Аймақтар • 25 Сәуір, 2020

Петропавлда әскери институт қызметкері 27,8 млн теңге жымқырған

137 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысының «Антикор» орталығында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік өкілдері Петропавлдағы Ұлттық ұланның әскери институтында көп жылдар бойы қаржылық салада қызмет істеген әйелдің 27,8 млн теңге ақшаны жымқырып, ұсталғаны туралы мәлімдеді.  

Петропавлда әскери институт қызметкері 27,8 млн теңге жымқырған

Бұл қылмысын әйел 2014 жылдан бастап, осы уақытқа дейін жалғастырған. Офицерлер және  келісімшартпен жұмыс істеуге тиісті қызметкерлердің бос қызмет орындарына (вакантты) ол ақша қорытып, оны өзінің күйеуі мен достарының есепшоттарына аударып отырған. Осынша ұзақ уақыт бойы ұсталмағанына қарағанда институтта қаржылық тәртіптің тым төмен екендігі көрініп тұр. Осы уақыт аралағында бюджет қаражатының дұрыс жұмсалуын бақылауға тиісті бірнеше тексерістер де жүргізілген. Бірақ олардың бірде-бірі мемлекет қаражатының ұрлануын көре алмаған. Нәтижесінде әйел, жоғарыда айтылған, 27,8 млн теңгені қолды қылған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің қызметкері бұл іске әйелдің басшылары да жауапкершілік тартып, бәрінің де жазасын сот айқындайтынын айтты. Әйелдің өзіне жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылу жазасы берілуі мүмкін екен. Алайда, бұрынғы тексерістерді жасаған жандарға қандай жауапкершілік жүктелуі мүмкін екенін ол атамады. 

Сондай-ақ осы қызмет Петропавл қаласы әкімдігінің жауапты қызметкерінің де тұтқындалғанын жариялады. Ол індетті жою мен жайылуына қарсы құрылған облыстық жедел штабтың мүшесі екен. Сондықтан жекеменшік машина иелеріне карантин кезінде еркін қозғалуға мүмкіндік беретін рұқсат қағаз беруге мүмкіндігі болған. Соңғы рұқсат қағазды 50 мың теңгеге беріп тұрған жерінен ұсталып, қазір үстінен қылмысты іс қозғалды.

 

ПЕТРОПАВЛ