2017 жылы Макинка ауылындағы дәрігерлік амбулатория ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілген. Жөндеу жұмысына облыстық бюджеттен 61 миллион теңге қаражат жұмсалған. Қазір мұнда 18 медицина қызметкері жұмыс істейді. Денсаулық сақтау мекемесі 3 мыңнан астам адамға қызмет көрсетеді.
–Бізге келген науқастарды әр топқа бөлетін бекет бар. Сондай-ақ, коронавирустық инфекцияға талдау жұмыстарын жүргіземіз, әрі қарай осы талдау үлгілерін Көкшетаудағы вирусологиялық зертханаға жібереміз,–дейді біржан сал аудандық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Марат Досетов.
Бұдан кейін облыс әкімі Ермек Маржықпаев Макинка ауылындағы «Мейірім» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болды. Қазіргі таңда мұнда қамқорлыққа алынған 80 адам тұрады. Бұл ғимарат сонау 1912 жылы салынған. Ал, бүгінде жаңа ғимарат салу үшін 3 миллиард теңге қажет екен.
Одан соң облыс әкімі «Прогресс» шаруа қожалығының құлпынай өсіретін жылыжайының да жұмысымен танысты. Облыстағы бірегей жоба өткен жылы іске қосылған. Ол 5 тонна жидек өсіре алады. Өңір басшысы шаруашылық жұмысын жоғары бағалады. Сондай-ақ, Ермек Маржықпаев Макинск құс фабрикасының 2-ші кезеңі құрылысының барысымен танысты. Жобаның құны 15 миллиард теңге. Өткен жылы жер қазу жұмыстары және құс қораларының іргетасы орнатылды. Биыл бройлер өсіру үшін әрқайсысында 12 құс қорадан тұратын тағы 4 алаң салынады деп жаспарланған.
–Жақсы кәсіпорын. Макинск құс фабрикасының серіктестері де мықты. Әсіресе, қазіргі коронавирус дерті ушыққан кезде, компания көмек көрсетуде. Олар Ақмола облысына тегін екі аппарат берді,–дейді облыс әкімі Ермек Маржықпаев.
Облыс әкімі Ермек Маржықпаев Макинск құс фабрикасының жем зауытының жұмысымен де танысты. Жобаның құны 3 жарым миллиард теңгеден астам. Бұл зауыт бройлерлер үшін толық рационды құрама жеммен фабриканың қажеттілігін қамтамасыз етеді.