Руханият • 27 Сәуір, 2020

Екінші дүниежүзілік соғыс: тұтқындар тағдыры

3202 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

(Соңы. Басы 79-нөмірде)

2. Тұтқындарды елге қайтару

1944 жылы жазда майдан ашылғаннан бері Антигитлерлік одақ елдері өздерінің тұтқынына түскен кеңес әскери адамдарын КСРО жағына беретін болды. Бұл саяси және гуманитарлық маңызы бар жұмыс болғандықтан, екі жақ та оған зор мән берді. КСРО Сыртқы істер халық комиссариаты (1945 жылдан бастап министрлік) КСРО азаматтарын еліне қайтару жұ­мысын қолына алды. 1944 жы­лы қаңтарда КСРО үкіметі жа­ны­нан Репатриация істерінің Басқармасы құрылды. 

Екінші дүниежүзілік соғыс: тұтқындар тағдыры

1944 жылдан Одақтастар (АҚШ пен Англия) жағына қолға түскен әскери тұтқындар елге қай­тарыла бастады. Оларды қай­тару тек кеме жолдары арқылы ғана мүмкін болды. 1944 жылы Мур­манск теңіз портына тұтқыннан қайтқандардың алғашқы тобы келді. Тіптен АҚШ әскерінің қолы­на түскендер Қиыр Шығысқа – Владивосток теңіз портына жеткізілді. Жерорта теңізі, Суэц каналы арқылы Иранға, одан Түрікменстанға жіберілгендер де болды. Бірақ бұлар тұтқындар­дың алғашқы толқыны ғана еді. Олардың арасында қазақтар да кездесті. Құжаттарда жау қолына түскен қазақ жауынгерлерінің есімдері ұшырасқанымен, қазіргі уақытта олардың нақты саны туралы мәлімет жоқ.

1944 жылы 23 қазанда КСРО үкіметі репатриация басқармасы туралы ережені бекітті. Осыдан кейін тұтқындарды еліне қай­тару ісі тұрақты жолға қо­йыл­­ды. 1944 жыл­ы репатриация бас­­­қар­­масының өкіл­дік­тері қа­ра­шада Францияда, Финлян­дия­да, Румынияда, Иранда, Поль­шада (желтоқсанда) құрылды. Осындай өкілдік Германия жеріне бойлай кірген КСРО әскерінің шабуылдары кезінде 1945 жылы 11 наурызда құрылды. Жұмысының ауқымды болғаны сондай, репатриация істері жөніндегі өкілдіктер 1945 жылы 20 мамырда АҚШ-та, 16 мамыр­да Норвегияда ұйымдастырылды. Ал Антигитлерлік одақ елдерінің әскерлері енген Германияның ок­ку­­пациялық зонасының әрқай­сы­сында өкілдік құрылды: Анг­лия зона­сында – 1945 жылы 17 та­мызда, АҚШ зонасында – 1945 жылы 13 тамызда. Барлық май­дандардың (1-Балтық, 1, 2, 3-Белорус, 1, 2, 3, 4-Украина) Әс­ке­ри Кеңестері жанынан ре­пат­риа­ция ісі бойынша арнайы бөлім­дер құрылды. Әрбір әскер бөлімінде тұтқында болған КСРО азаматтары үшін жинау-жөнелту пункттері деген арна­йы қызмет ашылды. Дәл сондай пункттер шетел азаматтары үшін де ашылды.

Репатриация ісі жөніндегі басқарманың өкілдік органдары одақтас республикалар (РКФСР, Украина, Белоруссия, Молдавия, Латвия, Эстония, Литва және т.б.) жерінде де құрылды.

Аталған пункттерге жи­налуына қарай олар әртүрлі топ­қа бөлі­ніп, әрі қарай жөнел­тілді: 1) Ке­ңес Армия­сы­ның қатар­дағы сол­даттары мен сер­жанттары ар­миял­ық жөнелту пункттеріне жі­берілді. Онда құжаттарын тек­серген соң ар­мия­лық және май­дан­дық запас­тағы бөлімдерге ауыстырылды;

2) Немістердің әскери құрама­ларында, арнайы бөлімдерінде қызмет еткендер, полицай бол­ғандар және Власов армиясында болғандар НКВД-ның арнайы лагерьлеріне жіберілді;

3) Кеңес Армиясында офицер болып тұтқынға түскендер де НКВД-ның арнайы лагеріне жіберілді;

4) Әскери емес азаматтар май­дан­дық жинау-жөнелту пункттері мен НКВД-ның шекаралық тек­серу-іріктеу пункттеріне жі­берілді. Онда тексерістен өткеннен кейін әскер бөлімдеріне аттандырылды. Ал қалғандарын бұрынғы тұрақты өмір сүрген жерлеріне жіберген болатын. Бірақ оларға Мәскеу, Ленинград, Киев сынды ірі қалаларда тұруға тыйым салынды;

5) Жетім балалар интернаттар мен балалар үйлеріне үлестірілді.

КСРО үкіметі жағынан репат­риация істері жөніндегі өкіл бел­гілі генерал Ф.И.Голиков болған еді. 1945 жылдың күзіне қарай тұт­қында болған және Германияға күшпен айдап әкеткен КСРО аза­маттарының жалпы саны 6 млн 810 мың 567 адам болды, олар­дың 2 млн 16 мың 480 адамы кеңес әскери тұтқындары еді. 1945 жылдың соңына дейін 5 млн 352 мың 963 адам отанына қайтарылды. Алайда АҚШ, Англия және басқа да мемлекеттер 322 581 адамды әдейі қайтармай, кеңес жағына беруден бас тартқан. Оның да өз себептері бар: кейбір адамдар өз еркімен қайтқысы келмеген болса, фашистік армия қатарында қызмет етіп, көзге ерек­ше түскен адамдар жазадан қауіптеніп, қайтуға үзілді-кесіл­ді қарсылық танытты. Олар­дың арасында жүзден астам қазақ болған.

Жалпы, тұтқында жоба бойын­ша 1 млн 135 мың 23 кеңес азаматы қаза тапты. Еліне қайтарылған адамдарды тексеру кезінде фашис­терге белсенді қызмет еткен 5254 адам тұтқынға алынған.

КСРО басшылығы тұтқында жүр­­ген­дердің ауыр жағдайын біл­ді. Тіп­тен барлаушылар мен ке­ңес тың­шыларының хабар­лары да мұ­ны растағаны да­у­сыз. Бі­рақ КСРО басшылығы фа­шис­тік Гер­маниямен ешқандай бай­ла­ныс­қа барғысы келген жоқ. Сал­дары­нан шыдамы таусыл­ған осал адам­дар жау жағына қыз­метке кір­гені мәлім. Ал жалпы бұ­қара амал­сыздан сондай қадамға барғаны да сөзсіз.

Одақтас елдер болған Англия, АҚШ және Франция оккупациялық зоналарында, жалпы Еуропа ел­дерін­дегі интерндік шараға ұшы­раған тұтқындар екінші қол­ға өткенімен, тұрмыстары ауыр бол­ды. Оның үстіне екі жүйе ара­­сын­дағы қарама-қарсы­лық­тың құрбандығына ең алдымен тұт­­қындар түсті. 200 мың кеңес тұт­қыны бірнеше жақтық комис­сия­ның анықтауынша тек АҚШ зона­сында жерленген. Олар одақтастар жүргізген шайқастарда, онан кейін ауру-сырқау, қиын тұрмыстан өлімге душар болды. 1945 жы­лы КСРО өз әскерін азат ету ба­ры­­сын­да Германиядан алған тер­ри­­то­риясының бір бөлігін келі­сім­шарт бойынша АҚШ жағына берген еді. Сондықтан жоғарыда айтылған 200 мың адамның бір бөлігі сол азат ету ұрыстары кезінде қаза болғандар екені айқын.

1945 жылы мамырда Еуро­падағы соғыс біткен соң Бос­қындар ісі жөніндегі халықаралық ұйымның айқындауынша эм­иг­ранттардың ең көп тобы мына елдерге алынып кетті:

 

1-кесте. Эмиграцияға кеткен кеңес тұтқындары

Қай елге

Қанша адам

АҚШ

319 913

Аустралия

180 477

Израиль

131 987

Аргентина

32 519

Бразилия

28 298

Канада

119 603

Англия

86 202

Франция

38 436

Бельгия

28 460

Венесуэла

17 282

     

Шетелге әкетілгендердің көп­ші­лігі КСРО азаматтары мен Шығыс Еуропа елдерінің ке­ңес әскерлері азат етіп, демокра­тиялық қоғам орнатты деген елдерінен еді.

Батыс державалары саяса­ты­ның насихатымен КСРО-ға қайтпай қалған кеңес азаматтары 24 елге бытырап кетті. Олардың жалпы саны 1952 жылдың басында 451 074 адамды құрады. Оның ішінде 1174 адам Түркияға орнық­ты. Оның 31-і орыс, 251-і – украин, 47-сі – белорус, 6 адам латыш пен эстондық болды. Түркияда КСРО-ның мұсылман халықтарынан 839 адам орналасты. Міне, осы­лардың көпшілігі Түркістан, Татар, Кавказ, Әзербайжан және басқа да Шығыс легиондарының қатарында болғандар.

Тұтқындар фильтрациялық лагерьлерге әр жерден жиналды. Түркістан легионында болып, АҚШ пен Англияның қолына түскендер Италия мен Франция, Югославия, Грекия, Голландия, Бельгия жерінде көптеп кездесті. Олар Одақтастар тұтқынына Атлантика қабырғасын қорғау үшін немістер салған ұрыстарға қатынасқанда, Италияда ағылшын әскерінің қолына оларға қарсы соғысқан кезде түсті.

Батыс елдері, ең алдымен АҚШ пен Ұлыбританияның барлау қызметі тұтқындағыларды еліне қайтпауға, өздеріңе тыңшы болу­ға көндіру мақсатында барлық идео­логиялық айла-тәсілдерді пай­далануға тырысты. Бірінші кезекте олар «сендер фашистердің фор­­масын киіп, әскери антты бұ­зып, өз елдеріңе қарсы қару қол­да­нып соғыстыңдар. Сол үшін КСРО-ға барған кезде сендерді атып тастайды», деп барынша қор­қытты. Одан басқа батыстық демо­кра­тияның артықшылықтары алға тартылды.

Бірақ көпшілігі елге қайтуға асық­ты. Мысалы, Ита­лияда тағ­дыр тәлкегіне түскен тұт­қын­дар кеңес өкілдеріне топ-тобы­мен тап­сы­рылды. 1944 жылы 20 қара­шада кеңес өкілдігіне 11 адам өткізілді: олар лейтенант Хамза Жұ­ма­баев (1918 жылы ту­ған), аға лейтенант Саид Жораев (1924), сержант Сұл­тан Бұзаубаев (1924), сержант Андрей Сейсенғалиев (1911), қатар­дағы жауынгерлер Әйткеш Тол­ғанбаев (1922), Омар Аббасов (1918), Тишқұл Ермеков (1916), Сапа Сұлтанов (1920), Қабыкен Иманқұлов (1917), Владимир Лиалин (1925).

Енді бір топта тағы алты адам бар, олар бұрын 101-атқыштар дивизиясында әртүрлі полктерде қызмет еткен.

1944 жылы 9 желтоқсанда тағы 24 адам, 2 қазанда 14 адам ке­ңес жағына берілді. Бірен-саран өз­бектер, тәжіктер болмаса, бар­лығы да қазақ. Неаполь қала­сында госпитальдарда жатқан түркі­стандықтар да ең алдымен ағыл­шындардың қолында болып, артынан кеңес жағына тапсырылды.

Репатриация ісі барысында кеңес жағына өз азаматтарын қайтару үлкен қиындықтармен өтті. Алғашында АҚШ пен Англия барлау органдары еліне қайтқысы келгендерді өздерінің барлау қызметіне көмектесеміз деген қолхат берсе ғана жіберуге тырыс­ты. Белгілі қазақ ақыны Мағжан Жұмабаевтың 1990 жылдың басында өлеңдер жинағын тұң­ғыш рет қайта бастырған Хамза Абдуллин 1992 жылы 21 ақпанда осы жолдар авторымен төмен­дегідей естелікпен бөліскен еді:

«Мен ағылшындар әскері енген Италия жеріндегі лагерьде болдым. Алдында Францияның Альби қаласына Түркістан легион­дарының штабын орналастырған кезде астыртын сөз байласып, пар­тизандарға өтпекші болдық. Бірақ арамызда жүрген неміс тыңшысы оны жеткізген соң, біз қамауға алынып, жазаға – тіптен атылуға душар болдық. Бізді босатып ал­ған ағылшын әскерлері лагеріне әкеліп, теңіз жолымен елге қайтарып жатты. Бірақ біз­дерді «қайтсаңдар, немістерге қызмет еткендерің үшін КСРО-ға барған бойда атыласыңдар, сон­дықтан қалыңдар», деп үгіттеу­мен болды. Біз көнбеген соң жеке-жеке шақырып, елдеріңе қайтқың келе ме, онда ағылшын барлауына қызмет етемін деген қолхат бер деп қыстады. Англия қайда? Қазақстан қайда? Одан да елге жетіп алайық деп, сондай  қол­хатқа ойланбастан қол қоюға мәжбүр болдық». Дәл осындай әңгімені авторға А.Жәмкен де айтқан еді.

Тұтқындардың ішінде Герман үкіметіне адал қызмет еткен орыс-казак әскери корпусының адам­дары, власовшылар қайтқысы кел­меді. Бірақ оларды кемеге тиеп, 1945 жылы жазда Италиядағы Неапольден жіберген кезде кей­бірі теңізге секіріп, батып өлген. А.Жәмкеннің көзі тірі кезінде 1992 жылы қазанда авторға айт­қан естеліктері бойынша: «Одесса­ға келген кемеден жаралылар­ды түсіріп, госпитальға жіберді. Ішін­де бір аяғым кесілген мен де бармын. Кейін естідік, жаңағы кеме әлдебір себептермен тұтқын­дармен қоса теңізге батып кетіпті деп». Бұл оқиғаны басқа орыс зерттеушілері де баяндайды.

Тұтқында болған А.Жәмкен Ақ­молада құрылған 106-атты әскер дивизиясы пуле­мет­шілер эскадронының жауынгері болған. Харьков түбінде үш-ақ күн ұрыста болып, қоршаудан кейін тұтқынға түскен. Ал ол дивизия Ақмола, Қарағанды, Көкшетау, Солтүстік Қазақстан, Семей об­лыстарының қазақтарынан құрал­ған. Тек Қарағанды облысы­нан ол дивизияға 400-ден астам адам алынған. Солардың ішінде Қар­қаралы ауданынан алынған 33 адамның тұтқыннан екеуі ғана оралған. Бірі А.Жәмкен, екіншісі Қызылбай Оспанов (Маяқин).

КСРО азаматтарын отанына қайтару жұмысы тұтқындар шоғырланған 85 лагерьде жүр­гізілді. Еліне оралған соң тұт­қын­дар кеңес жерінде НКВД ор­ган­­дарының тексеруіне қайта­дан түсті. Мысалы, 1945 жылы шіл­деде кеңес жағына 1 млн 222 мың 767 адам берілсе кейіннен біртіндеп көбейе түсті.

1944 жылы желтоқсанда Ресей Федерациясына 1 206 107 адам, Украинаға 1 466 565 адам, басқа да КСРО республикаларына 790 593 тұтқын келді. Ал жалпы соғыс кезінде Германияға құлдыққа 4 794 087 адам айдап әкетілді. Оған 2 016 480 әскери тұтқын қосыл­ды. Енді мына дерекке назар ауда­райық: КСРО әскерлері ұрыс жүргізген жерлерде 3 млн 277 мың өз адамын азат етті. Ал Одақ­тастар әскері 2 352 686 кеңес аза­матын азат еткен. Олардың 2 038 700 адамы кеңес жағына май­дандар түйіскен жерлерде беріліп, 313 986 адам темір жолдар мен теңіз порттары арқылы қайтарылған.

КСРО-ға қайтарылғандардың 1945 жылдың соңындағы ақпарат бойынша дерегі: 5 352 963 адам, олардың ішінде 1 825 774 әскери тұтқында болғандар, 3 527 189 адам – қарапайым халық (олардың 1 293 095-і ер адамдар, 1 536 650-і – әйелдер, 702 444-і – балалар). Еліне қайта оралған репатрианттардың ұлттық құрамы келесідей:

 

2-кесте. Тұтқыннан қайтып оралғандар

Ұлты

Әскери тұтқындар саны

Орыстар

740 114

Украиндар

460 208

Белорустар

134 776

Грузиндер

25 541

Армяндар

20 657

Еврейлер

4 762

Татарлар

32 178

Өзбектер

29588

Қазақтар

24 448

Қалмақтар

4 087

Башқұрттар

4 578

Түрікмендер

3 791

Карелдер

2 194

Әзербайжандар

21 985

Молдовандар

5 094

Тәжіктер

4 258

Қырғыздар

4 299

Литвалықтар

3 019

Эстондар

2 749

Латыштар

3 456

Финдер

583

Поляктар

2 702

КСРО-ның басқа халықтары

31 586

 

Тұтқыннан босатылған бей­біт ха­лықтың ішінде 2 455 қазақ, 1 446 өз­бек, 1 500 башқұрт азаматы еліне қайтарылғаны үлкен мәселе тудырды. Анықтай келе, автор бұл адамдардың бір бөлігі кезінде сотталып, Украина мен Белоруссия және кейін жау басып алған басқа да жерлерде жазасын өтегендер екеніне көзі жетті. Сонымен бірге 30-жыл­дардағы ашаршылық кезін­де босқын болып Ресейдің Ста­лин­град өлкесіне, Ростов облысына көп қазақтың көшкені белгілі. Жау басып алған кезде оларды фа­шистер басқалармен қатар құл­дыққа айдап кеткені еш талас тудырмайды.

Еліне қайтып оралған түркі­стан­дық қазақ легионерлері және бас­қалары немістер жағында қандай әрекет еткеніне байла­нысты жаза­ға тартылды. Көпшілігі кәсіп­орындарға міндетті жұмыс істеуге жіберілді. Мерзімі үш жыл­дан 7 жылға дейін. Ал фа­шис­тер жағында белсенді қыз­мет еткендер қатаң жазаланды. Он жылдан 25 жылға дейінгі мерзімге сотталды. Өздерінің немістер құрған легионда болғандығынан басқа, тұтқыннан еліне қайтар кезде АҚШ пен Англия барлауына қызмет етуге келісім бергендер ретінде міндетті түрде әртүрлі ұзақ мерзімге сотталды.

Түркістан легионында жүріп, немістер құрған Түркістан ұлттық комитетінің «Милли Түркістан» журналын, оның қазақ тіліндегі нұсқалары мен газетіне редактор болған Хакім Тыныбеков бастаған 49 адам соғыстан кейін Алматыға әкелініп, жауапқа тартылды.

Олардың қатарында соғысқа дейін Қазақ КСР жеңіл және тамақ өнеркәсібі халық комиссары (министрі) болған Нұрхан Сейітов, ақын, журналист, соғысқа дейін Алматыда Журналистика инс­титу­тын бітірген Хамза Абдуллин, музы­кант Әйткеш Толғанбаев және басқалары бар болатын. Соң­­ғы екеуі тұтқыннан босап, үй­леріне оралған соң 6 айдан кейін тұтқындалды.

Нұржан Сейітов 1941 жылы қарашадан бастап Ақмолада құрылған қазақтың 106-атты әскер дивизиясында комиссар болған. Ал Хакім Тыныбеков соғысқа дейін Алматыдағы педагогикалық институтты бітіріп, КСРО Ғы­лым академиясының Қазақ филиа­лында ғылыми қызметкер болып істеген. Білімді тіл маманы бол­ғандықтан, немістер шығарған «Милли Түркістанға» бас редактор болып тағайындалған. Нұрхан Сейітов Түркістан комитетінде аға нұсқаушы болып, тұтқында жүргенде Кеңес өкіметіне қарсы бірнеше кітапша жазған наси­хатшы қызметін атқарды. Бұлар­ды НКВД органдары елге жет­кізгеннен кейін бостандыққа шы­ғар­май, Алматыға әкеліп, тергеуге тапсырған.

Хамза Абдуллин де журналист ретінде Түркістан комитетінің қазақ газетінде Мәжит Айтбаев, Мәулекеш Қайболдиндермен бірге істейді. «Мені Түркістан комитеті газет жұмысына жіберді. Редакцияға кіріп келсем, соғыстың басында ғана өзім қызмет еткен «Социалистік Қазақстан» газе­тінің редакциясына қайта келген­дей болдым. Онда өзіммен бірге істеген Мәжит Айтбаев пен Мәу­лекеш Қайболдиндер отыр екен» деп еске алған еді осы жолдар авторына 1992 жылы ақпанда Х.Абдуллин.

Сотқа қырғыз, өзбек, тәжік, түрікмен ұлтының өкілдері тұт­қында жүріп немістер құрған Түркі­стан комитетінде жауапты жұ­мыстарды атқарғандар да тар­тылды. Барлығы 49 адам. 1947 жы­лы 18 сәуірде бәрі сотталып, өлім жазасына кесілгендер КСРО-да сол кезде мұндай жаза алынып тас­талғандықтан, 25 жылға лагерь­ге айдалды. Х.Абдуллин 10 жылға сотталды.

Жергілікті НКВД органдары облыстарда да тұтқыннан үйіне оралғандарды біртіндеп соттай бастады. Магадан, Иркутск об­лысының Черемхово, Колыма және басқа лагерьлері енді тұтқын­­да болғандардың тұрағына айнал­ды. Қиналған Х.Тыныбеков ла­герьде қайтыс болды.

1955 жылы 18 қыркүйекте КСРО Жоғарғы Кеңесі соғыс кезінде неміс­­терге жәрдемдескендерге амнис­­тия жариялап, 1955 жылдың желтоқсанында олар үйлеріне қай­тарылды. Ауыр науқастанып ауру­хана­да жатқан Н.Сейітов бостан­дыққа шығуға шамасы жетпей, 1956 жылы ақпанда Колымадағы лагерь ауруханасында көз жұмды.

Тұтқында болғандар үйлері­не қайта­рылып, рақымшылық жасал­ғаны­мен, олардың соғыста болды деген құқы қайтарылма­ды. Бұл әділетсіздік 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алған­ға дейін жалғасты. Дегенмен еге­мендік алғаннан кейін де неміс тұтқынында болған қазақ жауын­герлерінің тағдыры айтар­лықтай өзгеріске ұшыраған жоқ. Тек 2015 жылы, яғни Жеңістің 70 жылдық мерейтойына орай Қазақстан Президенті архиві­нің күш салуымен неміс тұтқы­нында болған, көзі тірі қазақ жауын­гер­леріне Германия жағынан өтемақы қайтару бағытында ауқым­ды жұмыс атқарылды. Бірақ Екін­ші дүниежүзілік соғыстың зардабы ауыр екендігі сөзсіз. Тұтқындар тағ­дыры – соның бір айғағы.

 

Қайдар Алдажұманов,

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты