Аймақтар • 26 Сәуір, 2020

Атырау: Мұнай қоры 86,2 млн тоннаға жетті

767 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамына қарасты кен орындарында қосымша барлау есебінен көмірсутегі шикізатының қоры еселенді. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың геологиялық барлау жұмыстарын күшейтуге қатысты тапсырмасына сәйкес қолға алынып отыр.

Атырау: Мұнай қоры  86,2 млн тоннаға жетті

Компания баспасөз қызметінің мәліметінше, «Ембімұнайгаз» иелігіндегі кен орындарынан өндірілетін мұнай қоры 86,2 миллион тоннаға жетті. Ал, өткен жылы мұндағы қор көлемі 74,3 миллион тоннаны құраған еді.

– Былтыр ҚР Пайдалы қазбалар корлары жөніндегі мемлекеттік комиссиясы қолданыстағы С.Нұржанов, Кенбай (Шығыс Молдабек учаскесі), Ж.Досмұхамбетов, Ботақан, сондай-ақ, қайта ашылған Батыс Қарасор (1,4 млн тн) кен орындарында 14,8 млн  тонна көлеміндегі көмірсутегі шикізаты қорын балансқа алып, бекітті. Қор өсіміне байырғы кен орындарын игеруге жаңа әдістер мен технологияларды қолдана отырып, белсенді барлау жұмыстарын жүргізу нәтижесінде қол жетті, - деп хабарлады «Ембімұнайгаз» АҚ-ның баспасөз қызметі.

Сонымен бірге, өткен  жылы Тайсойған блогының 5 600  шаршы  шақырым аумағына 3D МОGТ сейсмобарлау жүргізілді. Енді сейсмобарлау деректерін өңдеу арқылы барлау, бұрғылау жұмыстары жүргізілетін құрылымдар дайындау көзделуде.