Коронавирус • 24 Сәуір, 2020

БҰҰ-ның балалар үшін алаңдауы

242 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

БҰҰ  әлемді жайлаған жаңа коронавирустың таралуын төмендету шараларын қолдаумен қатар, COVID-19 пандемиясының әлеуметтік-экономикалық әсерінің дүниежүзіндегі миллиондаған балаларды апатты салдарға әкелуі мүмкін деген қауіпін білдіреді.

БҰҰ-ның балалар үшін алаңдауы

Сол себептен аталған халықаралық ұйым бүкіләлемдік дағдарыс жағдайында БҰҰ-ға мүше барлық мемлекеттерді дүниежүзіндегі балаларды қорғау мақсатында шұғыл іс-әрекеттер жасауға шақырғаны ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы бөлімшесінің сайтында жарияланыпты.  

«Бақытымызға орай, бүгінгі күнге дейін балалар арасында аурудың ең ауыр түрі байқалмады. Алайда олардың өмірі толықтай өзгерді. Мен отбасылар мен барлық деңгейлердегі жетекшілерді балаларымызды қорғау үшін әрекет етуге үндеймін», - дейді БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш.

Әлемнің 190 жуық елдерінде мектептердің жабылуы 1,5 миллиард бала мен жасөспірімдерге теріс әсерін тигізді. Қазіргі уақытта жер шарындағы барлық балалардың 60% толық немесе ішінара оқшаулау енгізілген елдерде тұрады екен. Қазақстанда 4,5 миллионнан артық бала қашықтықтан білім алып, 300 000 баланың электрондық білім алу үшін техникалық құралдары жоқ болса, шамамен 3000 кішігірім ауылдық көп салалы мектеп топтық білім беруді қамтамасыз етуде. Ия балалар теледидар алдына отырып, сабақ тыңдауға көндікті, алайда теледидар арқылы өткізілген сабақтар кезінде естімейтін балаларға ым тілінде түсіндіру қажеттігін ұғынуға қарамастан, мүгедектігі және ерекше оқыту әдісін қажетсінетін балалар сабаққа толық қатыса алмай отыр.

ЮНИСЕФ деректеріне сүйенсек, балалардың көпшілігі білім алу мен өзара қарым-қатынас құруда заманауи технологияларды пайдаланатындықтан, Интернетті теріс әрі асыра қолданудың зиянды тұстары артқаны жасырын емес.  Сонымен қатар індет салдарынан туған оқшаулаудың балалар мен жасөспірімдердің психикасына да кері әсері барлығы аян. Карантин уақытында барлық жастағы балаларға мектептің жабылуы, достары мен туыстарымен араласудың шектелуіне, айырылуына байланысты аландаушылық, жалғыздық және көңілі қалу сияқты күрделі эмоцияларды бастан өткеріп жатыр. Бұл тіпті психикалары орныққан ересек адамдардың өзіне оңайға түспей жатқанда әлі бұғанасы бекімеген балалар үшін айтарлықтай ауыр екені белгілі дүние.  

Бұған қоса бүкіл әлем бойынша жұмысы жоқ немесе табыстары төмендеген отбасылар денсаулық сақтау мен тамаққа қатысты негізгі шығындарын қысқартуға мәжбүр болуда, бұл балаларға, әйелдерге және емізетін аналарға қиындық туғызуда. Сонымен бірге, осы пандемия кезінде 23 ел қызылшаға қарсы иммундау кампаниясын тоқтатты. Біздің елімізде де иммундаудың жоспарлы бағдарламаларының көбі тоқтатылды. Егер өте мұқият  болмаса, жоспарлы иммундауды тоқтату болашақта осыған дейін вакцина көмегі арқылы алдын алып келген аурулардың өршуіне әкеліп соғуы да мүмкін, бұл балалар үшін ауыр соққыға айналады. «Біз, бәлкім, алдағы уақытта COVID-19 салдарынан және оның экономикаға түсірген кері әсерінен балалар арасында кедейліктің өсуін көретін болармыз. Әлеуметтік қорғаныс шараларын күшейту аса маңызды және біз пандемиядан зардап шеккен кедей отбасыларға ақшалай көмекті ұсынудағы Қазақстан Үкіметін толықтай қолдаймыз», - дейді Артур ван Дизен, ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі.

Сайтта еліміздің коронавирустың өршуін басудағы көптеген шараларды іске асырып жатқанына мән берілген. Қазақстан Үкіметі отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету, қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру және аналар мен нәрестелерге күтім жасау сияқты түрлі қызметтердің үздіксіз басымдығын орнату арқылы балаларға жанама әсерлерді азайту үшін шаралар қабылдауда делінген.  Ал Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты Үйлестірушісі Норимаса Шимомура: «БҰҰ Қазақстан Үкіметін мигрант, босқындар, мүгедек балалар және алыс ауылдық аудандарда тұратын әлеуметтік тұрғыда осал балаларға нақты қорғаныс шараларды қамтамасыз ету үшін бұдан арғы қадамдарды қабылдауға шақырамын. БҰҰ жас ұрпақты қорғауға және оның әл-ауқатын жақсартуда инвестиция салып қолдау көрсетуге дайын», деген ойын білдіріпті.

Сондай-ақ ЮНИСЕФ-тің Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық психикалық денсаулық орталығымен бірлесіп психологиялық қолдау көрсетудің онлайн сеанстарын ұйымдастырғаны, Білім беру министрлігі мен Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігімен бірге ЮНИСЕФ COVID-19 таралуын алдын алу бойынша шаралар туралы парақшалар мен плакаттармен жоғарыда айтылған миграцияға ұшыраған, өзге де осал топтағы балаларды қамтығаны,  оған қоса #ҮйдеҮйренеміз ақпараттық кампаниясы танымал тұлғалардың қатысуымен әлеуметтік желілер арқылы балаларға позитивті тәрбие берудің маңыздылығы жайлы шамамен 3,5 млн адамды қамтыған жұмыстар атқарғанын жариялаған екен. COVID-19  жалған ақпарат таратудың алдын алу бойынша өмірлік маңызды ақпаратты қазақ және орыс тілдерінде тарату үшін ЮНИСЕФ барлық аймақтарда бірнеше мыңдаған онлайн-еріктілерді жұмылдырып, бизнеспен серіктестік қатынастарды пайдалануда, мысалы, COVID-19 бейнероликтері ел бойынша Қазпоштаның 350 филиалдарында көрсетілуде дейді.

БҰҰ жүйесі балаларға COVID-19 түсіну және тынышталуға көмектесетін ертегіні қазақ тіліне бейімдеген, сондай-ақ стигма және кемсітушілікпен күрес бойынша науқанды бастағанын айтып өткен. ЮНФПА (БҰҰ Халық қоныстану қоры) белсенді әкелікті насихаттау кампаниясын, мүмкіндіктері шектеулі адамдар үшін COVID-19 туралы бейнероликтерді, қазақ және орыс тілдерінде гендерлік негіздегі зорлыққа қарсы көмек беріп, ақпаратпен қамтитын парақтар жасаған. ЮНЕСКО жалған жаңалықтармен қарсы күрес бағытында қазақ және орыс тілдерінде  көмекші құрал әзірлеп, дауларды шешу дағдылары бойынша жастар семинарын және #BeActive спорт онлайн-кампанияны да іске қосыпты.