Әдебиет • 23 Сәуір, 2020

Жұмабай Шаштайұлы. Аспанқора (повесть)

1219 рет
көрсетілді
96 мин
оқу үшін

«Бірде Рымғали Нұрғалиевқа «Аспанқора» деген шығармамды алып барғанымда, «тағы осындай он дүние жазсаң, тарихта қаласың» дегені бар. Осы повесть туралы Мұхтар Мағауин кейін «Үлкен жазушының елесі келе жатыр» деп жазды. Бірақ, қазіргі күні сол үмітті ақтай алмаған секілді боламын да тұрамын».

Ж.Шаштайұлының сұхбатынан

Жұмабай Шаштайұлы. Аспанқора (повесть)

Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ 

– Атан өлiптi, – дедi Сайлаубай. Қасымжомарттың қызыл шырайлы жүзi шоққа қарыла түскендей нарттанып, аппақ қолымен бетiн сипады да, қоңды реңi шымырлай Сайлаубайға тiктеп қарады. – Е-е, Атан Атан болғалы қай заман! Дүние шiркiннiң бiр-ақ тұтам екенiн бiлмедi ме екен сорлы. Күнделiктi қам-қаракет деп итшiлеп өткiзген күн күн бе, тәйiрi?! Мына жалғанда бiрдеме жетiспейдi деп асанқайғы болғанмен, өзiнiң шолақ қолы тәрiздi қайтып орнына келмейтiнi де бесенеден белгiлi. Құдай-ау, сонша неге бiр тұтамы қалғанша өкпесi өшiп, етi өлмей осы дүниеден шарқ ұрады бұл пенде?! Құзғынның жасын жасап, ақыл-ойы бiр жағына алжасқанша қасарысып қалатын сертi ме екен шiркiннiң, – дедi Қасымжомарт. Сайлаубайға түксие қараған ол жауап тоса iркiлiп, қабағын сұстана кердi. Сайлаубай жаңағы сөзге, мол денесi бiр бүлк етiп, Қасымжомартқа көзiн шақшита қадады. Жанарының жиегiндегi ақ етi қызыл тартып, шелдене бастағандай. Томпайған дөңес жағындағы қаудиып-қаудиып өскен қылтанақтар әр-әр жерiнен сойдиып, ұсқынын кетiрiп-ақ тұр. Жазық маңдайы қатпарлана: – Әй, Қасеке-ай, – дедi ауыр күрсiне басын шайқап. – Қайтесiз әруақты қорлап, қияли болған шығар. Оның орнында болсақ не iстейтiнiмiздi кiм бiлсiн. – Не iстеушi едiк, барға қанағат деп жүре беретiн едiк, – дедi Қасымжомарт жұлып алғандай. – Жоқ, ақсақал! – Даусы қалтырап шыққан Сайлаубай Қасымжомартқа тесiле қарап, бөгелiп қалды. – Сонау ашаршылық пен қырқыншы жылдың қырғынын көрген небiр аяулылардың сарқыншағы емес пе едiк. Сiз онда осы төңiректе жоқ болатынсыз. – Қырылайық па ендi?! – Қырылмаңыз, Қасеке! – дедi Сайлаубай. – Жанымызды сақтап, қалт-құлт етпесек те, дәм-тұзымыз таусылмай, табанымыз тозса да, талабымыз шағылмай, мына өзiңiз көрген ниетiмiзден жаңылмай жеттiк осы күнге. – Заман, заман, – дедi Қасымжомарт манағы бiр өктемдiгiн пышақкестi тыя, бiр сарабдал кейiпке енiп. Жан-жағын жiтi шолды. Тұла бойы жерiнгендей Сайлаубай оған бiр мезгiл тыжырына қарады. «Туһ, кәпiрдiң бетiнiң қызылын-ай», – дедi iштей. Дегбiрi қаша астындағы қарагердi жиi тебiне берген Қасымжомарт алға оқ бойы озып шықты. Қойға мiнiлген торыны үстi-үстiне қамшылаған Сайлаубай Қасымжомартқа әзер-әзер iлестi. Қаракер ұзай түскенде: «Қап, итте сөзiм кетiп, қыбым қанбады-ау. О, қайран Атанай!» деген өкiнiш жан-дүниесiн қуыс қалдырып, одан жел уiлдеткендей құлазытып жiбердi. Тұмсыққа тiрелгенде Қасымжомарт атының басын iркiп, қаздия қалды. Нарттай қоңды қызыл жүзi көңiлiне бiр ой алғанда осылайша парық салып, сонда да жалғанды өзi тұрған биiктен шолғанды ұнататын сыңайы аңғарылады. Кескiнiне иманы үйiрiлiп тұрғанымен, Сайлаубай сияқты жаяуларды жанына қоңсы қондырмайтын атадан балаға ауысқан ақсүйектiк ғұрпы кiсiнi шошытпағанымен, ыңғайсыздандыратын тәрiздi. – Ол бейшара неден қайтыс болыпты? – деп, Қасымжомарт жақындап қалған Сайлаубайға тесiлдi. Өткiр, ашық даусына я шаңқыл, я дiрiл араласқанын Сайлаубай болжай алмады. Атының тiзгiнiн тарта түсiп, iркiлдi. Қараторы дөңгелек жүзi қошқылданып, Қасымжомартқа тайсалмай суық қадалды. Қолындағы қамшыны бүйiрiне таянып алыпты. «Жаманның кесiрiн қарай гөр, ұрынайын дей ме, қалай?» – деп Қасымжомарт iштей жиналып алды. Сайлаубайдың өткiр көзi өңменiнен өтiп бара жатса да, сыр бермей қалшиып тұра бердi. Ауыр күрсiнген Сайлаубай: – Атанның неден өлгенiн бiр құдайдың өзi бiледi, – деп, өзiне-өзi сөйлегендей, назарын Аспанқораның тiк шоқысына бұрды. Сонан соң даусын қатайтып: – Қасеке, айтыңызшы, Аспанқора сiздiң атақонысыңыз, әкеңiз Тобықбайдың баяғыда алты жүз жылқысы осы жердi жайлады. Кедей-кепшiктiң заманы туғанда Атанның әкесi колхоздың алғашқы бiр отар қойын бiрiншi болып осы жерге қыстатты. Содан ендi ол Атанға бұйырған едi. Соған iш қызғанышыңыз болды-ау деймiн. Баяғыда өзiңiз мал фермасының бастығы болып жүргенде ше, Атанды басқа қонысқа ауыстырмақ ниетiңiздi сезетiн ем. Қабағын таңырқай керген Қасымжомарт Сайлаубайға шұқшия ызбарлы қадалды. Ашу қысып, жүзi қып-қызыл болып күреңiткенiмен даусын баяу шығарды. – Өзi қырсық шалған жiгiт едi. Атақонысын қызғанатын мен бiр түлей деймiсiң. Менiң әкем кiм, Атан кiм? Бiздiң үйге су өзi әкелiнетiн, қой өзi сойылатын, қымыз өзi iшiлетiн. Бейшараның кемдiгiн ескерiп, басқа жерге қоныс аудар дегенiм рас. Әй, бұл жұртты қойсаңшы, – деп тебiнiп қалып, аяңмен жүрiп кеттi. Сайлаубай өзiнiң бүгiн тым аңғарымпаз болып кеткенiне таңы бар. Қасымжомарттың қызыл реңiнен ащы мысқылды аңдап, титықтаған атын қамшымен осып-осып жiберiп, қопаң желiспен қатарласты. – Қасеке, Атан алдында күнәңiз жоқ па едi? – деп тықақтап қоймады. Ажары бұрқ етiп күреңiтiп кеткен Қасымжомарт үрiккендей Сайлаубайға қарап: – Әй, сен немене тықылдай бересiң? Кiсi өлтiрдi деймiсiң, менi бiр. Қой әрмен, етегiне намаз оқып жүрген ешкiмдi көрген емеспiн. – Кем адамды басындыңыз, Қасеке. Қайта сiзге жағады екен, – деп Сайлаубай буырқанып келе жатыр едi, Қасымжомарт айқайлап жiбердi. – Иә, жағады! Маған жағады деймiн, ей! Жақпаса Атан тұқымсыз қала ма, – деп атын қатты тебiнiп, желе жөнелдi. Басқа ауылдың көп төбетiнiң арасына түсiп қалып, содан әзер құтылғандай Қасымжомарт сидаң барады. Ал Сайлаубай қия беткейдiң жалғыз аяқ жолында мiз бақпастан аңырып көп тұрды. «Иттiң бетiнiң өрттей қызарғанын қарашы», – деп тiзгiнiн Аспанқора шыңына қарай бұрды. «Атан жазған осы жолмен өмiр бойы жүрдi ғой. Жаңағы қызыл иттiң айтқанының жаны бар-ау, шынында. Неге сонша осы жерге ындыны құрыды екен байғұстың. Кейде осылай көзсiз кетемiз ғой бәрiмiз. Басы бейнетке жазылған бейшара-ай десеңшi! – деп Сайлаубай жалға шығып, тiк тұмсыққа қапталдағанда, құбыла жақтан: «Ойбай, бауырымдаған» дауыстарды естiдi. Торының сауырын қамшымен көмiп-көмiп жiберiп, өрге қарай тырмыса жөнелдi. Жылдам жүрген аты аяқ асты кiлт тоқтағанда, өзiнiң егiлiп жылап келе жатқанын аңғарды.

Соғыстың екiншi жылында Атан бiр қолынан айырылып келдi. Бiр үрiм-бұтақтан қарайып жалғыз қалған Атанның аман оралғанына кәрi-құртаң ағайын қуана қауқылдасты. Қуаты қайтып қалтылдаған Рақымбердi: – Уа, әруақ, Бидалының шаңырағы ортасына түспептi. «Қанаты бүтiн сұңқар жоқ, тұяғы бүтiн тұлпар жоқ». Бiр қолың аман келгенiңнiң садағасы шығар. Қамықпа, жетiлiп кетесiң, – дедi. Атан сол жылы көңiлi жарасып, Ханымкүлге қосылды. Қараторының әдемiсi Ханымкүл қарақаттай тұнық, күлiм көзi жайтаң қағып, кiсiнiң ынтығын құртады. Үй мен түздiң тiршiлiгiн сылаң қаға шыр айналдырып, дөңгелетiп әкеттi. Атан әуелi уыздай ұйыған қоңыржай тiршiлiгiне бейiлдене қойған жоқ. Өзiн қатты ыңғайсыздандыратын осы бiр жылы-жұмсақ күндерi еркiнен тыс, құдiретi күштi басқа бiреудiң әмiрi арқылы өтiп жатқандай көрiнетiн. Жаратылысынан ашық, ақжарқын әйелi сықылықтып күлiп, Атанның мойнына асылған сәтте жетегiне ерiп кететiнiн сезбей де қалатын. Көп ұзамай Атан қой бағуға бекiндi. Қой баққанда әкесiнiң жыл он екi ай қонысы болған Аспанқораға көшуге дайындалды. Атанның бұл ниетiн сезген ферма бастығы – Қасымжомарт бұлқан-талқан ашуланды. – Атан-ау, өзiң болсаң жарымжансың, баққаның қой, отырған жерiң тау, итқұс болса қалың, су құз етекте, оны қайтып тасып iшесiң? Қой, оның болмайды, – деп үзiлдi-кесiлдi қарсы шықты. Назарын Қасымжомартқа тiктегенде Атанның жанарының ұясынан ұйықтап жатқан жылан бас көтерiп алғандай кiсi баласы сескенетiн сұс сезiлдi. Пышақпен сылығандай жақ еттерi түтiгiп, қушық маңдайы оқшаулана тыртысып, дөңес мұрны қоңқайып, кескiнi өзгеше өрескел бұзылып кеттi. Бетiндегi шешек дағы сұр жүзiне уқорғасын түстес уыт берiп, дәл бiр шалт қимылға көшетiндей қуқыл тартты. «Пәтшағардың ұсқыны бұзылып кеттi ғой, аңдамай сөйлеп қойған жерiм болды ма?» деп ойлаған Қасымжомарт қатты сасайын дедi. Айтқан сөздерiн зердесiне салып та көрдi. – Атан-ау, – бұл жолы даусы бұзылып шықты. – Атаң да болса бiр жолдассың, саған жаманшылық ойлаған жерiм жоқ. Әкемнiң жұрты деп те қызғанбаймын. Тек Аспанқора тым қиын жер ғой, жарықтық. Атан үндемедi. Жалғыз қолын ауырсынғандай ақырын көтергенде қушық маңдайы қатпарланып, көзiнiң ұясы суық тарта түстi. Тайсақтаған Қасымжомарт көзiн оның көзiмен түйiстiруден тайқытып әкеттi. «Осы бiр тексiз итке несiне шырылдаймын. Маған десе қия-құздан ұшып өлсiн. Сонша бедiрейгенi несi» дегендей Қасымжомарт: – Мейлiң, – деп атын тебiнiп жүрiп кеттi. Көктөбе шыңынан құбылаға қарай жылжыған жал шоқы өзгеден ерек көкке шаншыла бiткен. Ал қапталдағы сумаңдаған жалғыз аяқ ирек жол көлденең шөккен еңселi тепсеңнiң терiскейiне ғайып болып, содан тағы бiр өркеште түлкiнiң құйрығындай бұлаң етiп, тiкеден-тiк тартылған арқандай қозыкөш жердiң жон тоспасын тiлiп жатыр. Жалғыз аяқ жол шөмiштiң шұңғылындай шыңыраудың апанына тiреледi. Тұңғиық терең сайдың көз ұшында айнаның сынығындай сәуле шашыратып, болар-болмас жылтырап аққан бастаудың көзi бар. Қойға шыққан жылдың алғашқы айларының бiрiнде Атан әйелi екеуi дәл осы жалғыз аяқ жолмен су алуға келдi. Ханымкүл шөмiшпен шелектi толтырса, Атан оны жалғыз қолымен теңдеулi тұрған флягтарға көтерiп алма-кезек құяды. Шелек жиi-жиi шайқалып, ернеуiнен лықсып төгiлген су түйенiң қомына, одан Атанның үстiне шашырады. Атанның бұжыр бетi қызылкүреңiте түтiгiп, жалғыз қолын қалтылдатпауға тырысқанда, ашу ұялаған көзi алара шатынап кеттi. Тiстенiп алған ол бар пәрменiмен шелектi флягтың аузына еңкейткенде лақ етiп екпiнiмен аққан су екi айрылып, Атанның белiнен төмен құйылды. Осы сәтте қуыстана қалған ол шұғыл керi бұрылды. Қаққан қазықтай қалшиған Ханымкүлдiң қараторы әдемi жүзiнiң сыны бұзылайын деген бе, аялы қарақат көздерiнен ыршып шыққан жас екi бетiн айғыздаған бойы тарамдана төмен саулап барады екен. Атан өзiнiң кем екендiгiн бұрын да бiлетiн, қазiр де осы күйiне еш налыған жоқ. Тек бүп-бүтiн нәрсенiң кемдiгi байқалмай, кем нәрсенiң кемшiлiгi бiрден көзге ұратынына қынжылды. Үйленгелi берi әйелiнiң бет-жүзiнен мұндай сұмдықты аңғармап едi. Алдындағы тiк өрден көз алмай жұқалтаң ернiнiң қанын шығаратындай қырқа тiстеп алған Ханымкүлдiң қарақат көзiнде өмiрiне деген ренiшпен аралас, әйел баласына тән астарлы сыр жатқан сияқты. Өткен өмiрiнiң қызуына бой жылытып, қызығына қанып, ендi мынау өзiнiң қол-аяғы балғадай жастық өмiрiнiң нарқын түсiрмейтiн, бүтiндей басқа қаракет аңсаған ұшқын көзiнен анық сезiледi. Ханымкүл Атанға оқыс жалт қарады. Түйiскен екi көз бiр-бiрiне ұзақ қадалды. Заты суық, сұсты шарадан дәтi шыдамай әйел бiр мезет тұқырып қалды. Жаймен келiп шелектi бастау басына тастай салған Атан оқты көзiн әйелiне қадаған күйi: – Не қылып состиып тұрсың, бақырды толтырмайсың ба? – дедi. Тiк беткейдегi қожыр жартас Атанның қатқыл даусынан жаңғырығып, қарадүрсiн сарын бiраз уақыт құлақтың түбiнде ызыңдап тұрып алды. Мiз бақпастан селтиiп тұрған Ханымкүл кенет жүресiнен отыра кетiп, қос иығы бүлкiлдеп, өз демiне өзi тұншыға ұзақ жылады.

Қасым анда-мұнда Аспанқорадағы Атанның үйiне келiп, түстенiп қайтатын. Ондайда мал-жаннан бастап, күнделiктi тiршiлiк күйбеңнiң қалтарыстарына дейiн көңiл аударып, ықыласты әңгiменi қоздатуға себепкер де болатын. Кiсiнiң қас-қабағын қапысыз танып, айтар тiлектi емеурiннен бiлетiн елгезек Қасым елдiң көңiлiнен шығып отыруды дағдыға айналдырған едi. Ел тiптi оның есiмiне «жомарт» деген сөздi қосамжарлап айтатынды шығарды. Ал қариялар Қасымға сүйсiнiп кеткен уақыттарында: «Әкесiне құдай берген-ақ кiсi едi, мұның қолында жоқ, әйтпесе байғұстың пейiлi бар ғой, тура баяғының Қасымжомартыныкiндей» деседi. Қасымжомарт бiр күнi шайдың үстiнен түстi. – Иә, мал-жандарың аман ба, Атан? Ауыз су демесең бұл жер жайлаудың төресi ғой, шiркiн! Атан мен Қасымға алма-кезек қадалған Ханымкүл қас-қабағын қылықтана керiп, ұяңдау жымиып қойғанда одан сайын әдемi көрiнедi. Қарақат көзiне кiсiнiң ынтығын құртатын жылылық ұялатып тұрып: – Бiздiң Атан Аспанқора мен ит өлген жердегi бастаудан басқа еш нәрсе бiлмейдi ғой, Қасым, – деп жеңiл күрсiндi. Қасым бiр нәрсенi қамығып ойлағандай төмен қарап, тұқырып отырған. Ханымкүлдiң сөзiне елең етiп, басын жұлып алды. Дөңгелек қызыл шырайлы жүзi ашаң тартып, үлкендеу қоңыр көзi көкейiне бiр тәуiр ой оралғандай ойнақши: – Атан-ау, осыншама азапқа түсе бермесең қайтедi. Қолымнан келген жақсылығымды аямаймын, ауыл маңына жылжышы, бiреу саған қың десе маған кел, – дедi. Атан сау қолымен керегеге қарай қисайып отырғанынан түзелiп алды. Қабағын шытқанда суалыңқы жақ еттерi қатпарланып кетiп, көзiне ызбарлы ұшқын ұялатты. – Әй, жомарт десе жомартсың-ау, Қасым, – деп кеңк-кеңк күлдi. Атанның кекесiндi сөзiн қаперiне iлмей, жайдары жымиып алған Қасымжомарт аяқ асты состиып қалған Ханымкүлге iркiлiп барып, үй иесiне назарын қайта тiктедi. «Бiр-бiрiмiздi отқа итермеймiз ғой» дейтiн сыралғы пiшiнге енiп, томсарып отырған Атанға байыппен езу тарта: – Атеке, – дедi. Тығыз-таяң нәрсенi айтуға аптыққандай алдыға ұмсына түстi. – Екеумiз бiр жылғы төл едiк. Осылай аракiдiк жүздесiп қалғанда қаймана қазақтай тымырайып алсақ, онда бiздiң кiсiлiгiмiз қайсы. Бұл жалғанда сыйласқанға ештеңе жетпейдi. Көкейiңдегi не түйткiл, айтып көр, тыңдалық, – дедi. Атан оң қолы жоқ иығын абайсызда қомдап қалғанын өзi де сезбедi. Аталы сөз айтылатын тұста кемдiгiн жасырып қалуға тырысатыны несi екен. Абдырап, асып-сасқан күйi көз қиығын әйелiне тастады. Ханымкүлдiң бiтiм-сынын да бiр таза әйелдiк сипатпен бiрге, күйеуiнiң кейбiр оғаштығын қорашсынатын сыңайы айқын аңғарылады. Бiрдеңе айтсаңшы дегендей Атанға өтiне телмiрдi. Өзiнiң тоңмойын, тұйық мiнезiн бiлетiн бұл жаңағыдай сөзге дәм кiргiзе алмайтынын бiлдi. Айтса, Қасымжомарттың да, Ханымкүлдiң де өзара жақсы ұғынысып отырған пейiл-ықыластарының шырқын бұзатындай көрдi. «Шынында, кiсiмен сөйлесу керек екен өзi. Малдың саяғындай жұрттан сырттап қалатыным қалай?!» деп ойлады. Көзiнiң қарашықтарына бiр сәттiк ұшқыны пәтуалы ойдың тоқтамындай лып еттi де, мезетiнде ғайып болды. Сау жағына қарай қисая шынтақтағанда шолақ қолының шұнтиған тұқылының байланған ұшы қойшылардың ит-құста амал ғып жасаған қарақшысына қағылған ағаштай бiр-ақ тұтам. Қасымжомарт Атанға тiксiне қалғандай одырая қарады. «Құданың құдiретi, адам баласы да жаратыла бередi-ау. Ханымкүл мына жазғанның қай ұсқынына қызығып тидi екен?» дедi iшiнен. Өзгенi шен-маңайына жуытпайтын әдетiне бағып, тауаны тар Атанның сиықсыз бiтiмiн көз қиығына қыстырмай, ендi Ханымкүлдi бажайлап шолуға кiрiстi. Әйел баласының ынта-пейiлiн жiтi бағдарлайтын Қасымжомарт Ханымкүлге парық салып тағы бiр қарады да, жаймен көтерiлдi. – Атеке, мен мына Көктөбедегi қойлы ауылдың жағдайын бiлейiн, маған айтар не тiлегiң бар, – дедi. Шынтақтап жатқан Атан шолақ иығын өзiне бейiмдей құнжиып көтерiлдi де, малдасын құрып отырды. Қой көзiнiң зәрлi уытын Қасымжомарттың өңменiне қадады. Осы қарастың түп-төркiнiнен өзiн жақтырмайтын сыр ұшқынын байқайтын Қасымжомарт жайдары қалпынан қалай да ажырамай, кәнiгi ұстамдылығын сақтады. – Атан, – шаруа жөнiнде айтқысы келгенде қатқыл кейiпке көше қоятын қашанғы рәсiмi едi. – Келесi жұмада есеп-қисабыңды берерсiң, – деп боз ши қалпағын киiп сыртқа беттедi. Ханымкүлдiң тұнық қара көздерi қатты таңырқағандай кең ашылыпты. Бұрқ етiп бiлiнген қызылкүрең түс әдемi кескiнiн одан сайын ажарландыра түскендей. Қасымжомартпен есiктiң көзiне дейiн iлесiп барып, бiр кезде күйеуiне жалт бұрылды. – Үйге келген кiсiнi аттандырмайсың ба! – дедi. Атан мiз бақпады. Ханымкүл Қасымжомартқа қиыла өтiнгендей әрi бiр сынық мiнезге салынып: – Қасым-ау, келген сайын құр аттанасың. Бүгiн жата-жастанып, бiр малдың басын жеп кететiн ретiң едi. Бiз де қайбiр жетiсiп жүр дейсiң. Жердiң төбесiне шыққалы берi елдiң жүзiн көруге зар болуға айналдық, – дедi. – Ханымкүл, малдың басы қашпас, қоғамның жұмысын дер кезiнде тындырмасаң, ұяты өзiңе келедi. Кеңiнен отыратын күн алда ғой, – деп, Қасымжомарт сыртқа шығып кеткенде, екеуi екi жерде ұзақ состиысып, тұрып қалды. Үнсiздiктi Ханымкүл бұзды. – Мола не, бұл үй не? Бiр Сайлаубай болмаса, өзгеге сенiң қабағың неге қарыс жабылып қалады, осы?! Қасым кiм, Сайлаубай кiм? Оның бiр парықсыз, бейшара, құлқұтан. Атан Ханымкүлдiң ашық ұрысқа тiленiп отырғанын бiлдi. «Қойнындағы әйелiнiң сөзi осындай болса, онда өзгеге не жорық. Бұл бейбақ «қызыл иттен» басқамызды құл-құтанға теңгередi екен ғой...» Жұқалтаң өңiнiң қаны қаша, шешек дақтарына дейiн сұрғылттана сұрланған Атан көзiне зәрлi айбын ұялатты. Күйеуiнiң ұсқынсыз қара шұбар кескiнiнен о баста-ақ қаймығатын Ханымкүлдiң әдемi пiшiнi бозғылт тарта қуаңдап, ойнақшыған күлiм көзi жасқа шылана жәудiреп, түз тағысыныкiндей тосырқайтын сыңайы байқалды. – Аспанқораң елегзiтiп өлтiретiн болды. Бiр ауық далаға түсiп, туған-туысқанды аралап келудi бiлмеймiз. Аң болуға айналдық. – Қыңсыламашы-ей! – деп Атан уытты көзiн әйелiне түйрей қадап, қинала тыжырынды. – Қыңсылаған екенмiн ғой мен саған, – деп Ханымкүл өршеленiп кеттi. – Тас мақаудан қай жерiң iлгерi?! Атан әйелдiң тiлiн шығармау керектiгiн ойлады. Ешкiмде iсi жоқ өзiмен-өзi жорғалап бара жатқан жыланды құйрығынан шұқысаң ғана басымен оралып келiп шағатыны сияқты, әйелге тiл бiтiрсең жаныңды жаралайды. Дұшпан айтатын сөздi қатыннан есту таң емес. Атан орнынан тұрып, сыртқа шықты. Қапталдағы отқа қойылған атына мiндi. Сәскедегi ащы күн тура төбеден төнiп, тау шалғыны шағылданған қуаң түске енiптi. Шығандаған биiктiгiнен Аспанқора да сәл аласарып, шөжiп, шөккендей. «Тiршiлiкте не мән бар?» деп ойлады. Аспанқораның тiк тепсеңiнде тұрған бұл ұзыннан-ұзақ шұбатылған Атабайдың мұқал жалына көз тiктi. «Атабай жарықтық момын кiсi дейтұғын. Анау бiр көлденең тұмсыққа сұғына бiткен жайдақ тепсеңдегi жер-қораны әкесi баяғыда көрсеткен. Ендi қараса оның орны тып-типыл. Сол Атабай қыстауында бұл дүниеге келiптi. «Ақсақал, сiздей қоңыртөбел тiршiлiгi болып, есiмiңiздi көтерiп жүрсе болды» – деп, әкесi байғұстың ес-тұсы қалмаса керек қой. Әй, сорлы әкем-ай, Аспанқорадағы Тобықбай анау қызыл итi туғанда Қасымжомарт әулиенiң есiмiн таңдапты. Ал бұған жұрт Атабай есiмiн қимай, Атан атап кетiптi». Кенет өткiр зат түйреп өткендей жүрегi жиырыла қалды. Өзiнен Қасымжомарттың барлық жағынан iлгерi екенiн iшi сезедi. Қойшы-қолаңмен қазан-ошағы араласып жатады дейдi. Кей байғұстар бұл жата-жастанып кетсе, үйлерiне қыдыр қонатындай алдынан қия өтпей қол қусырып күтетiнi несi екен? Ханымкүлдiң жаңағы сөзi Атанның жанына қатты батты. «Қызыл иттiң» алдында өзi менi кем көргендей бола ма, қалай?» деп ойлады. «Балам, кесiрге жолықпа» дейтiн әкесi. Қараса, момақан қария пенде шiркiннiң тез ес жиып дәл осы күйiнде туа салғандай керiлiп-созылатынын бiлiптi ғой. Ханымкүл парықты әйел ме, жоқ, әлде бүгiнiн ғана ойлайтын төмен етектiлердiң бiрi ме, ол жағын байқап, байыптап көрген емес-тi. Әйтеуiр, көлденең көк аттының көзiне түсетiн көркiне өзi де ылғи тәнтi боп, көңiлiне пендешiлiк қуаныш ұялатыпты. «Апырмай, осыншалық итшiлiкке неге бардым екен?» дедi Атан iштей ширығып. Әйелiнiң өзiн менсiнбейтiнiн сезiнген сайын көкiрегiн ессiз ашу кернеп, шарқ ұра бастады. «Неге сонша қор болып жаратылдым екем?» дедi. Бiреудi кiнәлап, жазғыруды бiлмейтiн бұл – маңдайға жазылатын несiбенiң болатынына күмәнсiз сендi. Қараса, адам баласы иемденетiн жақсылық болса, соның түгелге дерлiгiн Қасымжомарт игiлiгiне жаратып жатыр. Күндердiң күнiнде Атан осы күйiнде қалмайды. Дүниенiң қызығы мен шыжығы бұған таңсық та емес. Бiрақ осы Қасымжомарттың қайғысы бар ма екен деп ойлайды. «Бұл неге жұртпен осынша жарқын сөйлеседi? Тымырайған менi де iш тартып, жанашырлық бiлдiрiп жүргенi анау. Ханымкүлдiң жаңағы «тас мақаудан қай жерiң iлгерi» деуiнде бiр гәп бар шығар? Қатын алдым, үй болдым деуiм көңiл жұбату болмағай. Осы Қасымжомарт келген сайын шырқымыз неге бұзылады? Кезең белдiң тiк құлдилаған тұсына жақындап келдi. Құз шыңыраудан Аспанқора көкке шапшиды. Пенде баласының қам көңiлi қаперiне кiрмейтiн осынау жаратылысты Атан ерiксiз шолды. Осы Аспанқораға байланып қалатын не жөнiм бар дейтiн сауалға жауап таппай iркiле бердi. «Жағады, жақпайды дейтiннiң ақиқатқа жуық әлде бiрдеңесi бар ма екен?» «Аспанқора қиын жер ғой, жарықтық», – деп Қасым иттiң айтқанының, жоқ, жаны бар болғаны ма?» Бұрын басынан кешпеген бiр түсiнiксiз жай-күй. Аспанқорамен бетпе-бет келiп тұрғандай көре ме, кейде өзiн. Өмiрiнiң тең жартысынан астамын осында өткiзiптi ойласа. Баяғыда әкесi етектегi Атабайдан осы Аспанқораға қоныс аударғанда мұның есi кiрiп қалған шағы едi-ау. Әшейiнде можантопай, салбыраңқы самарқау әкесiнiң сонда айбаттанып алғаны несi екен? Бұл да Ханымкүлмен қосылып, қой алып, Аспанқораға қоныс тепкенде өзiн бiртүрлi сергек ұстамап па едi? Ханымкүлмен арадағы кикiлжiң әңгiмеден кейiн Атабайға қоныс аударуға iштей талай бекiндi. Бiрақ олай iстеуге бiр бөгде күш жiбермей, бөгеле берген. Аспанқора малға жайлы, қой тоқтайтын тұйығының қолтығы кең сөгiлгендiктен ғана емес, Атан бұл жердiң аяқ-қолын еркiнше созып, барынша көсiле алатын тыныстылығын қалайды. Қаршадайынан құз етектен су тасып көндiккен адам, оның азабын да елемеуге үйренген. Оның үстiне, соғыстан бiр қолынан айрылып келгелi берi бұрынғы қамсыз-мұңсыздықтан жұрдай болып, көңiлi босай беретiндi шығарды. Аспанқораның кез келген тұсын әкесi мен анасынан қалған көздей қорғаштап, содан жанына демеу табатындай болады. «Мен сияқты кәрiп адамға алданыш керек-ау» дедi Атан. Ол кейде Сайлаубай үйiнiң қатықсыз қара суын iшсе де, сарсаң ойдан арылғандай сарайы ашылады. Мына бiр ойқы-шойқы дүние жасылдана түзiлiп, көзi шырадай жайнайды. Мұндайда Сайлаубай да дiлмәрсып кетедi. Оның жұпыны үйiнде отырып, әңгiмеге шешiлiп араласатынына таң. Бiрiнен соң бiрi дастарқан басына келетiн Сайлаубайдың үйелмелi-сүйелмелi балалары мазасыз-ақ. Ананы-мынаны сұрап, шешелерiнiң мазасын алады. Осындайда Сайлаубай балаларына зiлсiз ақырып, әмiр бергенiмен сөзi өтпейдi. Соған ызаланып, сықпырта бiр сыбап алады. Ал Атанның Сайлаубай балаларына деген ықыласы бөлек. Солардың әуенiне төңкерiлiп, әлек-шәлегi шығып жатқаны. Атабайда отырған Сайлаубай бiрде Атан мен Ханымкүлдi ерулiкке шақырды. Екеуара қоныс, мал, даладағы ауыл жайынан бейiлдi әңгiме қозғады. Ара-арасында Сайлаубайдың әйелi де сөзге араласып қойғанымен, оны-пұныда iсi жоқ, қаққан қазықтай тiп-тiк отырған Ханымкүлге жалтақ-жалтақ қарайды. Сайлаубайдың кейбiр әзiл-қалжыңына салқын езу тартқаннан басқа Ханымкүл шырай бермей, тымырайып алыпты. Өзеурей өңештеген Сайлаубай барынша дiлмарлығына салынып бақты. – Қасымжомарт ана салпы етек қатынын баяғыда қырық жетiге алып едi. Мына бiздiң Атекең Ханекеңдей уылжыған келiншектi қырғидай қағып түсiрдi, – деп қарқ-қарқ күлдi. Ханымкүл манағыдан да қаздия түсiп, көз қиығын екеуiне ерiне тастап, мырс етiп күлгеннен басқа ләм демедi. Сайлаубайдың өршелене өрекпiп, әр саққа жүгiрген көңiлiн су сепкендей басқысы келген Ханымкүл ешқандай қылық көрсетпей-ақ кексе әйелдерше сыздана тiл қатты. – Бар адам не iстемейдi. – Осы сөздi айтқанда қараторы жүзi сұрланып, ал бұған не дейсiңдер дегендей, Сайлаубай мен Атанды алма-кезек барлай қарады. Атан селт етiп, әйелiне жалт бұрылды. «Апырмау, мынау Қасым иттен басқаны адам санатына қоспайды екен-ау, ә». Осы түйткiл көңiлiне келгенде Атанның өңi бұзылып, суық ойдың табы бiлiнген едi. Ал бүгiнгiсiне не жорық. Әйелiн жамандыққа қанша қимай әлек болғанымен күдiктi ойлар жанын жегiдей жедi. «Қасым итке келгенде мұның ықыласы неге өзгеше?» – дедi ақыры. «Мендегi осы шыдам ба, жоқ, әлде күнелту сияқты ездiк, бейшаралық па? Мен сияқты парықсыздан нәресте көргiсi келмейтiн шығар мұның әуелi. Әйтпесе бiр бала емес, екi бала табатын уақыты болған жоқ па?!» Тұла бойы селқос тартқан Атан сансырап қалғандай әрекетсiз күйде тұр. Аспанқора шоқысының тiк қапталында үйездеп жатқан қой, түпсiз терең көгiлдiр аспан, дүниедегi мүлгiген тыныштық, көз ұшындағы құз етекте жыландай ирелеңдеп аққан өзен – бәрi бұған бiртүрлi жат болып көрiндi. Тентiреп келiп, кездейсоқ табан тiреген жерi Аспанқора болғандай баянсыз күй кештi. Дыбыс қатса бiттi – кеуде тұсы қақ жарылып, жан-жүрегi парша-паршасы шығатындай сезiндi. Бейжай күйде атына мiнiп, үйiне келдi. Киiз үй тiгiлген тiк жалдың терiскей қапталында әйелi отын терiп жүр екен. Ханымкүлдiң мына қаракетi берекесi қашып бара жатқан тiршiлiкке сәл дәнекерлiкке жарағандай. Аз да болса түйсiгiне жарық сәуле түсiп, өзiне-өзi ептеп келе бастады. Бүгiнгi ренiш мұнымен жуылыпшайылып кетпейтiнiн де бiледi. Мұның алдында әйелiнiң кiшiк, зайыптық жоралғыны мүлт жiбермей сақтауының да қажетi шамалы. Атан Ханымкүлден адамгершiлiк нұсқаны күтедi. Қасымжомарт келгенде мұның берекесi қашпаса екен дейдi. Әйелiнен бұдан өзге ештеңе сұрамайды да. Тек алдына алып отыратын алданыш керек. «Жоқ, мұнымның күпiрлiк бiрдеңесi бар ма?» – дедi өзiне-өзi ақталғандай. Атан бүгiн ой түбiне жете алмайтын болғандықтан Ханымкүлдi тезiрек келсе екен деп күттi. Қоңылтақсыған көңiлi әйелiнiң келуiмен серпiлетiндей тағаты таусылып, мазасы кете бастады. Бiр кезде арқалаған отыны бар Ханымкүл келдi. Бағанағы ренiштi ұмытқан ба, жүзi жайдары. – Сенен Сайлаубай досыңның бiр артықшылығы, әйелiне отынды үйiп тастайды, – дедi. Бұл сөздi айтқанда қараторы әдемi жүзi күреңiтiп, күлiм көзiн мұныма не дейсiң дегендей төңкере тастап, әнтек езу тартқандай болды. «Апырмай, бұл менiң кемдiгiмдi бетiме басқаны ма?» дедi iшiнен. Бойын түсiнiксiз ашу биледi. Шешек дақты қарасұр жүзi қарауытып, сопақ бетiнiң ұсқыны қаша түстi. Сыр тартқысы келгендей бiраз уақыт әйелiне көзiн алмай тiк қарады. Ауыр-ауыр сөздердi айтқысы келдi. Кiмге айтады, ненi айтады? Көңiлiнде бұрыннан жүрген түйткiлдердiң бiрi қалмай, iзiм-ғайым жоғалыпты. Артық-ауыс бiрдеңе айтылса бiттi – дүлей күшiне ерiк бере алмайтындай көрiндi. Сыны бұзылып бара жатқан Атанның жүзiндегi өзгерiстi бағып отырған Ханымкүл бiр кәдiк болатындай тiксiне қалып, таңырқаған сыңай танытты. Атан белдеуде байлаулы тұрған атына шұғыл қонып, тiзгiндi турадан-тура Аспанқораның шалқалаған тiк шоқысына қарай бұрды. Пенде болып жылқыны қинамайтын ол атының қара суға түсiп, тiрсектерi майысып, дiрiлдегенiн де қаперiне iлген жоқ. Атанның қолы жоқ иығы мына бiр тосын әрекетiн құптамағандай құнжия бүрiсiп, бүкiл сырт тұлғасын шоңқитып, сынын қашырып-ақ тұр. Ал ана шұнтиған тұқылы еркiне көнбей шолтаң-шолтаң етедi. Ұшар тұмсыққа iлiнгенде ғана Атан жан-жағына бажайлап қарады. Бұл жер таудың аяқталар тұсы. Жал-қаптал бiткеннiң баурайлары алақ-жұлақ сарғыш тартыпты. Асқар шыңдар осылайша мәңгi тұратынын бiлетiндей, мына кiшкентай тiршiлiк иелерiнiң күйкi ниеттерiн қабылдамайтын тәрiздi райы салқын. Аспанқора осы өңiрдiң қарауыл шыңы болмағанмен, анау андыздаған Көктөбемен терезесiн теңестiре, иық тiрестiрiп тұр. Атанды мазалаған бұл ой емес. «Тау екеш тау да бiр-бiрiмен бақ-күндес емес пе осы?» деген аңғал ой жанына бiртүрлi тыншу бермедi. Баяғыда осы Аспанқораны Тобықбай бай неге жақсы көрдi екен? Оның да дүниеден баз кешкен күндерi болған шығар? Ондайда ол да осы шоқыға шығып, арлы-берлi жалғанды болжаған болар? Осы Қасым ит барып тұрған әзәзiл ме дерсiң. Ойымды онға, санамды санға бөлiп қойды ғой. Көзi кенет иегiнiң астындағы жамбастанып бiткен қия жалдағы үйiне түстi. Өзiне қарап, қатып қалған Ханымкүлдi көрдi. «Сен андағы жерден, мен мына жерден тұрып, кел арбасалық», – дедi Атан мырс етiп. Құз-шыңырауға ұйысқан сонау көлеңкеге, төсiн Аспанқораға шалқайта жiберген шатқалдағы жартасты алданыш тұтып шолғанымен көңiлiн демейтiн еш нәрсе таппады. Жаңағы шатқалдың құлдилаған етегiндегi бастауды көргiсi келiп кеттi. Шоқының қылтаң тұсына барып, Аспанқораға түйiсер кезеңдi бойлады. Шыңыраудың тұйықталған тұмсығына сұғынып жатқан бастау көзiне шалынбаған соң тағы да үй жаққа көз салды. Ханымкүлдiң қарасы көрiнбейдi. Манағы шиыршық атқандағыдай емес, тұла бойы дел-салданып, бiртүрлi самарқау тартты. «Осы шоқыға жұлқынып шыққаным әбестiк болмады ма екен?» – деп ойлады. Тiкке көтерiлгендегi екпiнiнен айрылып, етекке жалдатып жаймен түстi. Бiр күнi Ханымкүл екеуi түскi шайға отыра бергенде, бiреулердiң дабыр-дұбырын естiп, Атан сыртқа атып шықты. Қарсы беткейдiң қиясын жалдатқан екеу бұл үйге бұрылатын емес. Қоржын бөктерген торы аттың үстiндегi әйел қалшиып тұрған Атанды көрiп, атының басын iрiктi де, өзiнен озып бара жатқанға бiрдеңе деп күңк еткендей болды. Сайлаубайды әйелiмен жазбай таныған Атан: «Бұлар қайда барады?» – деп таңырқады. Сайлаубай қалт тоқтап, селтиiп тұрған Атанға қарады да, iле: – Әй, тойға жүрмейсiңдер ме? – деп айқай салды. Жарықшақтанып шыққан даусы дарылдап сүйкiмсiз естiлдi. – Ол не той? – деп Атан қайта дауыстады. – Қасым баласын сүндетке отырғызып, ат шаптырып, той жасап жатыр, бiлмеушi ме едiң? Сайлаубайдың даусы бiрсыдырғы қамсыз-мұңсыз дарылдап шығады. Атан тұрған орнында қатты да қалды. «Қасым еледi екен деп, жетiле ме, мынауың? Ең құрғанда босағамды аттап, әйелге көз қылып, тойға жүрiңдер десе болмай ма? Бүкiл елдiң iшiнде Қасым иттiң жалғыз менi алалағаны ма?» Сайлаубайлар бiр кезеңдi асып, көрiнбей кеткенше тұрды. Үйiне кiрiп, қайтып шайға отыруға жүрегi дауаламайтын сияқты. Ханымкүлдiң ендiгi iлiк-шатыс сөзi жанына жайсыз тиетiнiн бiледi. Сонда да солпайып келiп дастарқанның бiр шетiне жайғасты. Ханымкүлдiң қара торы әдемi жүзi қуқыл тартып, кiшкене қыр мұрны қусырыла Атанға тiке, сынап, барлап, телмiре қарады. Кесенi де самарқау ұсынып жатып: – Е, Қасым той жасаған екен ғой, – дедi. Қибыжықтап, тынышы қашқан Атан «жасаса жасай берсiн» деп айтуға бiр оқталып барып, сап тыйылды. Жұмған аузын ашпаған күйi шайын құлықсыз iштi. Ханымкүл есiктiң көзiнен көрiнген Аспанқора шоқысының жұмыр жонынан сыр тартқандай қадалып тұрып:– Ел той жасайды, – дедi өзiне-өзi сөйлегендей аһ ұра ауыр күрсiнiп. Атан әйелiнiң бұл сөзiне де ләм демедi. Кесенi төңкерiп салып, қолы жоқ иығын қолапайсыз қомдана құнжиып, сыртқа беттедi. Қасымжомарттың тойын қанша ойлағысы келмей әлек болғанымен, жалғыз мұны елемеуi қорлағаны тәрiздi көрiндi. «Осы кем болмай келгенде қайтер ем?» Қасымның, оның тойына кеткен Сайлаубайдың менен несi iлгерi едi. Кейбiрде сенiп, сырласып, мұңдасатын дейтiн Сайлаубайдың сұры анау, кiсiнiң көңiлiн аулап қоятын түйсiк дегеннен түк жоқ. Бiз шақырылған тойға сендер шақырылмайсыңдар деп қыр көрсеткенi ме екен? Бiлсе, мен кiм оған, Қасым кiм?» Күзге салым колхозға Дегерестен әкелiнген жылқылардың iшiнен бiр торы дөненi Атанға тидi. Сол торы дөнендi осыдан екi күн бұрын өрелеп қойған болатын. Қойға даладан тұз тасып, келесi күнi бастаудан су әкелгенше бiр жарым тәулiк өтiп те кеттi. Ертеңгi шайдың үстiнде Атан Ханымкүлге: «Сен мына қойға қарай тұр, мен бүгiн торы дөнендi тауып келейiн, үйренген жерiне тартып кеткен шығар?» – деп жиналып жүрiп кеттi. Аспанқора кезеңiнен қапталдай түсiп Асусаймен жалдатып барып, Көктекшенiң тiк тепсеңiне көтерiлдi. Жоғын сол арадағы қойшылардан сұрастырғанда, олар аяғындағы өресi үзiлген торы жылқының «Орыс» бұлағынан кеше кешкiсiн Ақобаға қарай бет алғанын айтты. Ол Көктекшенiң тiк тепсеңiнен Жылқыбай тұйығына қарай құлдилап, Қаратастың үстiндегi Сасықбұлаққа шықты. Бiр кезде күн көзi сәскеден ауып, кезең-белдердiң күнгейiне көлеңкелер мойнын созып, жер-өңiр ала күңгiрттенiп қалған шақ едi. Сасықбұлақтың тұйығындағы бiр үйiр жылқыны жағалап жүрген торы дөненнiң үстiнен түстi. Атан жоғын жетегiне алып, келген iзiмен керi қайтты. Жалғанды жалпағынан алып, аспанмен астасқан Алатаудың асқар шыңдарынан қызыл күлгiн айдың жартысы көрiндi. Аспанқора беткейiнiң тiк қия қапталында астындағы көмпiс күрең мойнын жерге жiбере өрге тырмысты. Жиi-жиi пысқырынған аттың бұлшық еттерiне дейiн дiрiлдегенiн Атан жан-жүрегiмен сезiндi. Қия белдiң бiтер тұсындағы кезеңге тақағанда ат қос құлағын қайшылап, оқыранып қалды. Тiзгiндi тарта түсiп, бiр-екi тебiнген Атан кiшкене дөңсымақты айналғанда алдынан бекiтiлiп қойылған ақбоз атқа кезiктi. Әуелi бұл жылқы кiмдiкi екен деп ойлады. Кенет басы шың етiп, жүрегi аузына тығылды. Демалысы жиiлеп, жалғыз қолының жұдырығы тас түйiле аттан қарғып түстi. Қалжырап келе жатқан бойы аяқ асты жеңiлденiп, торы дөнендi күреңге матастыра сала, үйiне қарай секемшiл сақтықпен жылдам басты. Бұл жылқының Дегерестен келгенiн жақсы бiлетiн. Қасымның тақымынан да бiр-екi жолы көргенi бар. Iшкi сұм күдiгiне ерiк бергiсi келмесе де, өзiнен тысқары күш тұла бойын билеп, ақыл-есiнен айырғандай үйiне қарай дедектетiп барады. Киiз үйге жақындай түскенде тосын күлкi құлағына шалынып, қалт тұра қалды да, тың тыңдады. Осы бiр қылығын қорсынғаны сонша, көңiлiндегi күдiгi расқа шыққандай қарасұр жүзi өз-өзiнен түтiге дуылдап барады. Аспандағы арсыз жұлдыздар жымың-жымың етедi. Әшейiндегi соғатын тау самалы да болмай, Атанның бет-жүзiн жалын шала тынысы тарылып кеттi. Әйелiнiң тұншыға сыңқ етiп күлгенiн құлағы тағы шалды. Жалма-жан есiктiң тиегiн ағытып жiберiп, үйге ентелей кiрдi. Ондық шамның өлiмсiреген жарығы «алақай, қызық болды» дегендей бiр-екi дүркiн жыпылықтап кеттi. Есiктiң жапсары көтерiлгенде-ақ айдың сүттей жарығы үй iшiндегi қараң-құраңды емiн-еркiн көрсеттi. Әуелде өзiнiң үйреншiктi жатын орнынан екi бас қатар көтерiлдi. Состиған екеуiнiң бойларынан құмарлықтың iз-тозы қалмай, ұят пен нысаптың алдындағы бейшара күйлерi сезiлетiндей. Отырған орнында қатып қалған бiреуi келесi қимылды баққандай тым-тырыс. Атан әлi тұр. Көкшiл көздерiнiң аласы қанталағаны Ханымкүлге анық көрiндi. Теңселiп кетiп, бойын тез жиып алғаны да, әйелдiң көзiнен таса қалмады. Көмейiне тас тығылғандай жан дәрмен дыбысын шығара алмаған Атанның көкiрегi күйiп-жанып, өзегi өртенiп барады. Осы кезде орнынан әйелi атып тұрды. Кәдiмгi есiнен жаңылғандай қолаң шашы қобырап кетiптi. «Жүзiқара!» – дедi Атан iшiнен. Оның бетiнiң ұштары мен көзiнiң айналасы қызыл темiр қарығандай дуылдады. Ал Ханымкүл басын сiлкiп қалып, күйеуiне тiке, шабына сөйледi. – Неғып тұрсың, ұр, өлтiр! Даусынан ұяттың отына өртенгендiктен гөрi, осыншама азапқа салған сәттен арылуға асығу мен үрей сезiледi. Ол өзi осы сөздi айтқаннан кейiн отыра кетiп, тiзесiне басын қойып ащы өксiдi. «Жоқ, мен ұрмаймын, өлтiрмеймiн». Бұл iштей берген жауабы болғанымен, ол оны айқайлап айтқандай сезiнiп, жиiркене жалт бұрылды. Сыртқа шыққанда таудың тұнық ауасына денесi тiтiренiп, шолақ иығына қарай қисая теңселiп барады. Қай бағытқа бет алғанын бiлмей, сүрiнiп кеттi. Бойына ие бола алмай етпетiнен құлады. Қаптаған көртышқан iндерiнiң бiрiне сүрiнiптi. Қолына жұп-жұмсақ топырақ iлiндi. Мұрнына жер иiсi келдi. Демiн терең алып, ауыр күрсiнгенде, өксiк тәрiздi ыстық дем өзегiн жарып өттi. Көкiрек тұсы өкiнiш пен қызғаныштың уытынан ашып кеткендей. Алақұйын көңiлi шалт қимылдауға сан мәрте өрекпiдi, сан мәрте атып тұрғысы келдi. Жер-ананы бауырына алып, көп уақытқа дейiн жата бердi. Таң сыз бере Атан орнынан сүйретiле көтерiлдi. Түн ортасынан бергi сұрапыл аласапыран тыншып, ендi монтаны қалпында өзiнiң босағасын аттап, мына сұм жалғаннан баз кешiп кеткiсi бар. Қолы жоқ иығының тұқылынан қараған кiсiге мұның сау қолы құдайдың құдiретiмен қапсағай денеге әшейiн жапсырыла салғандай. Белiне қыстырылған шинелiнiң бос жеңi Атан теңселе басқан сайын арлы-берлi бұлғаңдап, ұсқынсыз кiсiнiң кембағалдығын әйгiлеп тұрғандай. Есiктiң көзiне жақындап, жалғыз қолымен маңдайшаға сүйендi. Ащы өксiктi құлағы шалғысы келген дәмесi әуелгi бiр ар-намысына үстемдiк бермей кететiндей көрiндi. Жүрегiнiң қан тамырлары лүпiл араласа дiрiлдеп, есiктiң жапсарын күшпен көтердi. Ханымкүл түндегi отырған жерiнде қара шашын қобырата бiр қырынан жатып ұйықтап кетiптi. Атан Ханымкүлдiң жамылған көрпесiн iргеге лақтырып жiбердi. Шошып оянған Ханымкүл iш көйлегiнiң етегiн қармана, күлiм көзi қорқыныштан қарақаттай тұнып, Атанға бейкүнәлана жәудiрей қарады. Атан ыңғайлы тұрғысы кеп бiр иығына қозғала бергенде, Ханымкүл керегенi қос қолдап ұстап, булыға жылады. Атан бiрақ тiл қатпады. Ашулы көзiн Ханымкүлдiң өңменiне қадаған күйi ұзақ тұрды. «Әй, мынау жылайды ғой» дедi Атан iшiнен. Өзiне ие бола алмайтындай сезiлiп, тiстенiп алыпты. Үрейлi Ханымкүл жан дәрмен арпалысты күтiп тұрғандай. «Бұл сонда неге жылайды?» деп ойлады ол тағы. Түндегi жағдай ойына оралғанда басына ыстық қан шауып, көзi қарауытты. Мұның алдында қашанғы бейшара боламын деп, сыртқа атып шықты. Атына мiнiп Аспанқора шоқысына тiк тартты. Сүйiр шыңға шығып, сол арада қарауыл құсап ұзақ тұрды. Содан Аспанқорада Атан жападан-жалғыз тiршiлiк кештi. Iштей талай мұжылды. Ханымкүл емес, өзiн жазғыратынды шығарды. «Әйел әйелдiгiн iстемеушi ме едi? Анау Айдабол соғыста жүргенде қатыны жол-жөнекей бала тауып алмап па едi? Намыс, ұят менiң не теңiм? Көп болса сөз көбейiп, жүзiм төмендер. Айдаболдан қай жерiм артық менiң» деген ол – көптен сарылып келiп тұтқиылдан шығарған шешiмiн әжептәуiр тұғыр-таяныш көрдi. Ненi болса да таланынан көруге мойын ұсынған Атан Ханымкүлдiң үйiнен бiржола кетерiнде, тумысында басынан өткермеген күйзелiстi хал кештi. Түйiншегiн салбырата ұстап, кiршiксiз аппақ орамалын алқымынан байланған Ханымкүл далаға апаратын жалғыз аяқ жолға түстi. Артына бұрылып та қарамаған Ханымкүлдiң мына қалпынан Атан сағы сынғандықты аңдады. Құлди төмен еңiстеп, бой жасырып кеткенше Атан көз алмай қадалған едi. Ханымкүлдiң сұлбасы ғайып болғанда барып, жүрегiнiң тамырлары үзiлiп кеткендей ауыр күй кештi. Бойын бiр мазасыздық билеп, айналаға құлази көз тiктi. «Айналайын Аспанқорам, қолына тағдырымды тапсырған адамым кетiп барады. Күйзелiп кеттiм ғой, бiр амалын тапшы» дегiсi келiп кеттi. Ауыс-күйiс ойлардан басы шатасып бара жатқандай көрiндi. Сәл сабыр шақырмаса бiр жаман ойға барғысы келетiндей ме, қалай? Ұзақ уақыт осылай сұлық тынған адам мағынасыздыққа ұрына бередi екен ойласа. Бiртiндеп сабасына түскенде терең селқостық бойын меңдеп, жанына бiр қатерлi дерт жабысқанын бiлдi. Орамалын алқымынан тартынып алған Ханымкүлдiң әлгi тұрпаты көз алдында қайта көлбеңдегенде, жүрегiне ыстық қорғасын құйылып түскендей тұла бойы күйiп, дуылдап ала жөнелдi. «Зауал бар ма, жоқ па?» – дедi. Намыс па, ашу ма, нала ма атой салып, тас-түйiн ширығып алды. Бiр нәрсенiң байыбына жетпегендегi сауалды пiшiнi, ұясы тереңдеген көзi, еш нәрсенi кешiре алмас тоңмойындығы – бәрi минутында-ақ жиылып, кескiн-келбетiн тым сұрықсыздандырып жiбердi. Қалтаң-құлтаң еткен Рақымбердi шал бiр күнi Атанға келе тепсiндi. – Бiр қатынға ие бола алмай қара басыңа не көрiнейiн деп жүр, шiрiк неме?! Оны төркiнiнде найқалта басқызып, сыртынан сөздi көпiртiп қойғаның не? Атан үндемей Рақымбердiге салмақпен алара қарады. – Әй, маған неге қарайсың? Мен бе сенi қатыныңнан айырған? – деп Рақымбердi айқайлағанда даусы жiңiшкере шығып, шоқша сақалы дiр-дiр еттi. Қызыл күрең жүзi түтiккен күйi: – Әй, ендi не iстейсiң. Үнiң өшiп қалды ма, айтпайсың ба? – Мен жалғыз не iстеймiн? Бауыр болсаң, алып келмедiң бе, – деп сазарған Атан Рақымбердiге ашулы қарады. Содан соң райынан тез қайтып, үндемей ұзақ отырып қалды. Бiр шешiм айтқысы келгендей қозғалақтаған шалдың даусы бұзылып шықты. – Қатынды қума, ал үйден қудың екенсiң, босағаңа қайтып аттатпа. Қария кесiмi Атан жүрегiн ауыртып, көңiлiн құлазытып, Ханымкүлдi қайтып алғысы келетiн ойынан ат құйрығын кескендей қылды. Рақымбердi қолымен жер тiреп, әрең көтерiлдi. Қамшысын екi бүктеп ұстап, еңкiш бойын сәл жаза: – Әй, ана Ыбырайыммен о бастан сүйек жекжат болатынбыз. Түнеукүнi әруақ-құдайды көлденең салып, сөйлесiп көрiп ем, алысқа кетпедi. Соның Қаламқасын жар еткiн. Ешқандай қағынды-ұшындысы жоқ, – деп шығып кеттi.

* * *

Аспанқорадағы Атан отауының табалдырығын Қаламқас ұяң қалыпта имене аттады. Маңғол кескiндi, бүйрек беттi, қысыңқы көздi, дөңгеленген дембелше бiтiмiнде әлденеден тосырқау мен жүрексiну бар. Қолын төсiне апарып, бiрер сәт аялдап тұрды. Жасқа шыланған көз шарасын Атанға оқыс төңкере қадады. Қас-қабағын қалт жiбермей бағып тұрған Атанның жүрегi кенет лүпiлдеп, нәзiк соқты. Күштi ынтызарлық бойын үйiрiп билемейтiн тәрiздi едi. Ақадал ниетi қабыл болса, ырысын жырып әкетпейтiн тiрлiк нұсқасын осы шаңырақ астынан iздейтiн әйелдiң пiшiнiн танығандай. «Iлгерi озсаңшы» деп айта жаздады. «Ешқандай қағынды-ұшындысы жоқ» деген Рақымбердi ағасының сөзi есiне ерiксiз оралды. Ауылдан төстi бетке алып шыққанда да бiр-бiрiне ләм деп тiл қатыспаған. «Ықылас бiлдiру менiң жөнiм емес пе» – деп жылы рай көрсеткiсi-ақ келдi. Қаламқастың өңiндегi тосырқаушылық толық сейiлiп бiтпеген едi. Атан құнжиған тұрысынан түзелiп, бейiмделетiн белгi бергенде, әйел үрейi ұша кейiн шегiндi. Осы қылық Атанға тым тартымды көрiндi. Бiр қолы жоқ иығына қарай еңкейiп, состия аңырып қалды. Өзiнiң кемдiгi аяқ астынан есiне түстi. Жұпыны үйiнiң ретсiздiгi көзiне айқын шалынды. Қолайсыздықтың шегi жоқтай. Дәтi құрғыр бармайтын бiр iстiң кезегi тұр. Қаламқас тапжылмай ұзақ селтиiп, даңғыраған бос шелектерге көз қиығын салды. Кенет iрге жақта шашау жатқан ыдыс-аяқты жиыстыра бастаған оның жiтi қимылы жаңағы ыңғайсыз халден тез құтқарып жiбердi. – Су жоқ екен, – деп бiрiншi Қаламқас ұяң тiл қатты. Жүрегiне ет жақын үн төбе құйқасын шымырлатып өттi. «Жазған-ау, тәубеңе кел, тәубеңе», – дедi iштей. – Қаламқас, – деп ақырын дыбыс бердi. Әйел әлденеден шошынғандай жалт бұрылды. Басқа нобайы келiспесе де, көзi қап-қара тұнық екен. Қарашықтарынан момақан нұр шашырайды. Атан үн қатқанда бозбаладай жүрексiнген жоқ. Өзiн әбден запы қылған мынау тiршiлiктен алабөтен мейiрiмдi көзқарасты күтiп едi, оны көрдi, тыншыды. – Түйемен барып бастаудан су алып келейiн, – дедi. Былай шыққанда көзiне бiрiншi шалынғаны Аспанқораның күмбез шоқысы едi. «Жарықтық Аспанқора, – дедi көтерiңкi көңiлмен. – Мен бүгiн үйiме екiншi әйелiмдi алып келдiм. Өз қойнауыңда туған Қасым ит пен әлгi Ханымкүл өздерi харамданып, сенi ұятқа қалдырды-ау. Мен сол бетiңдегi шiркеудi алып тастау үшiн қаншама арпалыстым. Жарықтық Аспанқора, сенiң мына биiк шоқыңда болмаса да, бауырыңдағы тұқыл жота Атабайда туып едiм. Өзiң тұтқан пендең Қасым саған опасыздық жасады. Сенiң ендi киелi шыңыңда ондай сұмдық болмаса екен». Атанның осындай күйлi-мұңлы көңiлi жүрек түкпiрiндегi ауыр құпияларды сыртқа сыздықтатып шығарып жатты. Айлап, жылдап басына бiр келетiн елгезектiгi көпке бармайтынын да бiледi. Өз өмiрiн таудың ашты күнiне қуырылған күнгей беткейi тәрiздi сезiнедi. Одан берi де көп айлар iлгерi озды. Атан мен Қаламқас бiр-бiрiн мiнеп-жасқап, артық сөзге барған емес. Ертеден қара кешке дейiн бiр үйдiң тiршiлiгi басынан асып жатса да, Қаламқас тынбастан қыбырлай бередi. Сонда оның не тындырып жүргенi әсiресе Атанның көзiне тiптi көрiнбейдi. Кейде әйелiнiң сылбыр қимылын шолып тұрып: – Әй, жайбасар, шайыңды тезiрек қамда. Қойға барайын, – дейдi. Қаламқас мұндайда Атанға алара қарайды. Бүйрек бетiнiң шығыңқы қабақтарына дейiн күреңiтуi бұрқ етiп ашуланғанын сездiредi. Бiрақ ләм-мим деп жауапқа келмейдi. Күндердiң күнiнде Атан өзiнiң әйелiне салқын емеурiн бiлдiрiп, қатысуы арқылы-ақ етiн өлтiрiп алғанын сездi. «Пұшпағы қанамаған байғұс-ай, сен екеумiздi құдай азапқа жазып қойса, не шара, бәрiне көнемiз де, басқа не iстеймiз?!» – деп ұнжырғасы түсiп, мұңайып қалған-ды. Бiр жауынды күнi Атан қойдан сызданып келдi. Қараса, шай қамдалмапты. Әйелi нан пiсiрумен әлек болып жүр екен. – Әй, жайбасар байғұс-ай, құдайдың күнi ашық болғанда, осындай шаруаны неге бiтiрмейсiң сен осы? Қаламқас күйеуiне жайлап бұрылғанда, қысыңқы көзiнен ашудан гөрi мысқылдың ұшқынын аңдап тiксiнiп қалды. – Жылдам басар қатыныңның ебiне үйренiп қалған соң қиын ғой саған, – дегенде езуi әнтек ашылып, бұл сөзiме не айтасың дегендей күйеуiн сабырмен шолды. Атанның ессiз ашуланғысы келдi. «Ескi жараның орнын тырнағанын қарашы-ей, мынаның. «Үндемегеннен үйдей пәле шығады» деген осы екен ғой». Бiрақ тұтана алмады. Қалай килiккiсi келсе де жөнсiз жерден ұрынатынын сездi. Үндемей қалуға тағы болмайды. Бала таппағанын бетiне басқысы келдi. – Тiлiңдi кесiп тастайын ба осы?! Не қызығыңды көрiп жүрмiн сенiң?! – Мықты болсаң жақсы қатыныңа ие болып жүрмедiң бе? – деп Қаламқас одан сайын шабалана түстi. Атан қақ шекесiнен ауыр соққы тигендей есеңгiреп қалды. Аласы үлкен көзi кең ашыла бiр сәт селтие iркiлiп тұрды. Қаламқасқа Атан қазiр қатты бүлiк шығаратындай көрiндi. «Не болса да болса екен, ақыры» деген шыдам сыздық Қаламқастың бойын билеп, дүлей күшке қарсылық жасауға iштей қамданып алғандай. Бiрақ Атан бұдан арыға бармады. Солпайып сыртқа шығып, белдеуге байланған атына мiндi де бетi ауған жаққа жүре бердi. «Қорлық-ай, сенен қайда қашып құтылсам екен?» – дедi тiстенiп. Көптен берi ат iзiн салмай кеткен Сайлаубай Аспанқораға келдi. Қасымжомарттың орнынан алынып, мұның ферма бастығы болғанын естiген Атан қанша сызданып, сыртын қаудитқанымен Сайлаубай келгенде жайылып салатын әдетi едi. Сайлаубай да мұның асты-үстiне түсiп, жай-жапсарды сұрастырып жатыр. Бiрақ Атанның көңiлiне бiр белгiсiз түйткiл орнықты. Сайлаубай толысайын деген бе, күлгенде мол денесi шамадан тыс бүлкiлдейдi, қошқыл реңiнде немкеттiлiк бар. Әлдеқалай жүдеп-жадап, жалғыздықтың жапасын шеккенде мият тұтатын кiсiсi осы Сайлаубай емес пе едi?! Сайлаубай болса бәз-баяғы дiлмарлығына салынып бақты. Қаламқасқа әзiл-қалжыңын оспақтата келiп, ақыры әңгiменiң жөнiне көштi. – Қара қатын, мына байыңа қолқа сала келдiм. Колхоз мал заводынан екi-үш отар қой алатын едi. Соған бас-көз болып, жөн көрсетер естияр адам керек дейдi. Оған мына байыңды ұйғардық. Жердiң оты әлi қаша қойған жоқ. Малға екi-үш күн өзiң қарарсың. Ыстық-суықтарың басылмаса да, қайтесiң, – деп базыналығын да бiлдiрдi. Қаламқас тұжырымды байлам айта алмай Атанға жалтақ-жалтақ қарады. Күйеуiнiң ыңғайына үйренген ол: – Мен не бiлемiн, өзi шешедi ғой, – дедi. Сыны қашып отырған Атанның жүзiн барлаған Сайлаубай тосылайын дедi. «Артық-ауыс бiрдеңе деп қойдым ба, мынаның қабағы ашылмайды ғой» деп ойлады. Сонан кейiн мүләйiмси қалып: – Атан, – дедi. Үнiнде өзiмсiнгендiк те, бұйрық рай да жоқ, тек қиылған өтiнiш бар. – Алдыңа бiр келгенде терiс кетпессiң! Атан отырған орнында қозғалақтап қойып, әйелiне түксие, сұраулы жүзбен қарады. Бағанадан берi күйеуiн бағып отырған Қаламқас: – Барсаң бар, бiрдеңе қып, iлдәлап күн көре тұрармын, – дедi. Атан басын тiктеп көтерiп, көзiнiң қиығын Сайлаубайға қадап тұрып: – Оның қашан едi? – деп сұрады. – Ойбай-ау, мен сенi iлестiрiп кетуге келдiм ғой, – дедi Сайлаубай тағатынан айрылғандай елпелектеп. – Жолға бiрдеңе алмайсың ба? – дедi Атан бұған бейiл бiлдiрмей, өзiн күтiп тұрған Сайлаубаймен қатарласа берiп, аңырып қарап қалған Қаламқасқа жайымен бұрылды. Жалғыз қолымен терiскей жақты нұсқап көрсетiп: – Қойды мынау шыңырауға түсiргiн. Кешке өзi иiрiледi, – дедi. «Осы әйелiме неге суықпын. Жөн-жоралғыны қатты сақтайды-ақ, бейшара. Жайтаң қағып, жарқын-жарқын сөйлемегенмен, маған деген ықылас-пейiлi түзiк емес пе», – деп ойлады ол кетiп бара жатып. Атан бастаған бес-алты адам мал заводынан қабылданып алынған үш отар қойды дедектетпей, аяңмен жай айдады. Көш басшысының дiттеген ойы бiраз жер жүрген соң алдан кездесетiн ну қамысты, сазды өзекке тоқтап, дамылдап, өзi бiлетiн қарауыл шалдың үйiнен шай iшу. «Бiр жағы, жарықтықтардың аман-есендiктерiн бiлейiн», – деп түйдi. Шiлде шыққандықтан ба, күн шақырайып тұрғанымен, ауада қапырық бiлiнбейдi. Бiрақ құлазыған қуаң далада адам қараң-құраң еткенге елегзи бередi. «Бiздiң де атамыз бiр кезде асқар-асқар тау болған» дегендей, қарауытқан мұқал жоталар қол-аяғын жиып алуға ерiнiп, сұлық түсiп жатыр. Атан салқын саялы Аспанқорадан алыстап кеткенiне бiртүрлi қамығатын сияқты. Шешек дақты жүзiн шаң қапқандықтан ба, өңi қарауытыңқы. Соңғы кездерi бiр нәрсеге алаң болып, тынышсызданған емес. Тас тыныштықтың шыңырауына өзiн сiңдiрiп алғандай сезiнген. Қазiр, мiне, сол Аспанқорасын, ондағы Қаламқасты ойлады. Өзiнiң томаға-тұйық тiршiлiгiне, оның жарқ етпес қарадүрсiндiлiгiне налыды. «Ханымкүл шiркiннiң қас-қабағын аңдитын байқұс басым, ендi осы әйелiме бейiл бiлдiруiм керек қой», – дедi. Ханымкүл ойына оралса бiттi – жаны ауырып кетедi. Осындай болымсыз күйден мәңгiрiп қалатындай төңiрегiн самарқау шола бастайды. Жадау тартқан өзекке бұлар ат басын тiрегенде, түс ауып бара жатыр едi. Қоғалы қамыс сыбдыры мен қорғасындай толықсып баяу ағатын қарасулы кiшкене өзен Атанның көңiлiн сергiткендей, жан-жағына қунақ қарады. Сонау терең жырадағы қора-қопсылы үйдiң Атан талай дәм-тұзын татып едi. Ондағыдай емес, мая-мая шөп тiзiлiп қалыпты. «Орталық бiрдеңеге айналайын» деген ғой деп топшылады. Қарияның үйiнен шай iшпекке бекiндi. Өзi бiр елгезек шал. – Келдiң бе, қарағым, төрлеткiн! Қазан сен үшiн ғана көтерiлмейдi. Осылай дабырласып отырғанға не жетсiн! Кiсi нәсiптi тауыспайды. Тамақ сал! – деп сыртта күйбеңдеп жүрген кемпiрiне айқайлап қоятын. Содан кейiн iргедегi қолдан жасалған сиықсыз домбыраны тыңқ-тыңқ еткiзiп, Атанға шұқшия қадалды. – Қарағым, бала бар ма, қанша? Атан күмiлжiп, не айтарын бiлмей дағдарса, қария үн-түнсiз томсара қалып, әудем уақыттан кейiн тiл қататын. – Кемдiк кемдiк емес, бас кемдiгi жаман, шырағым, көресең алдыңда ғой, тiршiлiктiң түбiн сұра. Сол қарияның жүрекке шаншудай қадалатын сөзi, неге екенi белгiсiз, Атанның жанын ауыртпайды. Қазiр ет жақынын көретiндей көңiлi төтенше алабұртып, сабыр-тағатынан кәдiмгiдей айрылып қалды. Екi-үш күннен бергi серiгi талдырмаш келген сiрiңке қара заржақ бiреу болып шықты. Әр нәрсенiң басын бiр шалып, аузы тыным таппайды екен. – Атеке, бұл Үлгiлiге комсомол құрылатын болыпты. Заводтың шөп жинап, жем төгетiн орталығына айналады-ау, шамасы. Атан бұны да елең қылмай, өзiмен-өзi болып келедi. Ойпаңға орын тепкен қарауыл шалдың үйiнiң жанына киiз үй тiгiлiптi. Мұны көргенде Атанның өрекпiген көңiлi басылып, қоңылтақсып қалды. Сол бiр қарияның тоқтамды сөзiн естiп, көңiлдегi түйткiлiн жуып-шайғысы келген ниетi тасқа тигендей қайтты. Сыртқа өзi құралпы жасамыс кiсi шығып, бұларға тосырқай қарады. Атан ат үстiнде жаңағыға амандасқанда, ол ернiн ғана жыбырлатты. Сұңғақтау келген атжақты, аққұба кiсi бұлардың беймезгiл уақыттағы жүрiсiне таңырқаған кейiпте состиып әлi тұр. Үзеңгiнi кере шалқайыңқыраған Атан: – Мына арада бiр қария тұратын, бiр жаққа қоныс аударған ба, көрiнбейдi, – дедi. Жаңағы бейтаныс мұның суық өңiнен, уытты көзiнен тосылып қалғандай дегбiрi қаша тiл қатты. – Кемпiрi дүниеден қайтқан соң, бұл арада жалғыз тұра алмай төске көшiп кеттi. Жалғыз қолымен Атан ерiксiз бетiн сипады. Шалдың бiр айтқаны мұның әлi есiнде: «Әйелдiң жесiрлiгi ештеңе емес, қарағым, мұнда қарақан басың сопайып жалғыз қалса, дүниенiң қорлығы сол». «Апыр-ай, жазған қария ақыры жалғыз қалған екен-ау», – деген бұл бейтаныс кiсiге еңкейiңкiреп: – Балалары бар ма едi? – деп ақырын сұрады. Атан көзiнiң сұғынан тайсақтағандай анау қозғалақтап: – Болған, бiрақ соғыстан келмей қалды ғой, – деп жауап қатты. – Бiз төстегi ауылдан едiк. Мына заводтан екi-үш отар қой алып, айдап бара жатқан бетiмiз. Сусын-көжемiз таусылып, шөлiркеп қалдық. Айыбы болмаса, шай iшсек пе деп едiк. – Ойбай-ау, сондай да сөз бола ма, түсiңiздер, – дедi жаңағы кiсi. Атан белдеуге атын байлап, үйге өзi бастап кiрдi. Дөңгелек үстелдi жағалап жүрген бiр-екi жасар бала Атанды жатырқап, бағжиып қалды. Кiсi баласы болып бұл нәрестеге тiктеп қарамайтын. «Көзiмнiң сұғы жаман, өтiп кетер» дейтiн. Бала шошына ма деп iргеден төрге озып барып жайғаса, жайланып отырды. Өзгелер де Атаннан кейiн тiзiле орын тептi. Суық келiп, үн-түнсiз томаға-тұйық отырған адамдарды жатырқаған бала шар ете түстi. Бетi жапқышпен жабылған iргедегi бесiктен де тыпырлаған тiршiлiк иесi бiлiндi. Үй иесi баланы тiк көтерiп алды. – О, жабайы, кiсiнi өстiп жатырқап жылай ма екен? Шешең қайда ұшып кеттi, шай қоятын, – дедi. Содан кейiн бесiктегi оянған нәрестенiң бетiнен жамылғыны ысырып: – Ой, сен тентек те ояндың ба, қап, мынау қайда кеттi? – деп сыртқа шықты. Бiраз уақыт аялдап барып үйге ендi. Самауырды алып шығып, шай қойды. Бiр кезде бесiктегi бала жағы тынбай қатты жылауға көштi. Үй иесi келiп ары-берi тербеттi, жуанбады. – Әй, мынаны алшы, – дедi. Даусында зiл бар ма, сызданып шықты. Сып берiп кiрiп келген әйел амандаспастан жылдым басып, бұларға сыртын бере бесiкке жабыса қалды. Атанның көз шарасы атыздай болып кеттi. Қушық маңдайы қыртыстана жиырылып, қоңқақ мұрны делдие, қолы жоқ иығына қарай құнжия тым-тырыс отыр. «Осы әйел бiр кезде мұның шаңырағын ортасына түсiрген. Баяғы бiр парықсыз түн емес пе, мұның өмiрiнiң ойран-асырын шығарған. Ендi қараса бала тауып, байсалды әйел болыпты. Кiсiге сұғанақтанып қарайтын құтырынған көзi қайда, бетi күйсе күйген шығар. Сонда бұл менен шынымен ыңғайсыздана ма? Ханымкүл қимыл-әрекетсiз бесiкке жабысқан күйi әлi отыр. Сәл бiр жағына қарай оңтайланса бiттi, әлдене түйреп, опырып кететiндей тым сақ. Басына тартылған кiршiксiз ақ шыт, үстiне киген шақпақ жол сәтен көйлегi, белiне байланған шашақты орамал толысайын деген сырт кейпiн таразыландырып, баяғыдағы уыздай келiншек қалпынан ажыратпапты. – Әй, шай қайнады ғой, – дегенде үй иесiнiң үнi тағы да шаптығып шықты. Ханымкүл лып көтерiлiп, дiк етiп қайта отырды. Бiр кезде Атанға жалт бұрылды. Күлiмдеген көзiнде мұң емес, айбын бар. Тәкаппарлықтан гөрi төмен етектi пенделердiң пұшайман күйi аңғарылатындай. Бiрақ Ханымкүл баяғыдай қылықтанып, айласын асырғысы келiп тұратын ниетiн пышақкестi тыйған сыңайлы. Атанға бiр ауық ұзақ телмiрдi. Көз бен көз түйiскенде Ханымкүлдiң жазық маңдайына қонақтаған сызат тарам-тарам. Босанғанына көп болмаса керек, қас-қабағында айықпаған кiрбiң бар. Бiрақ жүрiсi бәз-баяғы, ширақ. Жаңағы ыңғайсыздықтан арылғандай ортаға дастарқан жайды. Жаңа пiскен таба нанды мол қып турап, керегедегi кенеп қоржынның аузын ашты. Басы бiрiкпеген iртiк-iртiк майдың сөлiн шығара түйдектеп, кiшкене шұңғыл табаққа салды. Сырттан буы бұрқыраған самаурынды көтерiп әкелген күйеуi Ханымкүлдiң қасына таяу отырды. Бұдан кейiн Ханымкүл Атанға тiктеп қараған жоқ. Сол сынық қалпында шай құйып, кесенi төрге жайғасқан Атанға ұсынды. Атан кесеге ұмсынбастан Ханымкүлден жүзiн аудармай, көзiнiң сұғын қадаған күйi әлi отыр. Ханымкүл әйел баласындағы асылдың сынығындай көрiндi. Өмiрiн өксiтiп, көзiне шөп салғанын да ұмытты. «Бiр Қасымды ашына етсе, екiншi Қасымның етегiне жармасу ерсiлiк емес екен ғой. Одан бұл жаман болып отырған жоқ. Бала туды, байыз тапты». Үй иесiнiң шай iшiңiз деген iлтипатынан соң бұл жөнделiп отырды. «Құдай-ау, мынау менiң күндесiм сияқты бiрдеңе болып шықты ғой. Бiрақ бұл менен iлгерi екен. Бала көрiптi» деп ойлады. Осы кезде бесiктегi нәресте жылап, Ханымкүл қасындағы күйеуiне жұбатшы деп ым қақты. Анау бесiктi бiр сыдырғы ырғап тербедi. Атан алдындағы суып қалған шайды бiр-ақ ұрттады да, шынысын төңкере салды. Атан тiл қатпастан орнынан тұрып, сыртқа беттедi. Атын бiраз аралыққа дейiн жетектеп барып мiндi. Өзегiне шоқ түскендей қызынып, қолқасын жалын қауып, тынысы тарылды. Ханымкүлдi есiне алып, жаны ауырмаған күнi жоқ едi. Шешек дақты жүзiнде сырт адам сескенетiндей сұс бар. Бетiндегi бiлiнер-бiлiнбес секпiл шұңқырлар үңiрейген, тым суық. Қушық маңдайының қатпарлары жиырылып, жанарына салқын ой ұялапты. Шолақ қолының тұқылына киiлiп, шорт кесiлген жең ұшы арлы-берлi бұлғаңдап келедi. «Бұл жалғаннан не опа күтiп жүрмiн? – дедi. «Дүниенiң ащы-тұщысы болады» деушi едi, сонда менiң басыма әр жерде қор екенiмдi көрiп-бiлу жазылған ба? Қиюы қашқан қисық дүниенiң қисынын келтiремiн деген дәмем-ай, шiркiн!» Соғыстың алдында алыс ағайыны әпендi шалыс Шоқай деген кiсi жыл он екi ай тума-туысқандарының үйiне кезекпе-кезек қонып, күнелтiп жүрiп өлдi. Өле-өлген ше әйел алмай тентiреп өтудi мансұқ еттi ме, пұшайман күйiнен пенде баласы боп ажырап көрмеген ол, тоң-торыс жұртқа базынасын өткiзе алмай дүниеден көшiп едi ақыры. Сонысына қарамай «ей, жаман» деп сөйлейтiн. Жарықтық шынында жақсы кiсi екен-ау. Кейбiреулердiң арамза пиғыл-ниетiнен жерiнгенде «жаманнан» басқа сөз таба алмаған-ау, шамасы. Кенет Қаламқастың парықсыз пiшiнi көз алдына келдi. «Ол жазғанға жаңағыдай жөндемдi бiреу кездеспесе де, балпанақтай қып ұл тапсын, обалына қалмайын. Шоқай құсап бiр күнiмдi көрермiн», – дедi.

* * *

Атанның өз басы бiреуге өгеймiн, бiреуге iшiм бұрады деп ойлап көрген жан емес. Жиырма екi жасында бiр қолын оқ жұлып кеткелi берi iштегi қоңылтақсыған қуыстықтан арыла алмады. Ханымкүлден ажырағалы тұйықталып, жан баласына сыр ашып көрген емес. Сыр ашпағаны сол емес пе, әйелi екеш әйелi де өзiнен жатсырап бара жатыр екен. Тiптi Қасымжомарттың бетi шылп етпей Сайлаубайдан Аспанқораны сұрағанын қарашы. «Әй, әбжылан, өзегiң темiрден жаралған жоқ шығар». Әнеукүнi бiр топ қойшылардың ортасында: – Қызыңды... қу шолақтың Аспанқорасы тұрмақ, алтын қорасының да керегi жоқ. Суы – Әндiжанда, үйi – Тәшкен тауында. Ас-суыңды әкелгенiңше бiр күнiң өледi, – дептi. Бұл оңбаған өзiнiң ата жұртын осылай айтуға қалай дәтi барды екен. Сайлаубайға не жорық? Әлгiнде жорта айтып, емеурiн бiлдiргенi бар-ды. – Аспанқораның басына бiр шыққан адам қайтып түскiсi келмейдi деген рас-ау, батырекесi. Көзiмдi ашып, көңiлiме тоқығалы сенi шоқының басынан көрiп келемiн. Бiр уақ мына бауырға қоныс аударсаң, қайтедi? Сайлаубай айналасын ұсақ әжiм торлаған қысыңқы көзiн Атаннан алмай жауап тосты. Атан әуелi аңырып қалды. Содан соң бостан-бос салбырап тұрған жеңiн қолапайсыз еңкейiп, белдiгiне қыстырды. Ұзын еңкiш бойын ақырын жазды. Сайлаубайға мойын бұрып, қоңыр даусын ыңыранта шығарды. – Аспанқора ешкiмнiң әкесiнiң жерi емес. Қасым иттiң арбауына түспе, денеңе уы жайылады, – деп Атан бөгелместен отқа қойылған атына қарай аяңдады. Жалғыз қолымен атының тұсауын ағытып, шоқтығынан ұстап қонуға бүкiл денесiмен ұмсынғанда, оң қолының тұқылы қайта-қайта шошаңдап кеттi. Соңғы уақытта Атанның көңiлiнде осы өмiрдегi олқылықты сезiнуден гөрi, белгiсiз түйсiк ой-санасын кеулеп, көкiрек тұсын соны күш бүлкiлдететiндi шығарды. Ол бiр нәрсеге тiптi, елжiремесе де, аракiдiк елегзiп, сергек күй кештi. Қаламқастың қас-қабағын аңдып, қоңыр тiршiлiгiнiң қаймағын бұзғысы келмейтiн ниетiн аңғартты. Кейде жалғыз сол қолының күректей алақанымен әйелiнiң бетiн сипап, емiнiп те қалады. Тумысында тұйық адамның мұндай кездейсоқ қылығы Қаламқасқа оғаш көрiнгенi сонша, қатты ыңғайсызданып, қолын жандәрмен серпiп тастайды. Осындай күндердiң бiрiнде Атан күн сәскеге ауғанда қойын шыңырауға ойыстырып, үйiне келiп демалды. Талдан иiлiп жасалған уықтар, анау төрт көз шаңырақ әкесiнен қалған көз едi. Одан бертiн келе Ханымкүлмен қосылды. Әкесiнiң мұрасын пендешiлiк жасап, ластап алған жоқ па екен бұл. Атанның жүрек түкпiрiнен бiр бөгде күш тусырып шығып, қайнар атқылайтындай тұла бойын шымырлатып жiбередi. Жаны күйзелгендей мәңгiрiп тұрды. Бiртiндеп есiн жиды. Кеудесiнiң бiр тұсы өмiр бойы олқы соғып келе жатқандығын түсiндi. Шұғыл басын көтерiп, сыртқа құлақ тосты. Әйелi күйбеңдеп жүр екен. – Қаламқас! – Қоңыр даусына дiрiл араласып, солғын әрi толқып шықты. Кеуде тұсы тырнақтың iзi қалғандай шым-шымдап ашып, iштей тепсiнiп, бұлқынғандай демiктi. – Е, не? – Берi келшi. Әйелi киiз үйге апыл-ғұпыл кiрiп, қалшиып тұрған Атанмен соқтығысып қалды. – Не болды, байқұс-ау? – дедi алқынып. «Қатын дегеннiң үнiне дейiн сиқыр болатынын кiм бiлген» деп iштей Атан әйелiн жалғыз қолымен қапсыра құшақтай алды. – Түлен түрттi ме, мынаны? Бiреу келiп қалады, жiбершi, – деп әйелi жұлқынып, босанғысы келдi. Атанның тегеурiндi жалғыз қолы оны тапжылтпай өзiнiң ыңғайына көшiре бердi. Әйелi басындағы орамалын жөндеп тұрып: – Саған өзi бiрдеңе болған-ау деймiн, емешегiң езiле қалыпты ғой маған, – деп алара қарады... Атан сыртқа шыққанда басы зеңiп, көз алды қарауыта бастады. «Осының бәрi қартайғандықтың белгiсi» деп ойлады. Оны қостағандай Аспанқора шыңдары етек-жеңi кең жал-қапталдарын бауырына тартып, тәкаппарлықпен ыздиып тұр... Бүгiн таңертеңнен берi Суықтөбенiң найза шоқысына қою қара бұлт үйiрiлдi. Ол бiртiндеп ұлғая жайылып келiп, Майтөбенiң жайдақ шыңына iлiктi. Баурайдағы мидай жазық даланың үстiне тарам-тарам өрмек тартылып қойғандай құйғытқан ақ жауын бiлiндi. Атан түскi шайға келгенде әйелiнiң тым қунақ және бiр нәрсе айтуға оқталатынын сездi. Бұрын әр нәрсеге зорланып жымиятын әйелi бұл жолы тым бейiлдi. Күйеуiне ұрлана қарап, қылықты ыңғайсызданып әрi жүрексiне үн қатты. – Шал-ау, бiз қартайғанда жорға шығыппыз! Атан бағжаң етiп әйелiне сыралғы жүзбен таңырқай қарады. Қарасұр жүзi сұстана қызылкүреңiтiп, әлдене күткендей шолақ иығын шошаңдатып, отырған орнында қозғалақтап қойды. Көзiнiң зәрлi уытын әйелiне тас қадап: – Е, не бопты? – дедi. Әйелiнiң кейкi мұрнының үстi тершiп, қысыңқы қой көзi жасаурап, бiреу естiп қалмасын дегендей ақырын: – Екiқабатпын, – дедi. Атанның қолындағы кесесi шайқалып кеттi. Көзi дөңгелене түсiп, бiр-екi мәрте емiнiп, орнынан көтерiлетiндей талпынды. Тұла бойы ысынып, басы айналғандай. – Рас па? Жоқ, әлде қағыс естiп отырмын ба? – деп сыбырлады. – Байқұс-ау, өзiңе өзiң сұқтанбасаңшы! Су әкелiп қойшы, бүгiн, ертең кiр-қоңыңды жуып берейiн, – дедi Қаламқас, тершiген маңдайын қолымен сырып. Атан шайын тез iшiп, шынысын төңкере сала сыртқа шықты. Қалың тiкенде жайылып тұрған түйенi жетектеп әкелiп шөгердi. Қаламқасты шақырып, қом салды да қос флягты артты. Атына мiнiп, түйенi жетектеген бойда шыңыраудың жалғыз аяқ жолына түстi. «Менiң де көрер күнiм, тiлер тiлеуiм болар ма екен. Қу бас боп мына дүниеден өтуге де көндiгiп ем». Атан өзiнiң осы бiр елгезек көңiл күйiн ерсi санамағаны былай тұрсын, бауыры жер сызған қорғасын бұлттардан тiксiнiп, сұстанып жатқан жал-қыраттарды өмiрiнде алғаш рет көргендей қызықтай бердi. Қаудиған түйежапырақтар көгiлдiрленiп арбағаны сонша, Атан көзiн тұтқиыл шыңырауға аударғанда, сонау етекте өкiрiп аққан өзен жап-жасыл боп көрiндi. Жалғыз аяқ жолдың жиегiн бойлаған тiкеннiң қызғылт сары гүлдерi бүрiн жаңадан жарып шыққандай үлбiрейдi. Атанның тұла бойын бiр түсiнiксiз құштарлық билеп, беткейдегi майда шалғын қуалай соққан желге бiрөңкей жапырылатынына дейiн қызықтады. Құдды: «Атекесi, қуанышыңа ортақпыз» дейтiндей iзетпен бас шұлғи майысады. Тiк шыңыраудың аузына құлдилап барып, түйiскен жадағай жол бiртiндеп жазылады. Бұл арада түйе шудасын желпiлдетiп жылдам жүрдi. Тек төскейi қайтадан қайқыланып, арғы тепсең одан әрi шалқайған тұстан Атанның жүрегi әбден шайлыққан. Бүгiн оны да елейтiн түрi жоқ. Бiраздан берi жауын жаумап едi. Алғашқы тамшылар қаудырлаған жапырақтарға тигенде, сатырлаған дыбыс құлақ жаратындай күштi естiлдi. Ендi жауын баппен дыбыссыз ұзақ жауды. Мың-миллион ұсақ түйiршiктер уатылған әйнектiң сынықтары тәрiздi ұшқындайды. Атан көлденең тұмсыққа шыққан соң тiк қапталдап барып, төмен еңiстедi. Тоған тәрiзденген саздауытты айналып келiп, бастаудың басына түйенi шөгердi. Азаппен су құйып тұрып «Ойпырмай, түйе өрге шыға алар ма, екен?» деген күдiк мазалай бердi. Әзер дегенде флягтарды толтырып, түйенi тұрғызды да жетегiне алып, жаңағы тiк қапталдың жалғыз аяқ жолына түстi. Құлама жалдың қайқаң белiне әрең көтерiлiп, кiшкене еңiске ойысқанда, түйе әудiм жерге дейiн тайғанап барып, талтайып тұрды да қалды. Атынан түсiп, түйенiң қомына байланған күректi шешiп алған Атан балшық болып шыланған жалғыз аяқ жолдың бетiн арши бастады. Түп-түп тау шөбiнiң ара-арасынан аққан су жалғыз аяқ жолдың жиегiн жылғалап, арна тартты. Атан ендi мал аяғы көп баспаған өзек жолдың жиегiн алды. Қалт-құлт басып, жиi-жиi маңқ еткен түйенiң үлкен көзшарасы жасқа шыланыпты. Атының тiзгiнiн белiне қыстырып, тiзерлеп отырған күйi Атан жұқа қабатты сылып лақтыра бердi. «Мына өрсымақты тазаласам, түйе ары қарай өзi жүре алады», – деп түйдi. Атанның қушық маңдайының айғыз-айғыз қатпарларынан тұзды су түстi лайлы тер моншақтары екi жағын сызып өтiп, мойнына келiп құйылды. Жалғыз қолы салдырап, көз алды қарауыта бастады. Түнере түскен айнала бiр ғаламат жарылыс күткендей үрейлi тыныштық құшағына енiптi. Атан қимылдаған сайын қол-аяғы ұйып, қарыса бердi. Кiсiнiң дәтi шыдап қарай алмайтын көзiне айбын ұялапты. «Мына бiр тепсеңнiң арғы жағындағы қаптал жазық», – дедi iштей тағы да. Кiлкiлдеп тұрған майлы топырақтың үстiңгi қабатын лақтырғанда оң қолы жоқ иығының тұқылы сәт сайын шолтаңдайды. Балапанынан айрылған кiшкене құс тәрiздi безектейтiн сияқты. «Дүниеде жалғыздықтан жаман нәрсе жоқ-ау. Қарақан басым тұрмақ қолым да жалғыз», – дедi ол. Оның жүрегiн лүпiл қақтырған тосын үмiт бүкiл ой-санасына жайылғанда, ыстық қан басына шапты. Көз алдына Қаламқастың түскi шай үстiндегi пошымы келдi. Жүрегi қатты соққандай алқынып, омырауына тер құйылды. Өмiр бойы алданыш үмiттердi тiршiлiгiне таяныш етiп, шынайы жалғандықтың қу тақырының ызғарын сезiнгенде, көңiлiнiң арғы түкпiрi жан баласы дендей алмайтындай құлазып кетiп, есеңгiреп қалатын едi. Кейбiреулердiң оп-оңай ие болатын нәрселерiне Атан жете алмағанына ашуланып, я болмаса күндеп көрген емес. Әйтеуiр, сол адамдар өмiрiнiң игiлiгiне қатты қызығатын. Кiсi қайғыдан да, қуаныштан та өлмейдi. Тiптi ұятты да көтеретiн көрiнедi. Бiрақ кейбiреулердiң құзғындай қара ниетiне төзу мүмкiн еместiгiне баяғыда көз жеткiзген болатын. Атан қатты қимылға көштi. Тiзгiнi белiне қыстырылған аты жол жиегiндегi балауса көденi жұлып жеп шайнағандағы ызың аралас дыбысы бiр ауық ойдан аулақтатып, марғау күйге көшiредi. Қалт-құлт басқан түйенiң тiзелерi дiрiлдеп, көздерi мөлтiлдеп жасаураса да, мойнын ыңырана созып, жол жиегiндегi түйебас тiкенге қарбыта ауыз салып, басына дейiн сыдырып шықты. Содан басын қайқаң еткiзiп жоғары көтерiп, бейғам малжаңдағанда, мұрнының ошақтай үңiрейген орны сәңкиiп көрiнедi. Атан қозғалған сайын ол да маңқ етiп, аузындағы жынын жан-жаққа шашыратады. – Боздап қал, арам қатқыр! – деп Атан көзiн түйеге аларта қадап, тiк беткейдiң тұсына келгенiн шамалады. Ендi мүлт кетсе түйенiң жазым болатыны кәмiл. Тұла бойын бұрын-соңды болмаған дел-салдық билеп, самарқау тартты. Еркi мен санасынан тыс бiр болмашы күш жалғыз қолындағы күректен ажыратпай, мимырт қимылдады. Алдындағы тiк қияның көзге iлiгер үйреншiктi тұсын шолғанмен, көре алмады. Сонда да жеңсiк үмiтi өзi тұрған орнынан көздеген аралығының шамасын алты құлаш арқаннан арыға жiбермедi. Ерiксiзден-ерiксiз артына бұрылып қарады. Құлдилаған шыңырау етегiндегi жалғыз бастау көздiң жасындай жылтырап жатыр. Түгi сыртына шыққан сұсты өңiр салбыраған ауыр бұлттарға жонын бере түнерген. Табиғаттың барлық сынына төтеп берiп, ендi майып болуға жақын тұрған тұмсықтағы кәрi жуан шетенге Атанның көзi амалсыз түстi. Қыбыланың қай тұста екенiн айыра алмай, бетi ауған жаққа намаз оқитын, ақылынан алжасқан қариядай шөңкиiп, көзге тым қораш көрiнедi. Сарғыш тартқан селдiр жапырақтары атасы жапырақ болған соң сылдырлайтын тәрiздi. Атанның көз алдына соғыстан бұрын әбден қартайып өлген әкесi келдi. Қалтаң-қалтаң еткен шал дүниеден бияжат болып, ештеңенi қарманып, қамданбайды. Өзге емес-ау, ұлынан да мынау кiм дегендей ұзақ тесiлiп, содан бiр нәрсенi пайымдайтын сияқтанушы едi. Атан ет жақынынан ендi ғана айрылып, соның аясында жүрiп қадiрiне жетпегенiн тым кеш ұғынғандай, түсiнiксiз күйзелiп жылап жiбердi. Кәдiмгiдей солқылдап шын жылады. Қарасұр жүзi қуқыл тартқан Атанның оң қолы жоқ иығы қатты қозғалғандықтан зар қақсайды. Жалғыз қолының қары талып, бүкiл денесiмен ұмсынды. Қазiргi тұрған аралығындағы жалғыз аяқ жол доғаланып келген бiр ылди, бiр өр. Қылтаң жердiң жолын тазаламақшы болып ыңғайлана бергенде Атанның аяғы тайып кетiп, оңқа-шоңқасынан құлады. Торы ат үркiп, жұлқынды да босанып, өрге тырмысып жүрiп кеттi. Түйе мұнысы несi дегендей, бiр маңқ еттi. Қарақаттай тұнық көзiн шарасынан шығара басын қақшитып мүлт етсе құрдымға кететiнiн сезетiндей аяғын кiлт-кiлт санап басады. Жалпақ табандары таулы өңiрдiң майлы топырағына тиген сайын шалыс iздер дөңгеленiп қалып барады. Тiк қабаққа келгенде артқы аяғы тайып кетiп, екi аша талтайып барып, оң қапталына серең етiп құлады. Атан тiстенiп тұрды. Үстi малмандай су. Тәлтiректей басып түйенiң қасына келдi. Басын анда-санда қақшаң еткiзгеннен басқа қимылға келе алмай серейiп жатқан түйенiң тас боп байланған бел арқанын әзер шештi. Кiшкене аралыққа жылжып, жантая кеттi. Бұдан әрi қимылдауға дәрменi жетпейтiнiн сездi. Сонда да өзiн-өзi қышап, қайта тұрды. Шолақ иығы сау жағына қарай ауып, ұзынтұра еңкiш бойы одан әрi бүгжиiп, Аспанқораның қия шыңына тарамыстай тырмысты. Әрбiр тобылғының бұтасынан тасына дейiн таныс өңiрi көз алдында белгiсiз бағытқа құлдырап, табан тiрер жер қалмағандай санасымен сарғаятын құбылыс Атанның көкiрегiн кеулеп кеттi. Осы күнге дейiн өзiне оң мен солын бажайлап қарамаған жандай көрiндi. Санасының бiр шетiнде Ханымкүлдiң, Қасымжомарттың кейiптерi қылаң бергендей болды. Осы тұрпатын дұшпан көзiне iлiкпесе екен деген сақтық Атанды ширықтырып, алды-артын болжауға септiгiн тигiзгендей едi. «Шынында, мықты болсам жақсы қатыныма неге ие болып жүрмедiм!» – деп қатқыл сыбырлады. Қаламқастың түнеукүнi айтқан осы сөзi ойына оралып, түйiлiп алды. Қаламқасқа рақымы түсiп, бiр де жылы сөз айтпағаны несi? Денi дұрыс отырып, от басы, ошақ қасындағы әңгiмеге де бармапты. Иттiкке иттiк жасамағаны қалай? Көкiрегiнде сәулесi жоқ пенде боп Аспанқора мен бастаудың аралығында жүре берiптi, жүре берiптi. Әлi күнге бала сүймегенiн ойламағанына таң. Ойласа ойлаған шығар, пенде баласы болған соң төрт құбыланың тең болуы сирек қой. Атан алқынып тiзерлеп отырды. Маңдайынан суық тер бұрқ еттi. Буын-буыны құрығандай, аяғының ұштарынан бастап кеудесi ұйып, басы салқын тартты. Жүрегi әлсiз соқты. Айнала дүние өзiн бүргелi келе жатқандай түксиiп тұр. «Мұнысы несi?! Осынша итшiлеп келiп ендi...» Өзiнiң ойынан өзi шошынғандай айнала әлемге секемшiл көз қиығын тастады. «Рас, рас» дегендей Аспанқораның Атанға қараған терiскей беткейi бедiрейiп алыпты. Атан шұғыл тұрғысы келiп, бiр-екi ұмтылғанда, басы сынып түскендей болды. Көзi қарауытып, жер-әлем тұмандана бұлдырап барады. Жүрек тұсынан ащы шаншу қадалғанда, екi бүктелiп сәл жазылды да: – Мұнысы несi?! – деп тағы да әлсiз сыбырлады. Көзi шарасынан шыға жаздап ойнақшып, сол жамбасына қарай сылқ еттi. Жалғыз қолы қарсылық бiлдiргендей ауа қармап сермелгенде, шолақ иығы әлсiз бұлқынды. Аспанқораның құбылаға созылған қаптал жалының тiк тұмсығына бiр отар қой тырмыса өрлеп барады. Ауада сыз бар. Қойнау-қойнаудың шыңыраулары қарауытып, бозғылт сәулелердi ығыстырып жiбердi. Атан сол жатқаннан қайтып тұрмады. Келесi жылдың көктемiнде Қаламқас ұл тапты.