай-ақ әлеуметтік желілерде бар. Есепшот ашу және жүргізу, шоттан ақша алу немесе аудару, әлеуметтік төлемдерге байланысты клиенттердің кез келген операциялары бойынша комиссия алуға жол бермеу туралы банктерге қосымша хабарланған, – деп атап өтті О.Смоляков.

Реттеуші орган қаржы нарығындағы ахуалға күн сайын мониторинг жүргізуде. Агенттік жедел желі, электронды пошта арқылы халыққа және ШОБ өкілдеріне кеңес беріп, проблемалық мәселелерді шешіп отыруды да жолға қойған. Жедел желі арқылы бүгінде 16 мыңнан астам азамат консультация алып үлгеріпті.

– Агенттік банктермен бірлесе отырып өтініш берушілердің мәселесін қарап, оларды реттеуді жедел режімде жүзеге асыруда. Мерзімін кейінге қалдыру, әлеуметтік және қайырымдылық төлемдерін аударуға қатысты өтініштердің шамамен 70%-дан астамына оң шешім шығарылды, – дейді О.Смоляков.

Ол Мемлекет басшысының төтенше жағдайға байланысты зардап шеккен ШОБ субъектілерін қолдау мәселесіне қатысты тапсырмаларын орындау шеңберінде «Ата­мекен» ҰКП-мен өзара тығыз іс-әрекет етіп, өтініштердің және бизнестің өзекті проб­ле­малық мәселелерінің есебі жүргізіліп жат­қанын айтты.

Агенттік тұрақты жұмыс процесі шең­бер­інде қаржы нарығындағы ахуалға күн сайын стресс-тест жасау арқылы да мони­то­рингті жүргізеді. Стресс-тестілер нәти­жесі негізінен қаржылық тұрақтылықты қам­тамасыз етуге бағытталған.