Аймақтар • 27 Сәуір, 2020

Атырау: Мұнайшылар сыйы – 1 млн теңге

772 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Төтенше жағдай кезінде медицина мен полиция қызметкерлеріне қолдау көрсетуге ұмтылған еріктілер  көбейе түсуде. Солардың қатарында отандық мұнайшылар да бар.

Атырау: Мұнайшылар сыйы – 1 млн теңге

– «Ембімұнайгаз» АҚ-да  еріктілер қызметі жолға қойылған. Бұл жолы компания ұжымы  карантиндегі медицина және полиция қызметкерлеріне материалдық көмек көрсетуге қолдау білдірді. Осы мақсатта компанияның басқару аппаратының басшылық құрамы мен «Мұнайшы қыз» клубының мүшелері жеке қаражаты есебінен 1 миллион теңгеден астам ақша жинады. Бұл қаражат жоғарыда аталған сала қызметкерлерін қолдау ретінде аударылады, - деді «Ембімұнайгаз» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, «Мұнайшы қыз» әйелдер клубының төрағасы Рысты Тасмағамбетова.

Компанияның қоғаммен байланыс қызметінің хабарлауынша, бұған дейін «Ембімұнайгаз» АҚ  облыс әкімдігінің сұранысымен Атырау қаласының Береке ықшамауданындағы тұрғын үйлерде оқшауланған азаматтарды тұрмыстық бұйымдармен, азық-түлікпен, сондай-ақ, күнделікті тұтынуға қажетті заттармен қамтамасыз етуге демеушілік жасады. Сонымен бірге, соңғы бес жылда компаниядағы  еріктілер қызметінің  бастамасымен қазақстандық көпбалалы 21 отбасы тұрғын үймен қамтылды. Ал, былтыр бұл ұжым  республикалық «Арыс. Біз біргеміз!» акциясына қатысып, Арыс қаласындағы аз қамтылған көпбалалы отбасылардың 400-ден астам оқушысына мектепке қажетті құралдар мен киім-кешектер алып берген еді. Мұндай көмекті Атырау қаласы мен аудандардағы  әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың 70 баласы алған.