Қаржы • 22 Сәуір, 2020

4,31 млрд теңге қарызды кейінге шегерді

287 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Төтенше жағдай кезінде экономиканы қолдауға бөлінген қаражатты жедел әрі тура жеткізу үшін Президент Қ.Тоқаев «Аграрлық несие корпорациясы», «Бәйтерек» сынды даму инс­титуттарын пайдалануды тапсырғаны белгілі. «Аграрлық несие корпорациясы» қиындыққа тап болған қарыз алушылардан несие төлемдерін кейінге шегеру өтінімдерін қабылдауды жалғастыруда.

4,31 млрд теңге қарызды кейінге шегерді

Корпорацияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгінгі таңда несие төлеу мерзімін кейінге шегеру туралы 81 өтініш түскен. Олардың қарызының жалпы сомасы 6,3 млрд теңгеден асады. Әр өтінім жеке тәртіп бойынша қарастырылуда.

– «ҚазАгро» холдингінің «Аграрлық несие корпорация­сы» жалпы сомасы 4,31 млрд теңгені құрайтын 32 кәсіпкердің қарызын төлеу бойынша мерзімді кейінге шегеруді мақұлдады. 51 өтінім қарастырылып жатыр. Айта кетерлігі, 299 млн теңге көлемінде несие алған бір кәсіпкердің өтініші мақұлданбады. Себебі, бұл қарыз алушының қолданыстағы төлемдерге қатысты жеңілдік кезеңі бар. Аталған кәсіпкер шарт талаптарына сәйкес әзірге төлем жаса­майды, – деп хабарлады корпора­цияның баспасөз қызметі.

Төлемдерді кейінге шегеру ере­­жесі бойынша төтенше жағ­дай ре­жімінің салдарынан қаржылық жағдайы нашарлаған клиент­тер­дің ғана өтініштері мақұл­дана­ды. Қаржылық жағдай­дың нашар­лауы сатылған тауар­лар­дың азаюы, көрсетілген қыз­меттер көлемі­нің төмендеуі, өнім­ді сатып алушы­лардың төлем мерзімін тоқтатуы немесе өзгер­туі және тағы басқа да фактор­лар арқылы анықталады. Енгізіл­ген шектеулерге байланыс­ты «Аграр­лық несие корпорация­сы» АҚ қарыз алу­шы­ларының өсім мен айыппұлын есептеуді тоқтатқанын да айта кету керек.

Президент мәлімдемесінен кейін тиімді міндеттемелерді жүзеге асыруға тез арада кірісіп кеткен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ клиенттерінің кез келген мәселе бойынша хабарласуы үшін 5115 жедел желісін іске қосты. Кейінге шегеру өтінімдерін кәсіп­орынның қаржылық жағдайы қиындағанын растайтын құ­жат­тардың көшірмесімен бірге корпо­рацияның электронды поштасына жіберуге болады. Баспасөз қыз­метінің хабарлауынша, кәсіп­керлерден түскен өтініш 10 күн ішінде қаралады.