Сұхбат • 23 Сәуір, 2020

Емтихан өткізу ретін әр оқу орны өзі шешеді

400 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Төтенше жағдай жарияланғалы білім жүйесіне де өзгеріс енгізілді. Оқу­шы­лар теледидардан сабақ тыңдап, әлеуметтік желі арқылы үй тап­сыр­­масын орын­дайды. Студенттер де оқуын қашықтан жалғастырып жатыр. Осы орай­да қашықтан оқуға көшкен студенттердің жағдайы туралы Қазақстан сту­денттер альянсының төрағасы Ілияс Түстікбаевтан сұраған болатынбыз.

Емтихан өткізу ретін әр оқу орны өзі шешеді

– Жаңа жүйеге қатысты сту­дент­тер­дің шағымы бар ма? Оқу про­цесі қа­­лай жүріп жатыр?

– Пандемия еліміздегі білім сала­­сының барлық деңгейіне де әсер ет­кені мәлім. Бұқаралық ақпарат құ­рал­да­­рынан, әлеуметтік желілерден мектеп оқушыларының қашықтан оқуға бай­­ланысты көрген қиыншылықтарын, үй­­ренісе алмай жатқанын оқып, көріп отыр­­мыз. Бұл мәселе жоғарғы оқу орын­дарын да айналып өткен жоқ. Сту­денттер  тарапынан интернет жыл­дамдығының нашар екені тура­лы шағымдар жиі айтылды. Оған қоса қашықтан оқуға қажет платфор­ма­лар мен порталдардың ашыл­мауы, кейбір студенттерде оқу­ға қа­жет­ті құрылғылардың, яғни ком­пь­ю­­тер, роутердің жетіспеушілігі сияқ­ты қиындықтар туындады. Бұл мәсе­лелердің барлығы тиісті органдарға хабар­ланды. Бүгінде Білім және ғылым министрлігі мен университет ректорлары қажет шараларды талқылау үстінде.

– Осы мәселеге байланысты сту­дент­­тер альянсы білім алушылар мен оқу орындарының арасындағы кө­пір ретінде қандай міндеттер атқа­ра­ды?

– Жуырда 20 сәуір күні Білім және ғылым ми­нис­трлігі өкілдері, университет ректорларымен видео-конферен­ция өтті. Студенттердің атынан аталған жиынға қатыстым. Ұйымға келіп түс­кен хаттарды, әлеуметтік желіде қоз­­ғалған сұрақтарды саралап, тиіс­ті­лерін сол конференцияда айттым. Құзырлы органдар студенттердің мә­се­лесінен толықтай хабардар. Оқу жылы қорытындыланатын кез жақын­да­ған сайын студенттерді емтихан, мем­лекеттік аттестация мәселелері көбі­рек толғандырады. Конференцияда бел­гілі болғандай, Білім және ғылым минис­трлігінің 2018 жылғы бұйрығына сәйкес, әр оқу орны арнайы комиссия құрып, емтихан алу ретін өзі шешетін болады. Осы орайда еліміздегі білім жүйесі Болон процесіне негізделгенін, яғни студенттердің таңдауына басым­дық берілетінін еске салып, емтихан ре­тін белгілеуге студенттерді араластырып, олардың ойына құлақ асса деген тілегімді жеткіздім.

– Биыл ұйымның құрылғанына 15 жыл толыпты. Осыған орай қан­дай бас­тамалар қолға алынды?

– Негізі, 15 жылдыққа байланысты жос­пар көп болатын. Дегенмен карантин кезінде олардың барлығын іске асыру мүмкіндігі жоқ. Алайда хакім Абай атамыздың 175 жылдығына орай жастар арасында ұлы ақынның өлең­­дерін, қара сөздерін әлеуметтік желі­лер­де насихаттаудамыз. Осыған орай карантин кезінде бос уақытты тиімді пайдалануға шақырып, Жастар ғылыми зерт­теу орталығымен бірлесіп кітап оқу марафонын бастадық. Нәтижесі жаман емес. Жастардың арасында бел­сенді, кітапқұмарлар саны да көп. Со­ны­мен бірге вирустың алдын алуға қа­тысты ақпарат таратып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Бұл да індеттен сақтанудың бір жолы. Әр облыста Nur Otan партиясымен бірлесіп жұмыс істеп жат­қан волонтерлік топтарымыз бар.  Мерей­той қарсаңында әр облыста 1500 мас­ка, 150 қолғап таратып, әлеу­меттік жағ­дайы төмен 15 отбасыға көмек көр­сетілді. 

– Рес­­публикамыздың түкпір-түк­пі­­рін­­дегі студенттермен  байланыс жол­ға қойыл­ған ба?

Әр облыстың әкімдігімен байланыс орнатылған. Сондықтан студенттермен байланысымыз еш үзілмейді. Олар кез келген уақытта, әртүрлі мәселемен хабарласа алады. Қашықтан оқу әлі жалғасады. Сондықтан минис­трл­ік тарапынан қабылданған әрбір шешім мен хабар міндетті түрде сту­дент­­терге жеткізіледі. Жаңа жүйені да­мы­­туға да көмегімізді аямаймыз. Білім және ғылым министрі айтқандай, осы жағдайдан кейін білім жүйесі өзгере түспек. Ал жастар оған дайын болғанымыз абзал. Біздің ұйым заман талабына сай, технологиядан хабары бар, көзі ашық жастарды қалыптастыруды мақсат етеді.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»