Медицина • 23 Сәуір, 2020

Дәрігерге демеу (Жетісулық медицина қызметкерлерін қолдауға 137 млн теңге қаржы бөлінді)

179 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жұқпалы індетпен күресуге жұмылған отандық дәрігерлер еңбегін бағалаудың жаңа шарасы жасалды. Бұл бағыттағы жұмыстар коронавирус инфекциясымен күреске тартылған медицина мамандарымен қоса, құқық қорғау саласының қызметкерлеріне сыйақы беру мәселесін де қарастырады.

Дәрігерге демеу (Жетісулық медицина қызметкерлерін қолдауға 137 млн теңге қаржы бөлінді)

Мысалы, енді «Қауіптілігі аса жоғары» санатына жататын реанимация бөлімшелері мен инфекциялық ста­цио­нарларда жұмыс істейтін дәрігерлер мен орта және кіші медицина қыз­мет­керлерінің еңбекақысына 20 есе үстемеақы төленеді. Яғни медицина қыз­меткерінің айлық табысы 850 мың теңгеге дейін жетеді. Ал «Қауіптілігі жоғары» санатқа кіретін провизорлық стационарлар мен жедел жәрдем дәрігерлері мен орта және кіші медицина қызметкерлеріне төленетін үстемеақы 10 орташа айлық табыс көлемінде белгіленіп, оларға берілетін еңбекақы 425 мың теңге шамасында болмақ. Сондай-ақ «Қауіптілігі орташа» санаттағы карантиндік стационар дәрігерлері мен орта, кіші медицина қызметкерлері, санитар-дәрігерлер, мемлекеттік қызметшілер мен жедел жәрдем көлігінің жүргізушілеріне де 5 есе үстеме төленіп, айлық табыстары 212,5 мың теңгені құрамақ.

Осы мақсатта жұмсалатын қаржы көзін есептеу Алматы облысында да жүргізілуде. Өңірдегі  дәрігерлер мен тәртіп сақшыларын қаржылай қолдау үшін облыстық бюджеттен 137 млн теңге бөлінеді.

– Бірінші кезекте сыйақы медицина қызметкерлеріне беріледі. Бұл мақсатқа біз 137 млн теңге бөлдік. Одан кейін қауіпті инфекцияның таралуын тоқтату үшін халықтың денсаулығы мен өмірін сақтау үшін постта күні-түні жұмыс істеп жүрген полиция қызметкерлеріне, басқа да қызметтердің, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлеріне де сыйақы тағайындалады, – дейді облыс әкімі.

Сондай-ақ облыс әкімі барлық сани­тар­лық посттар мен блок-бекеттерде кү­шейтілген режімде жұмыс істеуді жалғастыру керектігін айтты. Қазір облыс бойынша барлығы 103 пост ашылған. Оның ішінде 57 санитарлық бекет және 46 карантиндік блок-пост тәулік бойына жағдайды қадағалауда.

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Шелек ауылындағы орталық аурухана ғимараты күрделі жөндеуден кейін қайта ашылды. Елу жыл бұрын салынған нысанға содан бері бірде-бір рет құрылысшылардың қолы тимеген екен. Ғимаратты жаңғыртуға республикалық бюджеттен 484 млн теңге және облыстық қазынадан 196 млн теңге қосымша қаржы жұмсалды. Бұл қаражатқа құрылыс жұмысынан бөлек аурухана маңын көріктендіру жұмысы жүргізіліп, ем алушыларға сапалы қызмет көрсетуге қажетті барлық медициналық құрылғылар да сатып алыныпты.

Қазір орталық ауруханада 2 операция залы жаңадан ашылған. Емхана соңғы үлгідегі рентген аппараты, ультра дыбыстық зерттеу кабинеті мен басқа да науқас бойындағы дертті ерте анықтауға арналған құрылғылармен жабдықталды. Тіпті ауылдық ауруханаға кейбір аудан орталығының қолы жетпей отырған жасанды тыныс алу аппараты қойылған. Ал ауруханада 180 адам жатып ем-дом қабылдаса, емханаға келген 310 қаралушы бір мезетте дәрігер тексеруінен өте алады. Қажетті мамандар да жеткілікті екен.

Қазір Шелек ауруханасында 555 адам жұмыс істейді. Оның ішінде 73 дәрігер, 269 орта деңгейлі медицина қызметкері бар.

 

Алматы облысы