Қоғам • 24 Сәуір, 2020

Күрд балалары енді қазақ тілінде оқиды

1555 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Заманында тағдырдың жазуымен өзге ұлт өкілдерінің қазақ жеріне келіп, тұрақтап қалғаны тарихтан белгілі. Бүгінде олар да ұлтымызбен бірге өркендеп, өсіп отыр. Ал отызыншы жылдардың орта шенінде көптеген ұлт өкілімен қатар Әулиеата өңіріне Әзербайжан елінен де күрд азаматтары қоныс аударған болатын.

Күрд балалары енді қазақ тілінде оқиды

Тарихи мәліметтер бойынша олар Талас ауданының аума­ғындағы Үлкен Тамды өзенінің бойына тұрақтаған. Қазыналы Қаратау аймағына келген күрд ұлтының өкілдерін өкімет 1937 жылы «Ойық» совхозына алып барған екен. Кейіннен бұл кең­шардан бөлініп, 1938 жылы күрд­тер тұратын ауыл құрылған.

Талас ауданында, қарт Қара­таудың қос жотасының орта­сында орналасқан бүгінгі Қасқа­бұлақ ауылы осы. Жалпы, қазақ ұғымында бұлақтың «қасқа» аталып суреттелуі ертеден бар. Әйгілі ақын Мұқағали Мақа­­таевтың өлеңінде де «қасқа бұлақ, тастан құлап» деген жолдар кездеседі. Ауыл­дың Қасқа­бұ­лақ аталуын да жергілікті жұрт­шылық бұ­лақтың солай, яғни «қасқа» аталуымен байланыс­тырады. Сол Қаратаудың қос жота­сының арасындағы үш бұ­лақ­тан су ағып, бұлақ суы ауылға келеді. Бұл бұлақтардың аты бол­ма­ғанымен, ежелден Қаратау бо­йын ен жайлаған қазақ бәрін де «Қасқабұлақ» атап кетіпті. Отызыншы жылдардың соңына қарай құрылған ауыл да содан бері әлі сол атымен аталады. Бірлігі жарасып, берекесі артып отырған ауылда бүгінде 1204 адам тұрады. Ауыл әкімі Сулхадин Мұстафаевтың айтуынша жергілікті тұрғындар негізінен мал шаруашылығымен күнелтеді. Оған қосымша ауыл азамат­тарының біраз бөлігі қо­ғам­дық жұмыстарға да тартыл­ған екен. Ауылдықтар мал шаруа­шылығымен тұрақты түрде айна­лысатын болғандықтан, тұр­ғындар көпшілікке мемлекет тарапынан беріліп отырған атау­лы әлеуметтік көмектің де ешқайсысын алмапты.

Ауыл ақсақалы Махмет Те­ми­ров бүгінде жастардың тәр­биесіне баса мән берілуде еке­нін айтты. Ауылда соңғы бес жыл­да арақ-шарап және темекі өнім­дері мүлде сатылмайды екен. Тұр­ғын­дардың ортақ келісі­мі­мен бұларды саудалауға және пай­­далануға тыйым салыныпты. Әрине ауылдықтардың ішім­діктен бас тартуы – құптарлық жағ­дай. Бұл бір жағынан жас­тарға көрсетіліп отырған өнеге деуге де болады. Сондай-ақ соңғы он жылда ауылда бірде-бір қыл­мыс атаулы тіркелмеген. Бұл да сол ауыл тұрғындарының бір­лі­гінің нәтижесі екені дау­сыз. Сол сияқты Қасқабұлақта 2018 жылы пайдалануға берілген жаңа мектепте 135 бала оқиды. Ауыл әкімі Сулхадин Мұстафаев бүгінде балалардың орыс тілінде оқып жүргенін, алайда жуық арада қазақ сыныптарының да ашылатынын жеткізді. «Ауылда тұратын күрдтердің бәрі де қазақ тілін жақсы түсінеді. Бір-бірімен қазақ тілінде жақсы сөйлеседі. Біздің қазақтарға, қазақ тіліне деген құрметіміз ерекше. Ауылдағы бар жеті көшенің бәрі де қазақша атаумен аталады. Енді ауыл мектебінен қазақ сыныбын ашуға жұмыс істеп жатырмыз. Бұйырса, ол да көп кешікпей ашылады», дейді Сулхадин Мұстафаев.

Шынында да, шағын ауыл­дағы көшелердің атаулары назар аударарлық. «Тамды әулие», «Жібек жолы», «Астана», «Бәй­терек», «Бейбітшілік», «Тәуел­­сіздік» көшелері ұлтымыз­дың ұлылығын, еліміздің елдігін танытып тұрғандай. Аталған көшелерге бүгінде Талас ауданы әкімдігінің қолдауымен жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

 

Жамбыл облысы