Білім • 23 Сәуір, 2020

Талдықорғандық кітапқұмар қыз әлемдегі үздік 125 шығарманы оқып шықты

432 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Аружан Манарбекқызы өз қатарластарынан кітапты көп оқығандығымен озып шықты. Кітапқұмар қыз шығармаларды үш тілде бірдей оқиды екен. Ол қазірге дейін қазақша, ағылшынша және орысша басылған 125 кітап оқып үлгерді.

Талдықорғандық кітапқұмар қыз әлемдегі үздік 125 шығарманы оқып шықты

- Менің кітап оқуға деген қызығушылығым бастауыш сыныпта, мұғалімнің мәтінді жылдам оқуға баулыған кезден басталды. Басында үздік оқу үшін шығарманы түгел оқып алатынмын. Сосын мазмұнына қызығып, ізденетін болдым. Кітаппен дос болған сайын қызық та құпия әлемге ене бердім. Көркем шығарма тіл үйренуіме де көмектесті. Бірде Лев Толстойдың «Жақсы кітап оқу – ақылды адаммен әңгімелескенмен тең» деген нақыл сөзін оқыдым да, ең керек кітаптарды іріктеп, таңдауға көштім. Әлемдегі бестселерді түпнұсқада оқу қызықты. Қазір австралия жазушысы Маркус Зусаканың «The Book Thief» атты кітабын оқып жатырмын. Бұл шығармада Лизел деген кішкентай қыздың соғыс кезіндегі тағдыры баяндалады. Ол қандай қиындық көрсе де кітап оқуға құштар әдетінен айнымай, қажет кітабын табу үшін түрлі әрекет жасайды. «Кітап ұрлаған қылмысқа жатпайды» деген әзілдің мәнін осы шығарманы оқыған адам түсінеді, - дейді Аружан.

Айтпақшы, Аружан жылдам оқудан да алдына жан салмайды екен. Мәселен, 16 жасқа дейінгі жасөспірімдерге бір минутта 200 сөз оқу тән болса, Аружан бұл уақыт ішінде 1500 сөзге дейін оқып үлгереді екен. Және кітарқұмар қыз өзі де шығармашылыққа бет бұрыпты. Талапкерді фэнтези жанры қызықтырады. «Pecularis» деген атаумен орысша әңгіме жазды. Жасөспірімдер арасындағы достық, махаббат сезімін арқау еткен жаңа шығармасын ағылшын тілінде бастады. Ал қазақша детектив жазуды ойлап жүр.