Руханият • 27 Сәуір, 2020

Ақсұлтан асқан асулар

560 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз, ұзақ жылдар бойы еліміздің денсаулық сақтау саласында еңбек етіп, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі болған, қазір зейнетке шыққан Ақсұлтан Аманбаев өзі туып-өскен оңтүстік өңірі жайлы «ұлан-ғайыр қазақтың киелі жері бар қазақтың, арғысы бүкіл түркі әлемінің аяулы мекені, қаймағы бұзылмаған қазақы қонысымыз, ұлтжанды халқымыз ұлттық дәстүрімізді, салт-санамызды ұмыттыруға бағытталған жылдарда дінімізді, тілімізді, ділімізді сақтап қалуға зор үлес қосқан қасиетті мекенде, Әл-Фараби бабамыз­дың кіндік қаны тамған, елімізге талай атақты тұлғаларды, ғұламаларды, өнер тарландарын сыйлаған Отырардың қасиетті топырағында өмірге келгенімді мақтаныш тұтамын», – дейді. Осындай өлкеде туып, елінің бар жақсы қасиеттерін бойына сіңіріп өскен, өмірден өз орнын тауып, ұлт алдында перзенттік борышын адал атқарып, көпшіліктің құрметіне бөленген, мемлекет қайраткері, ғалым-кардиохирург Ақсұлтан Аманбайұлы Аманбаев бұл күндері сексеннің сеңгіріне аяқ басып отыр.

Ақсұлтан асқан асулар

Коллажды жасаған Қонысбай Шежімбай, EQ

Ақсұлтан қазіргі Отырар ауданы, Шәуілдір елді мекенінде қара­пайым қазақтың отбасында дүниеге келген. Балалық шағы соғыс кезіндегі, одан кейінгі ауыр жылдарда өткен ол бірде аш, бірде тоқ дегендей, жоқшылық өмірдің ауыртпалықтарын ересектермен бірдей көріп, ерте есейді. «Біз шыбықты ат қылып мініп, Шәуілдірдің ақ топырағын борпылдатып, жалаң аяқ, жалаң бұт кешіп жүріп өстік», деп еске алады Ақаң сол бір ауыр кездерді.

Ақсұлтан ауылда пысық бала болып өсті. Жасөспірім кезінен-ақ білімге, еңбек­ке құштарлығымен көзге түсті. Мақтаарал ауданында орыс орта мекте­бін алтын медальмен бітіріп, Алматы­дағы медицина институтының емдеу факуль­тетіне оқуға емтихансыз қабылданды. 1962 жылы институтты үздік бітіргеннен кейін Түр­кістан, Түлкібас аудандарында дәрігер-хи­рург болып жұмыс істеді. Әрине ол кез­де ауылдық жерде хирург болудың өз қиын­шылығы бастан асатын. Небір жедел х­ирур­гиялық аурулар күн демей, түн демей, уақытпен санаспас­тан ота жасауды ке­рек етеді. Екі қабат әйелдердің босануы­на да көмектесіп, ота жасап, ана мен бала­ның өмірін сақтап қалған жағдайлар да кездесті. Аудандық ауруханаларда 8 жыл хирург қызметін атқарып, мол тәжі­ри­бе жинақтады, сөйтіп өмірдің үлкен мек­тебінен өтті. Осы кездерде Мәскеу, Киев, Алматы қалаларының жетекші клини­каларында тағылымдамадан өтіп, білі­мін жетілдірді, білгір оташылардың тә­жіри­белерінен үйренді, нәтижесінде хи­рур­гияның қыр-сырын терең меңгере түсті.

Ол білімін одан әрі жетілдіру, хирур­гияның қиын да күрделі саласы кардиохирург мамандығын ғылыми теория­­лық зерттеулермен ұштастыру мақсатын­да арман қуып, Алматыға аттанады. 1969-1974 жылдары Қазақ клиникалық және экс­пе­риментальды хирургиялық ғылы­ми-зерттеу институтының (қазіргі А.Н.Сыз­ғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирур­гия­лық орталық) кардиохирургия бөлімі­нің клиникалық ординатурасы мен ас­пи­рантурасында ғылым негіздерін иге­реді. Одаққа белгілі кардиохирург, меди­цина ғылымдарының докторы, профессор В.С.Сергиевскийдің жетекшілігімен кар­дио­хирургиядағы жүректі алмастыру туралы аса өзекті, күрделі мәселеге арналған тақырыпта кандидаттық диссертациясын сәтті қорғайды. Бұл еңбегі отандық және шетелдік ғалымдар тарапынан жоғары бағаланды.

Аспирантураны бітірген соң, Ақаң өзі оқу бітірген ғылыми орталықта 15 жыл үзбестен кардиохирург, аға ғылыми қыз­мет­кер болып еңбек етті. Осы кездері қан­ш­ама ауру-сырқау болған хирургиялық көмек­ке зәру жандар оның жеңіл де, дуалы қолынан ем алып, айығып кетті. Көп жылдар бойы жинақталған бай тәжіри­бе негізіндегі 50-ден астам ғылыми-зерт­теу еңбектері еліміздің жүрек ауруына шал­­дыққан тұрғындарына мезгілінде ота жа­с­алып, дендерін сауықтыруға үлкен көме­гін тигізді. Ғылыми шығармашылық пен тәжірибе сабақтастығымен еңбек ете­тін ұжымның қоғамдық жұмысына да белсене қатысып, 10 жыл бойы партия хатшысы болды. Осы хирургиялық орталықта ұзақ уақыт атқарған игі жұмыс­тары арқылы ұжым мүшелерінің алдында үлкен абыройға бөленіп, танымал ғалым-кардиохирург атанды.

 Дәрігерлік жұмысында ол өмірдің небір соқпақтарынан өткен, тәжірибесі мол ғалымдардың, ұлағатты ұстаздардың (А.Н.Сызғанов, М.Н.Брякин, А.Б.Райз, Г.К.Тка­­ченко, В.С.Сергиевский, М.Ә.Әлиев) тәлім-тәрбиесін, өлшеу­сіз қам­қорлығын көрді, үйренді.

Ақсұлтан Аманбайұлы 1984 жылы Үкімет құрамындағы жоғары лауазымды мемлекеттік қызметке шақырылды. Сол кездегі Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Н. Ә.Назарбаевтың келісімімен, Министрлер Кеңесінің қаулысымен үкімет аппаратының оқу-ағарту және денсаулық сақтау бөлімі бастығының орынбасары қызметіне тағайындалды. Үш жыл еліміздің қалалық, аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі денсаулық сақтау ұйымдарының кураторы болып қызмет істеді. 1987-1990 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен Денсаулық сақтау министрінің орынбасары және 4-ші Бас басқармасының бастығы (қазіргі Қазақ­стан Республикасы Президенті Іс бас­қармасының медици­налық орталығы), Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Ем­деу-сауықтыру бірлестігінің бас­тығы қызмет­терін атқарды. 1990 жы­лы Қазақ КСР Денсаулық сақтау ми­нистрі болып қызмет атқарды. Еліміз егемендік алған жылдары (1991-1992) Президент Жарлы­ғымен Денсаулық сақтау министрі болып екінші рет тағайындалған қызметінде де абыройлы еңбек өнегесін көрсетті.

ХХ ғасырдың 90-жылдары Кеңес Одағының тарауы салдарынан, еліміз­дің экономикалық жағдайы тығы­рыққа тірелгені белгілі. Әсіресе меди­цина ме­ке­мелерінің көптеген қиыншы­лы­қ­ты бастан кешіруіне тура келді. Ауру­ха­налардың материалдық базасы, ме­ди­­цина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайы күрт нашарлап кетті. Осындай ауыр жағдайда еліміздің денсаулық сақтау саласына нарық заманының талабына сай өзгерістер енгізу қажеттілігі туындады. Осыған байланысты 1991 жылы жаңа заң жобасы дайындалып, Жоғарғы Кеңестің VII сессиясында «Қазақстан Республикасы халқының денсаулығын сақтау туралы» Заң қабылданды. Бұл заң уақыт талабына орай, еліміздің денсаулық сақтау саласындағы қордаланып қалған көп түйінді шешуге елеулі ықпал етті. Үкіметіміз халық денсаулығының өзекті мәселелеріне ерекше назар аударып, қар­жыландыру және медициналық қыз­меттің нәтижелілігі мен сапасын арт­тыру тәрізді күрделі мәселелерді шешуді шұғыл түрде қолға алды. Соның нәти­жесінде халыққа медициналық көмек көрсетуді жақсарту бағытында игілікті іс-шаралар біртіндеп жүзеге аса баста­ды. Ақаң сол қиын-қыстау 90-жыл­­дары еліміздің денсаулық сақтау сала­­сын басқару қыз­метінде бірнеше бас­шылармен (Н.Ә.Назарбаев, Ұ.Қ.Қа­ра­манов, С.А.Терещенко) түсіні­сіп, нә­ти­желі жұмыс істеді. Өзінің ұйым­дас­тыру­шылық, іскер­лік қабілетінің арқа­сын­да денсаулық сақтау саласындағы күр­де­леніп қалған мәселелерді шешу бағы­тын­да айтарлықтай жұмыстар атқарылды.

Ол Қазақстанның денсаулық сақтау саласын басқарған жылдары елімізде көптеген нысан іске қосылды. Меди­цина мекемелері мен медицина мамандарын даяр­лайтын оқу орындары: перинаталдық орталықтар (Алматы, Қостанай, Көкше­тау қалаларында), диаг­нос­тикалық ор­та­лық (Қа­ра­ғанды, Семей, Жамбыл, Шым­кент, Алматы қала­ларында), респуб­ли­ка­лық 1000 төсек­тік клиникалық аурухана (қазір­гі Алматыдағы №7 қа­ла­лық аурухана), Республикалық уро­ло­гия ғылыми-зерттеу институты (Алматы қаласында), Республикалық халықтық емдеу орталығы (Алматы қаласында), Радиациялық меди­цина мен экология институты (Семей қаласында), Республикалық ана мен бала денсаулығын қорғайтын ғылы­ми-зерттеу орталығы (Алматы қала­сында), Алматы медицина институтын­да жоғары білімді медбикелерді дайын­дай­­тын факультет, Алматы медицина инс­титуты филиалының база­сында Фар­­ма­цевтика институты (Шым­кент қа­ласында), Қ.А.Ясауи атындағы Түркіс­тан университетінде медицина факуль­теті, облыстарда медучилищелер ашылды.

Ақаң қай жерде, қандай деңгейде қызмет атқарса да кәсіби мамандығын әр­дайым бірінші кезекке қойды. Кәсіби шебер­лігін әбден жетілдірген, хирургия­ны терең меңгерген маман ретінде жанына дерт жамап, жүйкесін мұң торлаған мыңдаған адамға ота жасап денсаулықтарын түзеді, өмірлерін ұзартты. Жүздеген өмір мен өлім арасындағы жан­ға араша түсіп, өмірін сақтап қалды. «Ажал­дан аман алып қалған, дендері сауы­ғып кеткен әртүрлі жастағы адамдар елі­міз­дің түкпір-түкпірінен осы уақытқа де­йін маған хабарласып, алғыстарын айтып жатады. Еңбегімнің осындай нәти­жесін ел аузынан есту – мен үшін зор мақ­таныш, қуаныш, үлкен құрмет», дейді Ақаң.

Ақаңның көп жыл нәтижелі еңбек етуіне бақытты отбасының тікелей әсері болды. Жұбайы Күлсара Жұмайқызы тәжірибелі педагог, ақкөңіл, ақылына мінезі сай, келісті келген, қазақ әйелдеріне тән өте ұстамды, ашық мінезді, жүзі жылы, жарқын жан болатын. Отбасының үлкен қамқоршысы, үлгілі ана еді. Мектепке дейінгі балаларды тәрбиелеу саласында ұзақ жылдар қызмет атқарған, еңбек сіңірген ардагер. Ол Ақаңның алаңсыз қызмет етуіне бар жағдайын жасап, алтын асықтай ұлдарын тәрбиелеп, өсірді. Ең өкініштісі – зейнеткерлік жасқа жетпеген ардақты ана ауыр науқастан дүниеден озды. Тағдыры солай болды.

Ақсұлтан Аманбайұлы үстіміздегі жылы сексенге аяқ басып, медицинаның абыз ақсақалы болып, қазыналы қария­лар қатарына қосылды. Қазір ұлдары­ның, немере-шөберелерінің алдында абыройлы жақсы өмір сүріп жатыр. Әлі де қуатты, жүріс-тұрысы ширақ. Қазір де еңбектен қол үзбей, медициналық орталықтың консультант қызметкері болып жұмыс істейді. «Қанша жасқа келсем де, қай жерде жүрсем де дәрігер болып қала беремін. Өйткені дәрігерлік – өмірлік кәсіп. Өмір болғасын, небір күтпеген кездейсоқ жағдайлар кездесіп отырады. Ауырып немесе жарақаттанып жаны қиналған адамға көмек көрсетіп, өмірін сақтап қалуға әрқашан да да­йынмын. Өйткені дүниеде адам өмірінен қымбат ешнәрсе жоқ. Қай қоғам болса да, қай ел болса да, оның басты байлығы – алдымен, адам. Сол адамның дені сау, жанарында мұң, көңілінде кір болмаса, жадырап күлсе, елдің жүзі де әруақытта жарқын, жетістіктері көп. Тәуелсіздік алған мемлекетіміздің Қазақстан Республикасы болып аталған тарихи жылдарында еліміздің адам денсаулығын қорғайтын күрделі де жауапты саласын басқарып, Отаныма, халқыма қызмет етуді Алла маған нәсіп етті. Ол үшін мен тағдырыма ризамын!» – дейді Ақаң тебіреніп.

Ақаңның Қазақстан денсаулық сақ­тау саласында ұзақ жылдар істеген абы­­рой­лы қызметі өкімет тарапынан да елеу­сіз қал­ған жоқ. «Парасат», «Құрмет» ор­ден­дері­мен, «Қазақстан Республи­касы­­­ның Тәуел­­сіздігіне – 20 жыл», «Қазақстан Рес­­­пуб­­ли­касының Тәуелсіз­дігіне – 25 жыл» м­­е­рекелік медал­ьдары­мен, Қазақ КСР Жо­­ғарғы Кеңесі Пре­зи­диумының, Қа­зақ КСР Министрлер Кеңесінің Алғыс хаты­мен, «Кеңес Одағы денсаулық сақ­тау ісінің үздігі», «Қазақстан Республи­касы денсау­лық сақтау ісінің үздігі», «Қазақстан Респуб­ликасы денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін» төс­бел­гілерімен марапатталды. Ардагер аға­мызға «Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы», «Отырар ауданының құрметті азаматы» атақтары берілген. 2013 жылы С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина уни­верситетінің ғылыми кеңесінің шешімімен Қазақстан Республикасының медицина ғылымы мен білімін дамытуға, денсаулық сақ­тау саласына және университет мәрте­бе­сін жоғарылатуға қосқан еңбегі үшін есі­мі «Университеттің Даңқ галерея­сы­на» кіргізілді. А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы Ди­рек­торлар кеңесінің шешімімен хи­рур­гияға сіңірген еңбегі үшін Ал­тын медальмен марапатталды (2014 жы­лы); хирургияға сіңірген еңбегі үшін «Құрметті профессор» атағы берілді (2015 жылы).

«Жақсы адам – елдің ырысы» деген халқымыздың даналығы осындай абзал азаматтарымыздың өнегелі өміріне байланысты айтылған. Тәуелсіз қазақ елінің дамуына, аяғынан нық тұрып кетуіне өнегелі еңбегімен айтулы үлес қосқан Ақаңдар – біздің мақтанышымыз.

Иә, атам қазақ «Бірінші байлық – денсаулық» деп тегін айтпаса керек. Себебі дені сау адам бақытты, халқы сау-саламат елдің ғана болашағы жарқын болады. Ендеше, Ақаң сияқты адамдарға бақыт сыйлайтын алтын қол азаматтар барда жүрек лүпілі ешқашан жаңылмай, елім деп соғып тұратын болады.

 

Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ,

филология ғылымдарының докторы, профессор