Аймақтар • 23 Сәуір, 2020

Алматы облысы: Кәсіпкерлер 100 млн теңгеге гуманитарлық көмек көрсетті

233 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Отандық кәсіпкерлер Алматы облысының әкімдігіне құны 100 млн теңгеден асатын медициналық қорғаныс заттарын сыйға тартты.

Алматы облысы: Кәсіпкерлер 100 млн теңгеге гуманитарлық көмек көрсетті

«Universal Energy (Qazaqstan)» компаниясы бастаған гуманитарлық көмек акциясына Асқар Алшынбаев, Евгений Фельд, Нұржан Бекшенов, Есенғали Бәйменов және Райымбек Баталов сияқты белгілі мецанаттар үлес қосқан екен. Бүгін Covid-19 инфекциясымен күрестің алдыңғы сапында жүрген Алматы облысының медициналық және басқа да ұйымдарына гуманитарлық көмек жүгі жеткізілді .

Жалпы құны 100 миллион теңгеден асатын жүк құрамында көп рет пайдаланатын Dupont костюмдері, инфрақызыл термометрлер, маскалар, респираторлар, қорғаныс көзілдіріктері бар. Қытайдан сатып алынған заттар Қазақстанға арнайы рейспен әкелінген. Бұл қорғаныс құралдары індетпен күрес шараларына тартылған медициналық және басқа да ұйымдарға бөліп беру үшін облыс әкімдігіне тапсырылды. Барлық медициналық бұйымдар мен амуниция қытайлық және еуропалық кәсіпорындарда өндірілген, еуропалық сапа сертификаттарына ие.

- Біз қысылтаяң шақта логистикалық қиындықты еңсеруге көмек берген еліміздің Сыртқы істер министрлігіне, Қытайдағы Қазақстанның елшілігіне алғыс айтамыз. Бұл заманауи жеке қорғану құралдары біздің медицина мамандарына коронавируспен күресте үлкен көмек болады деп сенеміз, - дейді «Universal Energy» (Qazaqstan) компаниясы құрылтайшылары бірі, белгілі кәсіпкер Болат Әбілов.

Ал гуманитарлық көмекті қабылдап алған  облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев кәсіпкерлерге ризашылығын жеткізді.