Қазақстан • 22 Сәуір, 2020

Елжан Біртанов кадрлық ауыс-түйіс туралы түсіндірді

680 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Facebook парақшасында кадрлық ауыс-түйіс туралы жазба қалдырды.

Елжан Біртанов кадрлық ауыс-түйіс туралы түсіндірді

«Кеше Үкімет қаулысымен Камалжан Талғатұлы Надыров басқа жұмысқа ауысуына байланысты Денсаулық сақтау вице-министрі қызметінен босатылды.

Алматы қаласында коронавирустық инфекция кеңінен тарап, жағдай қиындаған соң Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қазіргі басшысы Тілеухан Шілдебайұлы Әбілдаев отставкаға кету туралы өтініш білдірген болатын. Қаладағы команданы күшейту мақсатында басқарма басшысы лауазымына К.Т. Надыровты тағайындау жоспарланған еді.

Алайда, кеше кешкісін К.Т. Надыровқа коронавирустық инфекция жұқтырған деген диагноз қойылды, қазір ол емделу үшін ауруханаға жатты.

Әріптесім Камалжан Талғатұлының тез сауығып кетуіне тілектеспін және қолдау білдіремін!

Осы жағдайға байланысты Алматы қаласы әкімінің келісімімен Т.Ш. Әбілдаевтың отставкаға кету туралы өтініші тоқтатылды», - деп жазды министр.

Министрдің айтуынша, Алматыдағы COVID-19 қатысты жағдай мемлекет және қала басшылығының ерекше бақылауында. Бүгін таңғы мәлімет бойынша мұнда 678 адамның инфекция жұқтырғаны анықталды, скрининг нәтижесінде науқастардың жартысына жуығы медицина қызметкерлері екені белгілі болды.

Орталық қалалық клиникалық ауруханадағы індеттің ошағы оқшауландырылды, барлық пациенттер, коронавирустық инфекция диагнозы расталған қызметкерлер қаладағы стационарларға орналастырылды және емделуде. Аталған аурухананың ғимараттары толық дезинфекцияланады, стационар содан кейін ғана науқастарды қабылдауға кіріседі.